Республика жұртшылығына «Дәридай» деп танылған Мұқаш ақынға кездескен қарсыластың бәрі: «Домбыра тарта алмайсың», дей беріпті. Сонда Мұқаң:
«Ақынмын, домбырам жоқ – есесінде,
Тағдырдың бұл жұмбағын шешесің бе?
Жаратқан бірін берсе, бірін бермес,
Құлағын Жаратқанның кесесің бе?», деген екен.
Содан бері отыз алты жыл өтіпті. Қазіргі Ұлытау ауданының Шеңбер ауылында туған Мұқаш ағаның есімі «Дәридай» ақын аталып, республика деңгейінде танымал болды. 1989–2003 жылдары бірнеше республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, жүлдегер атанды. Кезінде Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Айтақын Бұлғақов, Шорабек Айдаров, Дүйсенбай Жұмасейітов, Елена Әбдіхалықова сынды ақындармен айтысты. Мұқаңның үлкен додаға алғаш барғандағы тұңғыш қарсыласы талдықорғандық Айтақын Бұлғақов болған екен. Сонда қарсыласының «тебеген» екенін көрген Мұқаш ақын:
«Алматы – рас, әсем, жасыл қала,
Өкшелер, беймезгілдеу тасырлама.
Сахна тақыр-тұқыр болып кетті
Шабытың бақайыңның басында ма?», деген екен.
Мұқаш Сейтқазинов ат жалын тартып мінгелі өнерден қол үзген жоқ. Қазір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. «Ақтұма», «Қара кітап», «Дәридай-жүрек» жыр жинақтарының авторы. Есімі «Қазақстан айтыс ақындары» энциклопедиясына енген.
Жетпістің жотасына абыроймен жеткен ақынды ұлытаулықтар алақанына салды. Ақынның мерейін тасытып Жетісудан – Айтақын Бұлғақов, Шығыстан – Серік Құсанбаев, Сырдан – Елена Әбдіхалықова, Арқадан Қойлыбай Асан келді. Театрда өткен «Дәридай-дәурен» атты шығармашылық кеште ақынның «Дәридайдың дәптерінен» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Онда автордың өлеңдері, түрлі басылымда жарияланған мақалалары, танымал тұлғалардың автор туралы жазбалары, сұхбаттары еніпті. Жинақ Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтің қолдауымен Астанадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрді.
Салтанатты кешке Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар ақынға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты мен ықылас гүлін табыс етті. «Мұқаш ақынның жырларын мәнерлеп оқу» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды. Осы кеш аясында Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейі «Айтыстың ақтаңгері – Дәридай» атты көрме ұйымдастырып, көрермен назарына ұсынды. Көрмеге ақынның жыр жинақтары, жеке құжаттары, фотосуреттері, марапаттары, Айтақын Бұлғақов сыйлаған домбырасы қойылды.
«Мұқаң екеуміз Алматы сахнасында айтысып көрмесек те, аймақтарда өткен ірі жыр додаларында жолымыз сан мәрте түйісті. Мұқаңның сахнада отырып табан астында суырып салып айтатын жыр шумақтары, сөз саптасы, ұйқастары, ұлы Абай айтқандай, теп-тегіс, айналасы жұп-жұмыр боп келетін.
Айтыстан тысқары жерлердегі Мұқаңның азаматтық ұстанымы, ағалық қамқорлығы, кісілігі мен кішілігі жайлы да ауыз толтырып айтуға болады.
Жезқазғанда өткен «Ұлытау үні» фестивалінде айтысып отырып:
«Ауылы бұл Мұқаңның Шеңбер деген,
Шеңберге ризықты Алла кем бермеген.
Сол елдің қандыбалақ қыранысың,
Талайды сахнада шеңгелдеген», дегенім бар еді. Сол қандыбалақ қыран Мұқаш жетпіс дейтін құзар шыңға қонақтады», дейді Серік Құсанбаев.
Ұлытау облысы