Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған су пайдалану лимиті 1,877 млрд текше метрді құрайды. Оның 1,837 млрд текше метрі егістікті суаруға бағытталған. Биыл жоспарланған егіс алқабы – 147 мың га. Бүгінде облыстағы барлық суқоймасы су жинау режімінде жұмыс істеп тұр. Ендігі басты міндет – суды бөлу емес, әр текше метр судың қайтарымын арттыру. Осы мақсатта өңірде су үнемдеу технологиясын субсидиялау көлемі 80%-ға дейін ұлғайтылды. Оған қоса сараланған тарифтің енгізілуі, су бөлу үдерісін толық цифрландыру облыстағы су саясатының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Бұл шаралар су тапшылығы қаупін азайтып қана қоймай, өңірдің аграрлық әлеуетін ұзақмерзімді негізде сақтауға бағытталған.
Заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру мақсатындағы ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту, су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан жоғары. Егінге қажетті суға сараланған тариф енгізілді: су үнемдеу технологиясын пайдаланатын шаруаларға егіндік судың құнын субсидиялау 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды, қалғанына субсидия мөлшері жыл сайын 10%-ға қысқарып отырады.
Қабылданған шаралар су үнемдеу технологиясы қолданылатын алқаптардың көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына толық сәйкес келеді. Жалпы, ел көлемінде мұндай технологиялар 543,5 мың га суармалы жерде енгізілген, соның арқасында 874 млн текше метр су үнемделді. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 33,7 мың гектарды құрайды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жетісуға сапары кезінде облыс әкімдігіне 2030 жылға дейін суармалы жерлерде су үнемдеу технологиясын жүз пайыз енгізуді кезең-кезеңімен қамтамасыз етуді тапсырған еді.

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ
«Кеңес дәуірінде пайдалануға берілген суармалы жерлерді қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлу керек. 2030 жылға дейін өңірде суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жөніндегі негізгі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр. Бұрын тозған алқаптарды айналымға енгізу арқылы суармалы жерлердің аумағын кеңейту жұмысын жандандыру қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткендей, су саласындағы «қара нарық» толық жойылып, су пайдаланудағы барлық заңбұзушылық құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен заң аясында қатаң түрде тоқтатылуға тиіс», деді вице-премьер.
Егінге қажетті суды ашық әрі әділ бөлу мақсатында қанатқақты режімде жаңа биллинг жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл платформа арқылы су пайдаланушылар мен «Қазсушар» РМК арасында өтінім беру, келісімшарт жасау, төлем жүргізу үдерістері цифрландырылды. Өтінім беруден төлем жүргізуге дейінгі барлық үдеріс электронды форматта жасалады. Фермерлерге түсіндіру жұмысын жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылып, облыстың алты ауданында шамамен 450 шаруамен кездесу өткізілді.
2028 жылға дейінгі Су шаруашылығын кешенді дамыту жоспарын жүзеге асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі үш суқоймасын, екі гидроторапты, бір магистральды каналды реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен сыйымдылығы 80 млн текше метр болатын бір суқоймасын салу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігі тағы жеті суқоймасының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме дайындап жатыр. Бұдан бөлек, 2 мың шақырымнан астам суару каналын қалпына келтіру, шамамен 400 шақырым каналға автоматтандыру жүйесін енгізу көзделген. Ислам даму банкімен бірлесіп, өңірде суару желілерін реконструкциялауға қатысты 6 жоба іске қосылады. Оның біреуі аяқталған, жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын тағы екі жоба биыл аяқталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындардың өмір сапасын бюджеттік микронесие беру арқылы арттыруға бағытталған. 2026–2028 жылдары республикада 450 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде 22,6 млрд теңге Жетісу облысына қарастырылған. Биыл өңірде ауыл кәсіпкерлігі мен кооперация саласында шамамен 400 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Қабылданып жатқан шешімдер облыстағы су мәселесін жай маусымдық жұмыс емес, ұзақмерзімді қауіпсіздік факторы ретінде қарастыру басталғанын аңғартады. Су үнемдеу технологияларын жаппай енгізу, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту, су бөлу жүйесін цифрландыру, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту – өңірдің аграрлық болашағын сақтап қалудың негізгі тетіктері. Дегенмен нәтиже тапсырмадан гөрі олардың жергілікті жерде қалай нақты орындалатынына байланысты. Жоспарланған жобалар уақытында әрі сапалы жүзеге асса, Жетісу өңірі су тапшылығы қаупін тежеумен қатар, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыра алады.
Жетісу облысы