Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Аталған жаңашылдық қаржылық қызметтердің тиімділігін арттыратынына дау жоқ, әйтсе де ақпараттық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау мәселесі де қоғамды ойландырмай қоймайды.
Bluescreen жасаған зерттеуде «Tarlan Payments» компаниясының директоры Андрей Седенко биометриялық төлемдердің шынайы жағдайын жан-жақты талдап, оның мүмкіндігі мен тәуекелін қатар көрсетеді.
«Биометриялық төлемнің таралуы мен адамдардың оны қабылдауы теңесе қоймады. Технология дайын, жұмыс істеп тұр, алайда халықтың сенімі әлі толық қалыптаспаған. Себебі адам өзінің жеке деректерін жүйеге тапсырады. Сондықтан негізгі мәселе «қолдану оңай ма?» дегенде емес, «қауіпсіз бе?» деген сұрақта жатыр. Биометрияның басты ерекшелігі – оны кейін өзгерте алмайсың. Мысалы, карта жоғалса жаңасын аласың, пароль бұзылса ауыстырасың. Ал биометриялық дерек – адамның өзі. Егер ол тараса, оны қайтару мүмкін емес. Сондықтан үлкен жауапкершілік қажет. Елімізде бұл бағыт әлі толық реттелген жоқ. Биометриялық деректер жеке мәлімет ретінде қарастырылғанымен, оны нақты қорғайтын арнайы заң жоқ», деп түсіндірді А.Седенко.
Әлемдік тәжірибе де бұл тұжырымды дәлелдейді. Мысалы, «Amazon» іске қосқан «Amazon One» жүйесі алақан арқылы төлем жасаудың алғашқы ірі жобаларының бірі болды. Технология тамыр құрылымын инфрақызыл камера арқылы анықтап, биометриялық профиль қалыптастырады. Бірнеше жыл ішінде жүйе миллиондаған транзакция жасап, жүздеген дүкенде қолданылды. Алайда кең ауқымда таралуына қарамастан, бұл жүйе қоғам тарапынан толық қолдау таппады. Қауіпсіздік мәселелері көптеген елде қарсылық тудырды. Кейбір жобалар тіпті тоқтатылған.
«Қытайда жүргізілген зерттеулерге қарағанда, халықтың 95,7%-ы QR-кодпен төлеуді жөн көреді. Өйткені ол – қарапайым, үйреншікті әрі сенімді тәсіл. Ал биометриялық төлем көпшілікке әзірге қосымша тәуекел сияқты көрінеді. Яғни технология бар болғанымен, оған деген нақты сұраныс толық қалыптаспаған. Еуропа мен Жапонияда да жағдай осыған ұқсас. Жаңа жүйелер енгізіліп жатыр, бірақ кең таралуы баяу. Бұған құрылғылардың қымбаттығы, тіркеудің күрделілігі, адамдардың сақтықпен қарауы әсер етеді. Бізде де жағдай сондай. Бірақ »Kaspi Alaqan« секілді жүйелер алақандағы тамыр құрылымын сканерлеу арқылы төлем жасауға мүмкіндік беріп, қауіпсіздігі жоғары әдістердің бірі ретінде бағаланып отыр», деп түсіндірді сарапшы.

Расында, қазір дүкендерде кең қолданысқа енгені – «Kaspi Alaqan». Бұл жүйені қалай қосуға болатынын білу мақсатында редакциямызға жақын маңдағы банк бөлімшесіне бардық. Байқағанымыз, үдеріс күрделі емес, бірнеше минуттың ішінде аяқталады. Қызметті 16 жастан бастап пайдалануға болады. Алақанды тіркеудің екі жолы бар екен. Біріншісі – банкомат арқылы мәзірден «Alaqan» бөлімін таңдап, нұсқауларды орындау қажет. Екіншісі – дүкендегі арнайы құрылғы арқылы «қосу» батырмасын басып, QR-кодты қосымша арқылы сканерлеп, тіркеуді аяқтайсыз. Қажетті банкоматты табу үшін «Maps» сервисін пайдалануға болады. Жүйені қосып болған соң, банк қызметкерлерінен толық ақпарат алдық.
«Алақанмен төлем жасау өте жылдам жүзеге асады. Пайдаланушы алақанын құрылғыға жақындатады, содан кейін экраннан төлем тәсілін таңдайды: Kaspi Gold, Kaspi Red+, несие немесе бөліп төлеу, не болмаса Kaspi Pay шоты. Таңдалғаннан кейін қаражат бірден шегеріледі, қосымшаға PUSH-хабарлама келеді. 50 мың теңгеге дейін телефонсыз төлеуге болады. Бұл сомадан асса, хабарлама арқылы растау қажет болады. Қызмет толықтай тегін. Яғни қосылу да, пайдалану да ешқандай комиссиясыз,» деп түсіндірді Асылтас есімді қызметкер.
Қазір бұл қызмет Астана мен Алматы қалаларында қолжетімді. Алдағы уақытта технология еліміздің басқа өңірлеріне де таралады. Дегенмен жаңа жүйеге бірден үйренісе алмай жатқан қолданушылар да бар. Кейбірі алақанын тіркей алмай, түрлі қателерге тап болады. Бұл жөнінде «Finratings.kz» сарапшысы Геннадий Савицкийдің айтуынша, кей азаматтардың бұл қызметтен бас тартуының себебі көбіне техникалық немесе физикалық факторларға байланысты.
«Көп жағдайда жүйе алақанды дұрыс көрмегендіктен тіркеу сәтсіз аяқталады. Мұнда адамның өзі байқамайтын қарапайым жайттар үлкен рөл атқарады. Мысалы, алақанның температурасы. Егер қол тым суық болса, камера қан тамырларының құрылымын анықтай алмайды. Сондықтан сканер алдында қолды жылытып алған дұрыс. Сонымен қатар алақан камераға тым жақын немесе тым алыс орналасса да, жүйе оны дұрыс оқи алмайды. Сондай-ақ алақандағы физикалық өзгерістер де әсер етеді. Терең күйік, тыртық немесе таңғыштың болуы тамырды дәл тануға, жүйенің қабылдауына кедергі келтіреді. Ал терінің қатты ластануы да биометриялық деректерді бұрмалауы мүмкін», дейді Г.Савицкий.
Жаңа төлем жүйесі іске қосылғалы бері халық арасында бұл қызметке қатысты сұрақ көбейді. Әсіресе «сәулесі зиян емес пе?», «жеке деректердің қауіпсіздігі қалай болады?», «алақанды суретпен алдауға бола ма?» деген қисынды-қисынсыз сауалдар жиі айтылады. Оның жауабын банк қызметкерінен сұрап білдік. Ең алдымен көпшілікті алаңдатқан мәселе – денсаулыққа әсері. Компания өкілдерінің айтуынша, алақанды сканерлеу адам ағзасына ешқандай зиян келтірмейді.
«Жүйеде қолданылатын технология инфрақызыл жарыққа негізделген. Бұл – қазіргі фитнес-білезіктер мен смарт-сағаттарда жүрек соғысын немесе қандағы оттегі деңгейін өлшеуге пайдаланылатын сенсорлармен бірдей. Мұндай сәуле теріге терең енбейді, оны қыздырмайды, ешқандай із қалдырмайды. Сондықтан алақанмен төлемді жиі қолдану денсаулыққа қауіп төндірмейді. Деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығына баса мән бердік. Биометриялық төлем жүйесі адамның алақанындағы қан тамырларының ішкі құрылымын сканерлейді. Жүйе тек «тірі алақанды» ғана таниды. Яғни тек сыртқы бейнені емес, қан айналымы бар нақты тамырлар өрнегін анықтайды. Сондықтан жай фото немесе көшірме арқылы жүйені алдау мүмкін емес», деп түсіндірді банк қызметкері.
Сонымен қатар отандық қаржы ұйымдарындағы тағы бір жаңашылдық – «Halyk Bank» бет-әлпетті тану арқылы төлем жасайтын «Face Pay» жүйесін іске қосты. Жүйе жасанды интеллект көмегімен адамның бет-әлпетін жылдам танып, бірнеше секунд ішінде төлемді жүзеге асырады. Халықаралық сарапшылар биометриялық төлем жүйелерінің болашағын жоғары бағалайды. Мәселен, «Visa» мен «McKinsey» зерттеулерінде алдағы жылдары төлемдердің едәуір бөлігі дәл осындай сәйкестендіру тәсілдері арқылы жүзеге асатыны айтылған. Себебі биометрия – жоғалмайтын, ұмытылмайтын және көшіріп алуға қиын дерек. Бұл оны дәстүрлі карта мен парольге қарағанда әлдеқайда сенімді етеді. Ал «Halyk Bank» басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутов бұл жобаның мәнін кеңірек түсіндірді.
«Halyk» елімізде алғаш болып бет-әлпетті тану арқылы төлем жасау сервисін іске қосты. Бұл жүйе төлемді жеңілдетіп қана қоймай, оны әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы етеді. Мысалы, телефоныңыз өшіп қалса немесе картаңызды үйде ұмытып кетсеңіз де алаңдамауға болады. Тек «Face Pay» қызметіне қосылып, турникетке жақындасаңыз жеткілікті. Жүйе сізді танып, төлемді автоматты түрде жүргізеді. Бұл – клиенттеріміздің өмірін жеңілдетуге бағытталған технологиялық шешімдеріміздің бірі», деді ол.
Жүйені пайдалану үшін «Halyk» мобильді қосымшасындағы «Төлемдер» бөлімінде «Face Pay« қызметін қосып, банк картасын байланыстыру жеткілікті. Одан кейін турникеттегі «Face Pay» арқылы төлеу белгісінің алдына келіп, құрылғыға қарасаңыз болғаны, төлем автоматты түрде жүзеге асады.
Сайып келгенде, биометриялық төлем жүйелері қаржы саласына тың серпін беріп, күнделікті операцияларды едәуір жеңілдетуге мүмкіндік ұсынып отыр. Дегенмен, бұл бағыттағы әрбір қадам тек технологиялық жаңашылдық тұрғысынан ғана емес, қауіпсіздік талаптары тұрғысынан да жан-жақты сараланып, қоғам сеніміне ие болуы маңызды.