Сұхбат • Бүгін, 08:48

Қанат Ниязбеков: Қарт Каспийдегі қақпамыз – сенімді қолда

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2 сәуір – отандық әскери теңізшілер үшін айрықша маңызды күн. 1993 жылы дәл осы күні Президент Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойып, тәуелсіз еліміздің теңіздегі қорғаныс қабілетін қалыптастыруға негіз қалады. Содан бері бұл құрылым Қарулы күштердің стратегиялық тұрғыдан маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Атаулы күнге орай біз Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбековті әңгімеге тартқан едік.

Қанат Ниязбеков: Қарт Каспийдегі қақпамыз –  сенімді қолда

– Қанат Серікқалиұлы, еліміздің Әскери-теңіз күштерінің негізгі қыз­метіне тоқталып өтсеңіз. Оған қандай міндеттер жүктелген?

– Әскери-теңіз күштері Каспий теңізіндегі ұлттық мүдделерімізді қорғау, теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халықаралық әскери ынтымақтастықты дамыту бағытында қызмет атқарады. Әсіресе Каспий теңізінің қазақстандық секторында мемлекеттің аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау – оның басты міндеті.

Жалпы, құрылымның негізгі қызметі – көпқырлы. Теңізшілер навигациялық-гидрографиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар кезінде іздестіру-құтқару жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар табиғатты қорғау іс-шараларына қатысып, мемлекеттік органдарға қолдау көрсетеді. Кеме экипаждары ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде өтетін түрлі әскери оқу-жаттығуларға да тұрақты түрде қатысып келеді.

– Біздің Әскери-теңіз күштеріміз негізінен Ақтау қаласында шоғырланған ба?

– Иә, қазіргі таңда Әскери-теңіз күш­терінің негізгі базасы Ақтау қаласында орналасқан. Бұл жерден Каспий теңізінің қазақстандық секторында тұрақты қызмет атқарылады.

Жауынгерлік даярлықты жетілдіру мақсатында теңізшілер жыл сайын кезең-кезеңімен ұйымдастырылатын оқу-жаттығуларға қатысады. Мәселен, 2025 жылы өткізілген он күндік оқу-жаттығу барысында кемелер жағалаудан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта әрекет етіп, экипаждардың төзімділігі мен кәсіби шеберлігі шыңдалды. Мұндай жаттығулар олардың нақты жауынгерлік жағдайға дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.

– Құрылым қандай техникамен және қару-жарақпен жабдықталған? Қауіпсіздігімізді бұзғысы келетін аяқ­асты қатерлерге жауап қатуға даяр ма?

– Әрине, Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен техникасы заман талабына сай әрі тұрақты түрде жаңар­тылып келеді. Оның құрамында «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» сияқты зымыран-артиллериялық кемелер, күзет кемелері мен жауынгерлік катерлер, сондай-ақ гидрографиялық кемелер бар. Бұл техникалар теңіз және әуе нысандарына соққы беру, миналарды залалсыздандыру мен диверсияға қарсы қорғаныс жүргізу міндеттерін атқара алады. Мысалы, «Каспий самалы-2025» оқу-жаттығуы барысында теңіз және әуе нысандарына қарсы жауынгерлік атыстар сәтті орындалды.

Бұған қоса жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыруға ерекше назар аударылады. Кеме дайындығы шеңберінде К-1 курстық тапсырмалары, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс жағы пысықталады. Сонымен қатар командалық-штабтық жаттығулар арқылы басқару жүйесінің тиімділігі тексе­ріліп, бөлімшелердің үйлесімді әрекеті жетілдіріледі.

– Халықаралық ынтымақтастық жа­йында айттыңыз. Каспий маңындағы өзге мемлекеттерімен тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?

– Иә, халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеміз. Оның бір айқын мысалы – Қазақстан мен Әзербайжан әскери қызметшілері қатысатын «Каспий самалы» оқу-жаттығулары. 2025 жылғы жаттығу Ақтау қаласы мен Каспий теңізі аймағында өтіп, оған шамамен 300 әскери қызметші қатысты. Бірлескен маневрлер, асимметриялық қауіптерге қарсы іс-қимыл, іздестіру-құтқару операциялары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс пен минасыздандыру тапсырмалары сәтті орындалды. 2015 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан бұл жаттығулар өзара тәжірибе алмасуға, елдер арасындағы сенімді нығайту мен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз.

– Елімізде әскери теңізшілер жеткі­лікті ме? Кадрлар қайда даярланады?

– Кадр даярлау мәселесі – Қорғаныс министрлігінің алдында тұрған басты міндеттің бірі. Атап айтқанда, Ақтау қаласындағы арнайы оқу орталығы теңіз штурмандарын, байланыс және радиотехника мамандарын, кеме энергетикасы инженерлерін даярлайды. Сонымен қатар отандық офицерлер Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия сияқты елдерде білім алып, кәсіби біліктілігін арттырып келеді. Бұған қоса Ш.Есенов атындағы Каспий университетінің әскери кафедрасын тәмамдаған офицерлер арнайы жиындарға қатысып, тәжірибесін жетілдіреді.

Теңіздегі әскери қызмет – батылдық пен төзімділікті талап ететін ерекше мамандық. Қатаң тәртіп пен жоғары жауапкершілікті талап ететін бұл салада рухы мықты, кәсіби білікті жандар ғана табысқа жете алады.

Алдағы уақытта салаға жаңа технологияларды енгізу мен әскери әлеуетті күшейту арқылы бұл құрылымның маңы­зын арттыруға назар аударылып отыр. Қорыта айтқанда, Әскери-теңіз күштеріміз еліміздің теңіз қақпасын сенімді түрде қорғап тұр. Кез келген қауіп пен қатердің бетін қайтаруға мүмкіндігіміз жетеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар