Аймақтар • Бүгін, 09:00

Қыруар қаражатқа алынған автобустар қаңтарылып тұр

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Қызылорда автобус паркі» мекемесі аума­ғында дәл қазір 84 автобус қаңтарылып тұр. Осыдан 13 жыл бұрын қолға алынған «Қызылорда қалалық жолаушылар кө­­лігін жаңарту» жобасы аясында құны 9 млрд теңгеге жет­­кізіл­ген бұл автобустардың алды оларды сатып алуға жұм­­сал­ған несие мерзімі бітпей жатып жарамсыз күйге түсіпті. Әу бас­тағы қате жобалаудың кесірінен қыруар қаржыға алын­ған қоғам­дық көліктер ел аузында «автобустар зираты» деп ата­­­лып кеткен аумақты тұрақ қылғанына біраз жылдың жүзі ауды.

Қыруар қаражатқа алынған автобустар қаңтарылып тұр

«Қызылорда қалалық жолаушылар көлігін жаңарту» жобасы 2013 жылы басталған. Сол жылдың аяғында Қызыл­орда об­лы­­сының әкім­дігі, «Байқоңыр» ӘКК, «Қы­зыл­орда автобус паркі» мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында жобаны қолдау туралы келісімге қол қойылады. Жалпы құны 27,11 млн доллар бо­латын жобаны жүзеге асыру мақсатында автобус паркі мен  ЕҚДБ арасында, он жыл мерзімге несие­лік келісім жасалып, оның алғаш­қы 3 жылы жеңілдік кезеңі болып белгіленеді. 

Жобаның бастапқы құны теңгемен 4,17 млрд болса, аяқтал­ған­ша төленген қар­жы 9 млрд теңгеге жеткен. Амалы тау­сылған автобус паркі айнал­дыр­ған 5-6 жылда жарамсыз күйге түскен көлік­тердің несиесін субсидия есебінен төлеп келіпті.

«Соңғысы 2016 жылы келген автобустардың алды 2022 жылдары істен шыға бастады. Қосымша бөлшектері де пайдалануға келмей тұр. Осыдан екі жыл бұрын ғана банк алдындағы берешекті төлеп болдық», дейді «Қызыл­орда автобус паркі» ЖШС директоры Әбдібәкір Маштаев.

«Байқоңыр» ӘКК автобус паркіне еншілес мекеме ретінде кредиттік шарт жасауға көмек берген. 2017 жылы «Қызылорда автобус паркі» қала әкімдігінің теңгеріміне өткізілген. Жа­қында  Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп, облыс бюджетін ойсыратып кеткен жобадан сыбайлас жемқорлықтың белгісі байқалатынын ашық айтты.

«Жобаның басында-ақ мұн­дай көлік бұрын-соңды елге импорт­тал­мағандықтан да, сертификаттау талаптарына байланысты автобусты жеткізу 43 аптаға кешіктірілді. Ол кезде елімізге Қытайдағы танымал компаниялардың автобустарын еш кедергісіз әкелуге болатын. Жоғары деңгейде жабдықталған, сапасы әлемге белгілі сол автобустар бізге жеткізіліп жатқан күмәнді көліктерден 3-4 есе арзан еді. Осыны көре тұра, автобус­ты белгісіз өндірушілерден им­порттауға бел буғандардың қан­дай ойда болғаны беймәлім. Бастал­ғаннан-ақ осындай қолдан жасал­ған кедергілер салдарынан автопарк банк алдындағы несиесін 2024 жылы ғана өтеп бітірді», дейді депутат.

Депутаттың айтып отыр­ғаны, ТР ТС 018/2011 талаптарына сәйкес алынатын ОТТС сертификаты. Елімізде аккредиттелген зертханалар болмағандықтан, мұндай сынақ Ресейдегі Дмитров автополигонында жүргізіліп, оның соңы қосымша ұйымдастыру мен жобада жоқ логистикалық шығындарға ұласқан. Осы­лайша, 92 автобустың жеткі­зілуі ұзаққа созылып, белгі­ленген кестеден кешігеді. Салдарынан бір авто­бус­тың бастапқы құны 2014 жылғы бағаммен 194 076 доллар немесе 35,3 млн теңге шама­сын­да баға­лан­ға­нымен, жоба аяқ­тал­ған­ша еселеп өсіп кетеді.

2014–2024 жылдар аралы­ғында доллар бағамы 153,8 теңгеден 450 теңгеге дейін өсіп, несие жөніндегі төлем көлемі де ұлғайған. Кешігуге байланысты ЕҚДБ тарапынан 139 945,44 доллар көлемінде резервтеу комиссиясы есеп­телгені де кепілдік берген облыстық бюджетке артық жүк болған.

«Ең үлкен стратегиялық қателік несиені доллармен рәсімдеу болды. Валю­талық тәуекелдер ескеріл­мегендіктен, теңге әлсі­ре­ген кезде жоба құны ша­рықтап кеткен. Бірақ сол миллиардтаған теңге жұм­салған автобустардың қаң­тарылып тұрғаны жұрт кө­кейінде көп сұрақ туындатып тұр. Жұмсарта айтқандар мұны жауапсыздыққа баласа, дұрыс жоспарланбаған жобадан сыбайлас жемқорлық белгілерін байқайтындар да аз емес. Айналып келгенде, әр автобусқа барлық пайызды, айыппұлдарды, қосымша төлемдерді, жол ақысын, баж салығын санағанда, орта есеппен 100 млн теңгеге жұмсалған. Сол тұста әр салық төлеушінің қалтасынан шыққан бұл қаржыға кемінде 10 шақты мектеп немесе бірнеше аурухана салуға болатын еді. Сондықтан құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылуы қажет. Кез келген лауазымды тұлға атқарған қызметіне, атақ-дәрежесіне қарамастан «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жауап беруге тиіс», дейді М.Әбенов.

Бүгінде «Қызылорда автобус паркі» мекемесінде 300-ге жуық автобус бар. Олардың 280-ге жуығы күнделікті жолға шығады. Ал облыс бюд­жетіне тым қымбатқа түсіп, межелі мерзіміне жетпей қаңтарылған 84 қоғамдық көлікті алдағы уақытта аукцион арқылы сату жоспарланып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы күрт төмендеді

Экономика • Бүгін, 10:33