Қоғам • Бүгін, 14:40

Полиция инвестициялық алаяқтықтың қауіпті схемалары туралы ескертті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, түрлі интернет-платформалар мен мессенджерлерде «оңай табыс», «жылдам пайда», «аз уақытта қаржыны еселеу» сияқты жарнамалар жиілеп кетті. Сырттай тартымды көрінгенімен, мұндай ұсыныстардың басым бөлігінің артында кәсіби алаяқтар тұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Полиция инвестициялық алаяқтықтың қауіпті схемалары туралы ескертті

Фото: Ашық дереккөз

Алдымен адам жарнамаға қызығып, сілтеме арқылы тіркеліп, байланыс деректерін қалдырады. Осыдан кейін өздерін «қаржы кеңесшісі», «инвестициялық компания өкілі» немесе «жеке менеджер» ретінде таныстыратын адамдар хабарласып, тиімді ұсыныстар жасай бастайды.

Көп жағдайда бастапқыда аз ғана қаражат салу ұсынылады. Біраз уақыттан кейін жалған платформаларда «табыс түсті» деген ақпарат көрсетіліп, салымның өскені туралы мәлімет беріледі. Осылайша алаяқтар адамның сеніміне кіріп, оны ірі көлемде ақша салуға итермелейді.

Алайда азамат қомақты қаржы аударған соң, қаражатын кері қайтармақ болған кезде түрлі сылтаулар айтылады. Мәселен, «ақшаны шығару үшін комиссия төлеу керек», «сақтандыру жарнасын аудару қажет», «шотты белсендіру үшін қосымша төлем керек» немесе «салық төлеу қажет» деген жалған талаптар қойылады. Нәтижесінде жәбірленуші бірнеше рет ақша аударып, ақырында алаяқтарға алданғанын кеш түсінеді.

Мұндай қылмыстардың қауіптілігі – алаяқтардың психологиялық тәсілдерді шебер қолдануында. Кейде олар сенім ұялату үшін бастапқыда аз мөлшердегі қаражатты қайтарып беріп, өзін «адал» етіп көрсетеді. Осыдан кейін адам күдігін сейілтіп, көбірек қаржы салуға бейім болады.

Полиция ешбір заңды инвестициялық ұйым әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамалар арқылы кепілді әрі тез табыс ұсынбайтынын ескертеді. Қаржы нарығында әрдайым тәуекел бар. Ал «100 пайыз пайда», «кепілдендірілген кіріс» сияқты уәделер – алаяқтықтың айқын белгісі.

Алаяқтықтың жаңа тәсілі тарады: Қаскүнемдер дауысын өзгертіп, сенімге кіреді

Интернет-алаяқтар көбіне жалған жарнама таратады, танымал компаниялардың атауы мен логотипін заңсыз пайдаланады және ресми сайттарға ұқсас жалған платформалар жасайды. Сондай-ақ мессенджерлер арқылы жеке байланысқа шығып, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және жеке мәліметтерді сұрауы мүмкін. Көп жағдайда қаражатты жеке тұлғалардың шоттарына немесе күмәнді реквизиттерге аудартуға тырысады.

Осындай қауіптің алдын алу үшін азаматтар сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет. Күмәнді жарнамаларға сенбеу, инвестициялық ұсыныстарды бірнеше дереккөз арқылы тексеру, компанияның лицензиясы мен ресми тіркелуін анықтау – негізгі талаптардың бірі.

Есте сақтаңыз: жеңіл табыс уәдесі – көбіне алаяқтың айласы. Күмәнді инвестиция – пайда емес, қауіп. Қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі – сақтық.

Баспанаға қатысты жаңа алаяқтық схема: ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Егер алаяқтық белгілерін байқасаңыз, дереу «102» нөміріне хабарласу қажет.

Соңғы жаңалықтар