Таяуда Семейде жаңа автобустар ел игілігіне берілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап қаладағы тасымалдаушылар автопарктерін жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның аясында «АвтоТрансСемей», «Семавтопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Семейде құрастырылған заманауи 32 автобус сатып алды.
«Жаңа көліктер жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз. Автобустың сыйымдылығы 100 адамға дейін, барлық көлікте салқындату құрылғысы орнатылған. Сонымен қатар қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу мақсатында автобустар реттелетін отырғызу алаңымен, арнайы аппарельмен жабдықталған», делінген әкімдіктің мәліметінде.
Облыс әкімі Берік Уәли өңірде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді. «Автобустардың барлығы заман талабына сай жабдықталған. Жолаушыларға өте қолайлы. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Жолаушы тасымалдаушыларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», деді өңір басшысы.
Әкімдіктің мәліметінше, биыл қалаға 70-ке жуық жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Қазір 46 автобус сатып алынды. Оның 14-і жылдың басында берілген. Былтыр қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында 62 автобус сатып алынған болатын. Қазір Семейде 43 қалалық маршрутта 329 автобус жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 5 тасымалдау-шы қызмет көрсетіп отыр. Алайда бұл осы саладағы жұмыс түбегейлі шешілді дегенді білдірмесе керек.
Бұл істе жергілікті өндірістің рөлі ерекше. 2025–2026 жылдардағы ресми хабарламаларда автобустардың Семейде құрастырылғаны айтылды. Демек, мәселе тек дайын көлік әкелумен шектелмейді. Қалада көлік жаңарту өндіріс, жұмыс орны және инфрақұрылымдық саясатпен сабақтасып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Семейдегі автобус паркін жаңарту көлік саласындағы ғана емес, жергілікті экономиканы қолдайтын қадамдардың бірі деуге болар.
Расында, былтырдан бері жолаушылар көлігі мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Қоғам тарапынан аталған мәселе жиі көтерілді. Облыстық әкімдік те автопарктың жаңаруына басымдық берді. Жаңа автобустарды көбейту, тасымалдаушыларға қолдау көрсету, жаңғыртуды кезең-кезеңімен жалғастыру секілді ұстанымдар ресми деңгейде бірнеше рет айтылды.
Бұл салада ілкімді жаңалықтар қала ішінде ғана емес, облыс көлемінде де жүргізіліп жатыр. Мәселен, Аягөзде былтыр 10 жаңа автобус беру көзделгені, алғашқы легі жеткізілгені, бірнеше маршрутқа шығарылғаны айтылды. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға қажет көліктер де назардан тыс қалған жоқ.
Әрине, саладағы шешімін күткен түйткілдер де аз емес. Кейінгі айларда тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктің жүру аралығының ұзақтығы, кей автобустың аялдамадан тоқтамай өтуі, диспетчерлік жауаптың баяулығы жөнінде шағым айтылды. Бұған қоса, көлік жүргізушілердің жалақысы мен оларға орынды-орынсыз айыппұл салу, оны айлықтан ұстап қалу сынды мәселелер жиі көтеріледі. Бұл олқылықтар да кезегі келгенде түзелер деп сенеміз.
Енді бір өзекті мәселе, қаладағы 500-ден аса аялдаманың едәуір бөлігінің жағдайы аянышты, талапқа сай келе бермейді. Сыры түскен, бояуы оңған, атауы өшкен, күтімі кем, кей тұста тіпті қос-қостан орналасқан аялдамалар да кездеседі. Әрине, қоғамдық көлік жаңарып жатыр, бірақ жүйе тұтас өзгерді деуге ерте. Автобустардың жаңаруы мәселенің бір жағы, ал қызмет сапасы, қозғалыс тәртібі мен аялдама инфрақұрылымы қатар көркеюді қажет етеді.
Абай облысы