«Ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету, бұл – ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру деген сөз. Халқымыздың ойы озық болса, өскелең ұрпақтың да ғылым-білімге деген ықыласы айрықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты», деді Президент.
Президент: Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі
Осы ретте ол былтыр «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы тиісті заңға қол қойғанын еске салды. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының болашақта сапалы білім алуына қаражат жинай алады. Мемлекет басшысының айтуынша, қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашқан. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады.
Бұдан соң, ол ғылымның әлеуетін ел игілігіне жаратудың маңызын айтты.
«Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше. Сонымен қатар бұл – әлемдегі ең үздік компаниялардың берік ұстанымы, бұлжымас қағидасы. Жаһандық деңгейдегі ірі технологиялық корпорациялар бірінші кезекте білім мен ғылымға басымдық береді, ғылыми жаңалықтарды өндіріске жедел енгізеді. Таланттарды қызметке тарту жағынан да бұл компаниялар көш бастап тұр. Адам капиталы олардың негізгі күш-қуаты саналады. Технология мен инновация – дамудың ең басты әрі баламасыз шарты. Мұны ХХІ ғасырдың үздік компаниялары дәлелдеп отыр», деді Қ.Тоқаев.