Көкшетау десе, көз алдыңызға көкмұнар сағымға бөленген көгілдір таулар, тау етегінен ұшар басына дейін ұйыса өскен мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, жасыл жапырақтары ақша бұлтты аймалаған зәулім теректер елестейтіні сөзсіз. Ел байлығы есебіндегі орман қорын сақтау, көлемін көбейту, шып-шырғасын шығармай келесі ұрпаққа мұра етіп табыстаймыз десек, жыл сайын орман қорын көшет егу арқылы молайтып отырған ләзім. Орманның орасан пайдасы туралы тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Оны оқырман қауым өте жақсы біледі. Дертке дауа, бір жұтсаң, көкірегіңіз тазарып, көңіліңіз көтерілетін Көкшенің саф ауасы осы орманның арқасында мөлдірленіп, шаң-тозаңнан арылып, елге көп-көрім қуаныш сыйлап тұр. Өңірде 2021–2027 жылдары 150 млн дана көшет егу жоспарланған. Көшет әдетте ерте көктем мен қоңыр күзде егіледі. Негізінен қарағайдың бірнеше түрі, қайың тәрізді тез жерсінетін, көгеріп қаулап өсетін ағаш түрлері таңдалады.
Кейінгі бес жылға екшеліп, бөлініп жасалған жоспар тегеурінді жұмыстың арқасында толығымен орындалған. Орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері өңірдегі орман қорын молайтуға бағыт алған. Осы орайдағы ілкімді шаруаны сәл таратып айтсақ, 2026–2027 жылдары 13 мың га алқапқа 77 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр. Қыруар істі тап-тұйнақтай етіп атқаруға материалдық-техникалық базасы мығым тәлімбақтардың керек екені белгілі. Өңірде 11 тәлімбақ жұмыс істейді. Жалпы көлемі 189,7 гектарды құрайтын алқабы бар. Оның ішінде 57 га алқапқа ие Ақкөл, 50 га алқапқа көшет отырғызатын Кіші Түкті, 23 гектарға болашақ орман несібесін үмітпен көктетіп отырған Маралды тәрізді тәлімбақтар бар. Үлкен Түкті, Бұқпа, Кеңес, Краснобор, Куйбышев, Отрадный, Степногор, Ұрымқай тәрізді сегіз уақытша тәлімбақ та бұл бағыттағы шаруаға мол үлесін қосып келеді. Алдағы уақытта Бұқпа орман шаруашылығының тәлімбағы кеңейтілмекші, 61 гектарды құрайтын алқап дайындалып жатыр. Жаңа тұрақты тәлімбақтың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген алқап табиғи байлығымен әйгілі. Осы бір қазынаны көздің қарашығындай сақтап, өрісін кеңейтіп, өнімін молайту мақсатында мемлекеттік орман шаруашылығының еңбеккерлері қажырлы еңбек етіп жүр. Алдымен орман қорын кірпік ілмей күзетіп келе жатқан жанашыр жандардың табанды еңбегін ерекше бір ілтипат сезіммен айта кеткен ләзім. Олардың жұмыс жүктемесі де жеңіл емес. Жалпы, өңірдегі орман қоры 405,1 мың га алқапты құрайды. Оның 235,1 мың гектары – орман қоры. Осыншама кеңістікте 488 адам жұмыс істейді.

Облыс әкімдігі мемлекеттік орман шаруашылығы ұжымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөліп отырады. Нақтылап айта кететін болсақ, 2024 жылы облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаражат бөлініп, орман өртінің алдын алуға қажетті кешендер сатып алынды. Өткен жылы да бұл жұмыс жалғасын тапты. Орман шаруашылықтарына 31 дана шағын кешен мен 30 трактор алынды. Ақкөл, Бұқпа, Кеңес, Краснобор, Куйбышев орман шаруашылықтарына орманда өрт орын алса, жедел хабар беретін құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ 20 бейнекамерамен қамтамасыз етілді. Бұл камералар жалпы алқаптың 50%-ын қадағалай алады. 128 мың га орман алқабы бар Ақкөл ауданының аумағы тұтас бақыланады. 72 мың га орман алқабына ие Зеренді ауданы да тегіс бейнебақылау камераларының арқасында қадағаланады. Өткен жылы Бұқпа орман шаруашылығына екінші типті орманды өрттен қадағалау стансасы орнатылды. Таяуда бірнеше өрт сөндіретін машина табыс етілді.
Жыл сайын көгертіп көшет егіп, қолда бар орманның мұртын бұзбай қадағалап, жас баладай мәпелеп күтіп отырғанымен, өңірдегі жалпы алқаптың 2,6%-ында ғана орман бар. Алдағы уақытта осы ел байлығын молайта түсу міндеті тұр. Ақмолалық орман шаруашылығы еңбеккерлері осы бір асқаралы міндеттің үдесінен шығу жолында аянбай еңбек ете береді.
Ақмола облысы