Құқық • Бүгін, 09:15

Миранда қағидасы «Үндемеуге құқыңыз бар»

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Енді Ата заң мәтіні кеңінен таратылып, ақпараттық-түсіндіру жұмысы басталмақ. Өйткені жаңа заңға Халық кеңесі, Вице-президент институты, Миранда қағидасы секілді әлемдік тәжірибедегі ұғымдар енгізілді. Осылардың ішіндегі Миранда қағидасы дегеніміз не? Халықаралық стандарт неліктен Ата заңға енгізілді?

Миранда қағидасы «Үндемеуге құқыңыз бар»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Сіздің үндемеуге құқыңыз бар. Айтқандарыңыздың бәрі сотта сізге қарсы қолданылуы мүмкін. Сіздің адвокат шақыруға құқығыңыз бар. Егер адвокат жалдауға қаражатыңыз болмаса, оны мемлекет қамтамасыз етеді». Бұл сөзді құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдіктіні ұстаған кезде айтуға тиіс. Өйткені тергеудің алдында әрбір адамға құқығы түсіндірілуі керек. Миранда қағидасы осыны көздейді. Ал егер ұсталған адамға құқығы айтылмаса, оның тергеу кезінде берген жауаптары кейін өзіне қарсы болып, сотта айғақ ретінде пайдаланыла алмайды.

Миранда қағидасы 1966 жылы АҚШ Жоғарғы Соты қараған Эрнесто Миранда ісінен кейін қалыптасты. Эрнесто Миранда ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталып, екі сағат тергелген соң, өз кінәсін мойындаған. Өйткені ол үндемеуге, адвокат көмегіне жүгінуге болатынын білмеген. Мұны байқаған сот Мирандадан алынған жауаптарды заңсыз деп танып, осы оқиғадан кейін полицияға күдіктіні жауапқа алмас бұрын оған құқықтарын ескертуді міндеттейді.

Ең алдымен «Миранда ережесі» дегеніміз не деген сұраққа жауап беріп көрейік. «Қарапайым тілмен түсіндірсек, «Миранда ережесі» де­геніміз адамды құқық қорғау қыз­мет­керлері қандай да бір қылмысқа күдікпен ұстағанда, ұстау себептері мен адамның қандай құқықтары бар екен­дігін түсіндіретін құқықтық норма», дейді Бас прокурордың аға көмекшісі Берік Үйсінбаев.

«Атап айтқанда, ұстап алу ке­зін­де қылмыстық қудалау орга­нының лауазымды адамы, оның қандай қылмыстық құқық бұзу­шылық жасады деген күдік бойынша ұстап алын­ғанын ауызша хабарлап, оған бірінші – қорғаушы шақыру, екінші – үнсіздік сақтау құқығын, үшінші – оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екенін түсін­діруге тиіс. Бұл норма жаңа Конституцияның 18-бабы 3-бөлігіне енгізілді. Бұрын халықаралық қағидат Қылмыстық-процестік кодекстің 131-бабының 1-бөлігінде де белгіленген еді», деген Бас прокурордың аға көмекшісі бұл ережелердің Негізгі заңымызға енуі оны жоғарғы заң күшіне ие болғанын білдіретінін де атап өтті.

«Бұл норма адамның өзін-өзі жалған айыптаудан қорғап, әділ қылмыстық процестің жүргізілуіне бағытталған. Адам өз құқықтарын білсе, «Миранда ережесін» өзін қорғау үшін тиімді пайдалана алады. Сондықтан да қазір осы ережелерді қарапайым халыққа БАҚ арқылы түсіндіруге ерекше мән беріліп отыр. Бұдан бөлек бұл қағи­даттар бәріне қолжетімді заң кітап­тарында да бар. Тек оларды дұрыс пайдалана білуі керек», дейді Берік Нариманұлы.

«Халықаралық ережелерді Ата заңға енгізгеннен не өзгереді?» деген сұрағымызға жауап берген заңгер Серік Сыдықов мемлекеттің ең басты міндеті конституциялық тәртіп пен заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету екенін алға тартты. «Бүкіл мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік ұйымдар, жекелеген лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақ­талуына аса мүдделі. Бұл ретте аза­маттардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, сондай-ақ заң­дар­дың нақты орындалу тетік­терін күшейту айрықша маңызға ие. Осыған байланысты елі­міздің жаңа Конституциясының 18-бабының 3-тармағында көзделген «әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсін­діріледі» деген қағида енгізіл­ді», дейді ол.

Заңгердің айтуынша, жалпы адам ерте заманнан-ақ әділдікке ұмты­лып келеді. Әділдіктің құқық­тық сана тұрғысындағы мәні мен маңызы – барша адамзаттың әлеу­мет­тік еркіндігі мен теңдігі, әдеп, құқық, заң алдында тең, бірдей мүм­кіндікке ие. Ал бұл заман тала­бына сай жаңа мақсаттарға қол жеткізуде мемлекеттілікті нығайту, адам құқықтарын сақтау кепіл­діктерін арттыру мәселелері қалып­тас­қан құқықтық жүйені жетілдіру арқылы жүзеге асырылады.

«Бұл – заңды құбылыс. Жуырда қабылданған жаңа Конституцияда еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Мемлекет­тің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дық­­тары. Әділдіктің басты өлшемі – адам құқық­тары теңдігін қам­тамасыз етіп жүзеге асыру. Ен­гізілген Миранда қағидасы – осы әділ­діктің бір кепілі», деді заңгер.

Негізі «Миранда ережесі» 2015 жылы еліміздің Қылмыстық-про­цес­тік кодексіне енгізілген. Ал қазір Конституцияда норма ретінде қарас­тырылады. С.Сыдықовтың айтуынша, еліміздің 1995 жылы қа­был­­данған Конституциясының 16-бабының 3-тар­мағында ұсталған, тұт­­қын­да­л­ған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол кез­ден бастап, адвокаттың (қорғау­шы­ның) көмегін пайдалану құқығы ғана қарастырылған.

«Сонымен қатар осы Конститу­ция­ның 77-бабының 3-тармағының 6) және 7) тармақ­ша­лары бойынша айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге мін­дет­ті емес екенін және ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шек­тегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес екені жөнін­дегі қағидатты тек судья заңды қолданған кезде басшылыққа алуға тиіс екені туралы ереже бел­гіленген. Осылайша, күдіктінің «үнсіздікті сақтау құқығы» Қыл­мыс­тық-процестік кодексте қарас­ты­рылғанына қарамастан, 1995 жылғы Конституцияда нақты­лан­ба­ғанын байқауға болады. Осы­ған байланысты жаңа Кон­сти­туцияда әр адамға ұсталған сәтте бос­тандығын шектеу негіздері және оның құқықтарын түсіндіру жөніндегі құқығын нақты белгілеу қажеттігі туындады. Ұсталған неме­се тұтқындалған адамның жо­ға­рыда аталған құқығының конс­титуциялық қағидат  деңгейіне көте­рілуі олардың құқықтарын қор­ғау кепілдіктерін барынша күшейт­пек», деп түсіндірді заңгер.

Қазір «Миранда ережесі» секілді заң талаптары Ұлыбритания, Аустра­лия, Германия, Франция мен Ре­сейде енгізілген. С.Сыдықов атал­ған қағидаттың тарихын да айтып өтті. Оның айтуынша, әуелде ежелгі римдіктердің қылмыс­тық іс жүргізу процесінде бұл құқық­тық ұғым «Nemo tenetur se ipsum accusare» (Ешкім өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес) қағи­да­­сына негізделген. Кейінірек XIII ғасырдың аяғына таман мұндай қағида Англияда да белгіленді. Уақыт өте келе «ешкім өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес» деген қағида ағылшын-саксондық құ­қық жүйесіндегі елдердің барлы­ғын­да дерлік қолданылатын болды. Ал АҚШ-та бұл қағида конс­ти­туциялық қағидат деңгейіне көте­рі­ліп, АҚШ Конституциясына ен­гізілген V Түзетуге сәйкес «Еш­кім­ді қылмыстық іс бойынша өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеуге жол берілмейді» деп белгіленді. Сондықтан АҚШ-та «Үнсіздік сақтау құқығы» айып­та­лу­шының ең басты құқығы болып есептеледі.

«Жалпы алғанда, «Миранда ереже­сінің» мазмұны: адам қамау­ға алынған сәттен бастап немесе қан­дай да бір басқа себептермен құзырлы органдар тарапынан оның бостандығы шектелген жағ­дай­да, жауап алуға тартылған кезде азаматтың өзін-өзі кінәламау құқы­ғына қауіп төнетіндігінде. Адамның осындай құқығын қорғау үшін тиісті процестік кепілдіктер қарас­тырылуы қажет. Ол үшін күдік­тіден жауап алардың алдында оған «ешкім өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес» екені жөніндегі құқы­ғын, адвокаттың көмегін пайдалануға құқылы екені, егер ол адвокат көмегін пайдалануға мүмкіндігі жоқ болса, қорғаушының мемлекет есебінен тағайын­далатыны міндетті түрде ескер­тілуі қажет. Мұндай ескерту нақты әрі түсінікті терминдер арқылы ұғын­дырылуы қажет», дейді заңгер.

Ал Ақмола облысының Шортанды аудандық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетов Конституцияда бекітіл­ген «Миранда ережесі» отандық құқық қолдану тәжірибесіне серпіліс жасай отырып, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынын алға тартты. «Себебі құқықты қамтамасыз етудің негізгі ережелері соны қол­данатын мемлекеттің халықаралық қаты­настар орнатуға ашықтығын куәлан­­дырып, экономикалық, инвести­циялық, ғылыми, туристік әлеуетін арттырады», дейді судья.

«Қазақстан ең басты заңына «Миранда ережесін» енгізе отырып, мемлекет адам құқықтарын сақтау мен қамтамасыз ету құқықтық сая­сат­тың басты міндеті екенін айқын­дайды. Өз кезегінде бұл құқық қорғау органдарының жазалау саясатынан арылып, қылмыстық іс жүргізу аясына тартылған адамдардың құқық­та­рын қамтамасыз ету арқылы әлеу­меттік әділдікті орнатуға бет бұруына итермелейді. Еліміз адам құқық­та­рының халықаралық стандарттарын өзінің Негізгі заңында бекіту арқылы ұлттық заңдар мен адам құқықтарын қорғауда халықаралық стан­дарттарды басшылыққа алатынын да кепілдендіреді», деген Қасым Қалмағамбетов Негізгі заңға енгізілген соңғы өзгерістерді насихаттау мәселесіне де тоқталды. «Бұл бағыттағы жұмысқа заңгер, журналист, академиялық қауымдастық өкілдерін кеңінен тартқан дұрыс. Халық жан-жақты хабардар болып, сол жұрт конституциялық қағи­далардың сақталуын талап еткенде ғана жаңа ережелер күнделікті қолданысқа еніп, құқық қорғау органдары гуманистік қағидаттарға толықтай бет бұрады», дейді ол.

Соңғы жаңалықтар