Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында құзырлы орган өкілдері жақында тағы бір жобаны жүзеге асырды. Олар Тараз қаласының көшелеріне жол апаты кезінде жарамсыз күйге түскен көліктер мен мопедтердің қаңқасын тізіп қойды. Облыстық полиция департаментінің басшылығы осындай ауыр көрініс арқылы апат санын азайтуға бел буып отыр. Полицейлер бұл жоба алдағы уақытта өз нәтижесін беретініне сенімді.
«Өңірде көлік апатының санын азайту мақсатында жоспарға сай жұмыс істеп жатырмыз. Биыл үш айда өңірде 377 жол-көлік оқиғасы тіркелгені анықталып отыр. Салдарынан 32 адам өмірімен қош айтысса, 564 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Әрине, асығыстық салдарынан адамдардың жан тапсырғаны, дене жарақатын алғаны бәрімізді ойлантады. Қоғамның басты құндылығы адам екенін ешкім қаперден шығармағаны жөн. Қолға алынған нақты жұмыстың нәтижесінде үш айда жол-көлік апатының санын – 0,3, қаза болғандар санын – 3, зардап шеккен азаматтар санын 5 пайызға төмендеттік. Әрине, алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы толастамайды», дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Ержан Мананбаев.

Қала тұрғындарының айтуын-ша, полиция департаменті іске асырып жатқан жаңа бастама көлік тізгіндеген азаматтарға ой салады. Жалпы, осы бағытта қолға алынған іс-шаралар арқылы жол апатын азайтуға мүмкіндік мол. Өйткені құзырлы орган қызметкерлері шаһар халқымен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр.
«Күре жолда тіркелген кез келген жол апаты жан түршіктіреді. Көліктердің қираған қаңқасын былай да көріп жүрміз. Әр азаматтың отбасы, үйінде күтіп отырған балалары мен бауырлары бар екенін жүргізушілер ұмытпаса деген тілек көкейде атойлап тұрады. Қаланың әр тұрғыны осыны түсінсе игі. Көшеге қойылған көлік қаңқалары «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген сөзді еріксіз еске түсіреді. Қалай алып қарасақ та, көшедегі көрініс жүргізушілердің жауапкершілігін арттыратынына сенім мол. Ең бастысы, әрбір азамат қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін сезінсе, жол апаты да азаяды. Сондықтан да көлік жүргізушілері барынша жол ережелерін сақтағаны дұрыс», дейді қала тұрғыны Қайсар Қайратұлы.
Тас-талқаны шыққан көліктер шеруі кімді де болсын ойлантпай қоймайтыны анық. Ал полиция қызметкерлері осындай қадамға бару арқылы жолда жүрген жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтеміз дегенді алға тартып отыр.
Акцияға жас жол инспекторлары да белсенді қатысты. Мектеп оқушылары қала көшелеріне қателікке жол бермеу, қауіпсіздікті сақтау туралы жазылған арнайы ақпараттық баннерлерді ұстап шыққан. Осылайша, жеткіншектер жолдағы балалар қауіпсіздігіне баса мән беру керектігін барынша түсіндіргісі келді.
Тараз