Қоғам • Бүгін, 10:10

Қалдықты кәсіп көзіне айналдырды: Ауыл тұрғыны ерекше экологиялық жобаны іске асырды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Ақсу ауылының тұрғыны Владислав Голярко қарапайым қоқыстың да үлкен өзгеріске бастай алатынын дәлелдеді, деп жазады Egemen.kz

Қалдықты кәсіп көзіне айналдырды: Ауыл тұрғыны ерекше экологиялық жобаны іске асырды

Ол Жаһандық экологиялық қор мен БҰҰ Даму бағдарламасынан шағын грант алып, өз ауылында қалдықтарды бөлек жинауға арналған алғашқы контейнерлерді орнатқан.

Бастапқы идея өте қарапайым болды – тұрғындарды қоқысты сұрыптауға ынталандыру. Бүгінде ауыл тұрғындары пластик, шыны және қағазды бөліп, арнайы контейнерлерге салады. Әр килограмм үшін тұрғындар шамамен 30 теңге алады. Ал компания бұл шикізатты зауыттарға 100 теңгеден өткізеді.

Жиналған қалдықтарды Владислав өзі алып кетіп, арнайы алаңға жеткізеді. Ол жерде шикізат тазартылып, престеледі, кейін қайта өңдейтін зауыттарға сатылады. Түскен табыстың бір бөлігі қайтадан ауыл тұрғындарына қайтарылады – олар бұл қаражатты қайда жұмсауды өздері шешеді.

Жүйе жолға қойылған соң, ыңғайлы болу үшін мобильді сервис те іске қосылды. Оның жұмысы такси шақыру қағидатына ұқсайды: тұрғындар сұрыпталған қоқыстың суретін жіберіп, мекенжайын көрсетеді, ал компания келіп, қалдықтарды алып кетеді.

Жалпы, қалдықтарды бөлек жинау әлемнің көптеген елінде бар тәжірибе. Алайда Қазақстанның ауылдары үшін бұл – әлі де жаңа бағыт. Ақсу ауылында бұл өзгеріс бір қарапайым тұрғынның үйінің маңындағы бейберекет қоқыстан шаршауынан басталған.

Жоба авторының айтуынша, қоқыс алаңдарын екінші реттік шикізат маркетплейсіне айналдыру қажет. Яғни, бұл – тұрғындар өз қалдықтарын әкелетін және қайта өңдеуге жарамды шикізатты кәсіпкерлер немесе қызығушылық танытқан тұлғалар сатып алатын орын. Кейін олар бұл шикізатты зауыттарға өткізе алады. Осындай тәсіл адамдардың қоқысқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Қазір Владиславтың жүйесінде:

  • 1000-нан астам отбасы;
  • 200-ге жуық кәсіпорын;
  • 11 мектеп;
  • өндірістік цехта 12 қызметкер бар.

Жылына 300 тоннадан астам шикізат қайта өңделеді. Ал ең бастысы – ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.

Соңғы жаңалықтар