Медицина • Бүгін, 08:02

Кейуанаға күрделі операция жасады

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында дәрігерлер 95 жастағы науқасқа бірегей жоғары технологиялық күрделі операция жасады. Пациенттегі аорталық қақпақша транскатетерлік әдіспен (TAVI) ауыстырылды. Операция науқастың кеуде қуысын ашпай, жүрек соғысын тоқтатпай жүргізілуімен ерекшеленді. Мұндай операция жыл басынан бері үш науқасқа сәтті жасалғаны қуантады.

Кейуанаға күрделі операция жасады

Аорталық стеноз – егде жаста жиі кездесетін әрі өмірге қауіпті дерттің бірі. Бұл ауру уақытында емделмесе, жүрек жеткіліксіздігіне әкеліп, науқастың өмірін қысқартады. 90 жас­тан асқан адамға дәстүрлі ашық операция жасау өте қауіпті. Осыны ескерген дәрігерлер науқасқа ең қауіпсіз әрі тиімді әдісті – аз инвазивті TAVI технологиясын таңдады.

Бұл әдіс кезінде жаңа қақпақша сан артериясы арқылы енгізілген жұқа катетердің көмегімен жүрекке жет­кізіледі. Яғни кеуде сүйегі кесіл­мейді, жасанды қан айналымы аппараты қолданылмайды. Мұндай тәсіл, әсі­ре­се, жасы үлкен науқасқа аса маңызды.

Дәрігерлер TAVI әдісінің негізгі артықшылығын атап өтті. Біріншіден, ол ағзаға түсетін жүктеменің аз болуына, тез қалпына келуіне, ауруханада жату мерзімінің қысқаруына, сондай-ақ операциялық тәуекелі жоғары науқастың дертінен айығуына мүмкіндік береді. Ангиохирург Арман Садықов: «Науқастың жасы – үлкен қауіп факторы. Соған қарамастан, қазіргі медицинаның мүмкіндіктері осындай күрделі жағдайда да тиімді көмек көрсетуге жол ашып отыр. TAVI – ауыр операциясыз өмір сүруге берілген мүмкіндік», дейді.

Басқарушы компанияның бас директоры Жұмағали Исмаилов пациенттің жасына қарамай, барлығына сапалы әрі қауіпсіз меди­циналық көмек қолжетімді екенін тілге тиек ете келіп, 2023 жылы 97 жастағы қарияға, одан кейін 103 жас­тағы кейуанаға сәтті операция жасалғанын айрықша атап өтті.

«Жүзге таяған анамызға осындай операция жасау мүмкіндігі барын білмеген едік. Дәрігерлерге кәсібилігі мен жанашырлығына, асыл анамыздың өмірін ұзартқанына шын жүректен алғыс айтамыз», деген кейуананың туыс­тары да дәрігерлерге ризашылығын білдірді.

Бүгінде TAVI – жүрек қақпақ­ша­сы ауруларын емдеудегі ең зама­науи әрі тиімді әдістердің бірі. Егде жастағы науқастардың өмір сапасын­ жақсартуға  жәрдемдесетін меди­цинадағы тың тәсіл.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар