Сондай шақтардың арасында ақ пейілді жазушымен жергілікті оқырман жұртшылық жүздеседі. Арасында әкемнің ағасы, Тұрар Рысқұлов ауданы Каменка ауылында тұрған Шалқар Бектенбайұлы да бар. Ол көркем еңбек пәнінің мұғалімі болғанымен де, әдеби, тарихи кітаптарды таңдай, талғай жинайтұғын. Жамбыл өлкесіне Әбіштей абыз келетінін білген соң, қолына 1993 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Хан Кене» атты ұлт-азаттық соғыс туралы тарихи толғамдар, пьеса мен дастандардың жинақ кітабын ұстай барады. Әбекеңнің университеттегі ұлы ұстазы әйгілі Мұхтар Әуезовтей кемеңгер келбеті, бұйра толқын тәрізді шашы, кесек денесі алыстан көз тартып тұратын. Шалқар ағамыз амандасып: «Әдебиетсүйер оқырмандарыңыздың бірімін», дегенде, жазушы сәлемшінің қолындағы кітапқа осындай қолтаңба қалдырыпты: «Әбіш Кекілбаев. 2.6.2001» деп қолы қойылған. Ешқандай сөз жазбаса да, жазушы ағаның көк сиясынан оқырман ініге деген ілтипат пен лебіздің тіл жетпес демі сезіледі.
Бекжан БЕКТЕНБАЙ
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы