Елорда • Бүгін, 13:15

Былтыр Астанада 14 бала терезеден құлап, көз жұмған

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында жылы мезгілдің келуімен балалардың терезеден құлау қаупі күрт артып отыр. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаменті, әкімдік және еріктілермен бірлесіп «Қауіпсіз терезе» акциясын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Былтыр Астанада 14 бала терезеден құлап, көз жұмған

Фото: Ашық дереккөз

ТЖД мәліметінше, биыл Астанада балалардың терезеден құлауына байланысты 5 оқиға тіркелген. Оның екеуі өкінішке қарай қайғылы жағдаймен аяқталған. Ал өткен жылы 58 жағдай тіркеліп, 14 бала көз жұмған. Қауіптің қатерін сейілту мақсатында акция аясында қала бойынша мыңға жуық терезе блокираторы орнату жоспарланған. Осы мақсатта мамандар ең алдымен әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларға басымдық беріп, алдын ала жасалған тізім бойынша үйлерді аралады. Тұрғындардың келісімімен қауіпсіздік құрылғылары тегін орнатылып, түсіндіру жұмыстары жүргізді.

Астанада көпқабатты үйдің терезесінен құлаған бала қаза тапты

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың көпшілігі балалардың москит торына сүйенуінен болады. Алайда торлар баланың салмағын көтере алмайды.

«Сондықтан ата-аналарға терезелерге арнайы блокираторлар орнату, терезе маңына жиһаз қоймау, балаларды қараусыз қалдырмау ұсынылады. Қолданылып жатқан блокираторлар терезенің толық ашылуына жол бермей, тек шағын саңылау қалдырады», деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Әли Арғынбаев.

Профилактикалық іс-шара аясында төтеншеліктер Абай көшесі, 63-үй тұрғындарының пәтеріне де арнайы терезе қорғаныш құрылғыларын орнатты. Астаналық тұрғын Жұпаргүл Сыванова айтуынша, олардың өзінің 21 немересі бар, оның бесеуі осы шаңырақта тұрады. Кешкі уақытта тағы екі немересі келіп тұрады. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі – отбасы үшін аса маңызды мәселе.

«Бұрын балалар терезеге жақындаған сайын қатты қорқып отыратын едік. Үйімізде немерелер көп болғандықтан олардың қауіпсіздігі біз үшін ең маңызды мәселе. Бүгін арнайы келіп, терезеге қорғаныш құрылғысын орнатып берген мамандарға үлкен алғысымды білдіремін», деді елордалық тұрғын Жұпаргүл Сыванова.

«Терезе - SAFE»: Баланы терезеден құлаудан қалай қорғаймыз?

Бұған дейін балалар терезеге жақындаған сайын алаңдап отыратынын жеткізген 8-қабаттағы тұрғын Айжан Мұсажанова да қауіпсіздік құрылғысы орнатылғаннан кейін көңілдері тынышталғанын жеткізді.

«Мен сегізінші қабатта тұрамын. Үйде бір жасар кішкентай балам бар, сондықтан оның қауіпсіздігі біз үшін ең маңызды мәселе. Терезе кез келген уақытта ашылып кетуі мүмкін, сол себепті мұндай қорғаныс құралдарының орнатылуы өте қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда балалардың терезеден құлап кетуіне қатысты түрлі жағдайларды күнделікті интернеттен көріп жүрміз. Сондықтан осындай алдын алу шараларының қолға алынғаны өте маңызды», деді Айжан Мұсажанова.

Петропавлда 2 жасар бала терезеден құлап кетті

Төтенше жағдайлар департаменті қауіпсіздікке бағытталған мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.

Нұрболат АМАНБЕК

Соңғы жаңалықтар