Фото: Алматы облысы әкімдігі
Салтанатты рәсім барысында Голливуд жұлдызы Джеки Чан жіберген символикалық уақыт капсуласы құрылыс алаңына тікұшақпен жеткізілді. Оны павильонда түсірілетін алғашқы жоба – «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» фильмінің режиссері Роберт Кун қабылдады.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Сонымен қатар Джеки Чанның продюсері Ли Чиу Ва және «DALA EDGE» креативті және технологиялық индустриялар паркі, «Salem Entertainment» компанияларының басшылары арасында меморандумға қол қойылды.
Аймақ басшысы бұл жобаның маңызын ерекше атап өтті.
«Қазіргі заман – ақыл-ой мен таланттың, озық технология мен жаңа идеялардың дәуірі. Мемлекет басшысы креативті экономиканы ілгерілету арқылы ел дамуының жаңа көкжиегін ашуды стратегиялық міндет ретінде айқындаған. Біз осы бағыттағы маңызды қадамға куә болып отырмыз», деді Марат Сұлтанғазиев.
Әкімнің айтуынша, «Dala Stage Creative Tech Park» тек ғимарат емес, ұлттық мәдениет пен заманауи технологияны тоғыстыратын жаңа индустрияның негізі. Жоба халықаралық студиялармен бірлесе жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға және кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Жаңа павильон Қазақстанның кино саласын дамытуға, әлемдік деңгейдегі контент жасауға және инвестиция тартуға жол ашады. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды тартатын шығармашылық орталық қалыптасады.
Кинопавильон заманауи декорациялар мен жоғары технологиялық мүмкіндіктерді ұсынады, бұл – отандық мамандардың халықаралық студиялармен тең дәрежеде жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Джеки Чанның продюсері Ли Чиу Ва бұл жобаның жүзеге асуына қуанышты екенін жеткізді.
«Жарты жыл бұрын біз осы жобаны талқылаған едік, ал бүгінде құрылыс басталып кетті. Бұл – үлкен жетістік. Джеки Чан барша қазақстандықтарға сәлем жолдап, жобаға табыс тілейді», деді ол.
- Жобаның жалпы аумағы – 15 гектар.
- Ғимарат ауданы – 3 000 шаршы метр.
- Құрылыс 2026 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланған.
«Dala Stage» жобасы Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға серпін беретін маңызды орталыққа айналмақ. Бұл павильон ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, еліміздің халықаралық деңгейдегі мәдени және экономикалық беделін арттыруға ықпал етеді.