Фото: Х
Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдары аясында кез келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге толық әскери дайын екенін мәлімдеді. Осы мазмұндағы хабарлама ведомствоның Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған.
Иран тарапынан жасалған ашық шабуылдар басталғалы бері БАӘ-нің әуе қорғаныс жүйелері жалпы саны 549 баллистикалық зымыранды, 29 қанатты зымыранды және 2260 ұшқышсыз ұшу аппаратын жойған. Соққылардың салдарынан зардап шеккендердің жалпы саны – 227 адамға жеткен, олардың қатарында түрлі елдердің азаматтары да бар.
Ресми дерек бойынша, әскери қызметшілер арасында 3 адам қаза тапқан. Олардың бірі қарулы күштермен келісімшарт негізінде жұмыс істеген азаматтық қызметкер болған. Ал бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар саны 10 адамға жеткен.
БАӘ Қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекетке қатаң қарсы тұратыны айтылған. Ведомство өздерінің толық әскери дайындықта екенін, мемлекеттің егемендігін қорғау, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық мүдделерді сақтауға бар күшін салатынын жеткізді.