Әскер • Бүгін, 08:40

Келісімшарт кәсіби армияның тірегі ме?

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде келісімшарт негізіндегі әскери қызметке деген қызығушылық екі фактордың негізінде күшейіп келе жатқанын байқаймыз. Біріншісі – кадрлық қажеттілік, екіншісі әлеуметтік пакет пен қаржылық ынталандырудың кеңеюі.

Келісімшарт кәсіби армияның тірегі ме?

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қорғаныс министр­лігі ха­лық­аралық тәжірибелерге сүйе­не отырып, «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының кейбір заң­на­малық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындаған еді. Заң қабылданды. Қазір бұл құжат қалай жүзеге асырылып жатқанын безбендеп көрген едік. Ресми деректерге сәйкес, былтыр мерзімді әскери қызметке шақыру жасындағы 42 мыңнан аса азамат әскерге алынатыны жарияланды. Ал оларды ұстап тұрудың ең ық­палды құралы – айлық пен үс­темақы жүйесі. Қорғаныс министрлігі мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен – 20,3, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9 пайызға өскен. Бұған қоса, далалық төлемдер қайта енгізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында өсімнің екінші кезеңі жоспарланды. Мәселен, офицерлерге +23%, қатардағы және сержанттық құрамға +10% қарастырылған. Сонымен қатар әскери қызметшілердің бас­паналы болуына мүмкіндік беретін тиімді бағдарламалар да баршылық. Бұл – келісімшартқа оты­рудың «ұзақмерзімді кепіл­дігі» ретінде жұмыс істейтін блокқа қарастырылған пакеттер.

Келісімшарттық қызмет тек сарбаз бен сержант деңгейімен шектел­мейді, офицерлік лауа­зым­дарға да резервтен толық­ты­ру жүргізілмек. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы 915 запастағы офицерді 24 ай мерзімге әске­ри қызметке шақыру жария­лан­ған. Ал биыл 850-ден аса запастағы офицерді шақыру жоспарланғаны хабарланды.

2025 жылғы желтоқсанда резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың үлгілік нысаны бекітілгені туралы да жазғанбыз, онда келісімшарт 3 жылға жасалатыны көрсетілді. Бұл әскери қызметтің келісім­шарттық форматын әртарап­тан­ды­руға бағытталған белгісі болса керек.

Мұның бір көрінісі – Абай гарнизонына қарасты 11098 әскери бөліміндегі мерзімді қызметтен келісімшартқа өткен сарбаздардың таңдауы болып отыр. Бүгінде елімізде әскери қыз­метті өмірлік мамандық ре­тінде таңдаған жастардың қа­тары артып келеді. Осы үр­дістен Абай гарнизонына қарасты 11098 әскери бөлімінің жеке құрамы да тыс қалған жоқ. Мұнда мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген бір­қатар сарбаз келісімшарт негі­зінде әскери қызметте қалуды шешкен. Солардың бірі – 11098 әскери бөлімінің сарбазы кіші сержант Ерзат Қабдырманапов. Ол өзі шешім қабылдап, келісімшарт негізінде әскери қызметте қалды. Енді ол Отан алдындағы борышын осы бөлімде жалғастырып, кәсіби әскери қызметші ретінде еңбек етпек.

«Мерзімді қызмет барысында әскери өмірдің маған жақын екенін түсіндім. Келісімшартқа отыруға шешім шығардым. Әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, сарбаздарға кредиттік каникулдар мен әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері бар», дейді ол.

Кіші сержант Ерзат Қабдыр­манапов – Семей қаласының тумасы. Оның айтуынша, өз туған жерінде қызмет ету оның таңдауының тағы бір маңызды себебі болған көрінеді.

Отан алдындағы борышын өтеп жүріп келісімшартпен әскери қызметші атанған тағы бір сарбаз – қатардағы жауынгер Аңсар Шернияз. Ол да әскери өмірді болашағымен байланыс­тыруды шешкенін айтады.

«Әскери қызмет маған тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Сондықтан келісімшартпен әс­ке­ри қызметші болуды таң­дадым. Әскер ер-азаматқа арналған на­ғыз мектебі деп ойлаймын», дейді сарбаз.

«Шығыс» өңірлік қолбас­шылығы басқармасының заң басқармасы басшысы, подполковник Бейбіт Танцаровтың айтуынша, жаңа форматты енгізу – Қарулы күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге, қажет болған жағдайда мобилизациялық ресурсты жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Былтырғы 18 наурызда қа­былданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген өз­герістерге сәйкес резервтік әс­кери қызметке қабылдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Резерв­тегі әскери қызметке 18 бен 57 жас аралығындағы, әскери куәлігі бар, моральдық және кәсіби талаптарға сай, сондай-ақ ден­сау­лық жағдайы жарамды деп танылған жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабыл­да­нады», деді басқармасы басшысы.

Мамандардың айтуынша, келісімшарт негізіндегі әскери қызмет – бұл тек тұрақты жұмыс емес, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен кәсіби дамуға жол ашатын маңызды қадам. Сондай-ақ Отанға қызмет етемін деген жас­тар үшін үлкен мүмкіндік.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45

Айдың арғы беті...

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:10