Сурет: aqshamnews.kz
Көңіл құлазып, жан жабырқап тұр. Кеше ғана қатар жүрген, арамызда жүре беретіндей көрінген қос тұлғаның бірінен кейін бірі аттануы өмірдің өткінші екенін сезіндірді. Екеуін тоғыстырған ортақ қасиет – халыққа деген шексіз сүйіспеншілік пен өнерге деген адалдық. Ас-аға театрдан шеттеп кеткенде арамызға қосып, қара шаңыраққа қайта оралуына себепші болған да Есмұхан аға еді. Ас-ағадан ұзақ уақытқа ажырағысы келмегендей, маусым айында толар 85 жас мерейтойына да қарайламай, замандасының соңынан кете барды.
Ес-аға – саналы ғұмырын сахнаға арнаған, театр өнерін тіршілік көзіне айналдырып, ұлт рухымен ұштастырған тұлға. Ағаның еңбек жолына көз жүгіртсек, қайраткерлік болмысы айқын көрінеді. Ұзақ жылдар бойы Семей театрын басқарып, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Жиырма жыл бойы табанды еңбек етіп, театрды жаңа деңгейге көтерді, көрерменнің ықыласына бөленген рухани ордаға айналдырды. Бұл – ұйымдастырушылық қабілеттің мықтылығы, өнерге деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Ал 2001–2013 жылдар аралығында қазақ өнерінің қара шаңырағын басқаруы – оның кәсіби біліктілігінің өскенінің, беделінің биіктегінінің дәлелі.
Есмұхан Обаев – он үш жыл бойы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрдың ұжымына жетекшілік етіп, ұлттық театр өнерінің дамуына өз қолтаңбасын қалдыра алған жан. Бұл кезеңде де ол шығармашылық ізденісін тоқтатпай, сахна мәдениетінің биіктеуіне ықпал етті. Ес-аға тек басшы емес, ол – ұстаз, ол – тәрбиеші, өнердің жанашыры еді. Оның тәрбиесін көрген жас актерлер мен режиссерлер бүгінгі таңда қазақ сахнасының мақтанышына айналды. Өздері де «Обаевтың шәкірттеріміз» дегенді мақтанып айтады.
Ес-аға сәбидей сенгіш, баладай аңғал, аңқаулығы да бар, өзіне ғана жарасатын ерекше мінездің иесі-тін. Қарапайым еді, сонысымен ұлы еді. Күні кеше ғана ортамызда жүрген жайдары адам туралы «еді...» деп өткен шақта жазу қандай ауыр! Ол Ас-ағаны жалғызсыратқысы келмеді ме екен?
Жаңа қойылымдарды көруге театр залының ортасымен асықпай, аяңдап кеп көрермен арасындағы өз орындарына жайғасатын, қауқылдаса көрісіп, әдемі әзілдерімен қағыса жөнеліп, кеңкілдей күлетін Есмұхан ағаның бейнесі ешқашан көз алдымыздан кетпес! Қош, асыл аға!
Бекжан ТҰРЫС,
актер