Фото: Ашық дереккөз
Министрдің айтуынша, аталған кезеңде ана мен бала денсаулығының негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Сондай-ақ нәресте және перинаталдық өлім деңгейі де төмендеген. Бұл нәтижелер денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар мен заманауи медициналық стандарттарды енгізудің жемісі ретінде бағаланып отыр.
Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова климат өзгерісінің денсаулыққа әсері күшейіп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл фактор демографиялық үдерістерге және медицина жүйесінің тұрақтылығына ықпал етіп отыр. Температураның көтерілуі мен экологиялық өзгерістер инфекциялық және жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырып, әйелдердің репродуктивтік денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Динара Зәкиева: Жаңа Конституцияда ана мен балаға ерекше қорғау қарастырылған
Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында жүкті әйелдерді ерте бақылауға алу күшейтілген. Қазір жүкті әйелдердің 90%-дан астамы 12 аптаға дейін есепке алынады.
Бұдан бөлек, «Бір күндік клиника» жобасы енгізіліп, туа біткен ақаулар мен хромосомалық патологиялар қаупін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беруде. Жоба аясында әйелдер қысқа уақыт ішінде толық тексеруден өтіп, қажетті кеңес алады.
Сондай-ақ елімізде жасөспірімдердің репродуктивтік және психикалық денсаулығына қатысты алдын алу және кеңес беру жұмыстарын жүргізетін жастар денсаулық орталықтары жұмыс істеп келеді.