Білім • Бүгін, 15:57

Қазақстан QS 2026 пәндік рейтингіндегі позициясын нығайтты

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық жоғары оқу орындары әлемнің үздік университеттерін айқындайтын QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингінде өз орнын нығайта түсті. Бұл – елдің білім беру жүйесінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан QS 2026 пәндік рейтингіндегі позициясын нығайтты

Фото: Ашық дереккөз

QS пәндік рейтингтері – 100 ел мен аумақтан 1900 университет ұсынған 21 000-нан астам білім беру бағдарламасына жасалған тәуелсіз салыстырмалы талдау. Рейтинг 55 пәнді қамтып, олар 5 ірі бағытқа біріктірілген, атап айтқанда, «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Инженерлік және технологиялар», «Өмір және медицина ғылымдары», «Жаратылыстану ғылымдары», «Әлеуметтік ғылымдар және басқару».

Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастап, 4 салалық және 23 пәндік рейтингке енді. Одан кейін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 1 салалық және 15 пәндік рейтингте көрінді.

Сонымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өздерінің бейіндік бағыттары бойынша алдыңғы қатардан орын алды.

Абай университетінде әйелдер көшбасшылығы магистрлік бағдарламасы іске қосылады

QS сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан университеттері халықаралық аренадағы позициясын жүйелі түрде күшейтіп, пәндік рейтингтердегі қатысу аясын кеңейтіп келеді. Ұйымның аға вице-президенті Бен Саутер бұл үрдісті жоғары бағалады.

Оның айтуынша, 2026 жылғы рейтинг нәтижелері Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілігін арттырып отырғанын дәлелдейді. Әсіресе, жаңа пәндер бойынша 14 білім беру бағдарламасының алғаш рет енуі – халықаралық танымалдықтың өскенін айғақтайды. Бұған қоса, «Білім беру» мен «Лингвистика» бағыттары бойынша көрсеткіштер жақсарып, «Орындаушылық өнер» саласында алғаш рет ТОП-100 қатарына кіруі маңызды жетістік болды.

Университеттерді қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіледі

QS-тің өңірлік директоры Сергей Христолюбов Қазақстанның бұл бағыттағы ілгерілеуін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында пәндік рейтингтердің ТОП-100 тізімінде ұсынылған жалғыз мемлекет болып отыр.

Сондай-ақ ол «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша ТОП-50-ге ену – өңір тарихындағы ең жоғары нәтиже екенін жеткізді. Бұл жетістік Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ғана емес, жалпы ұлттық жоғары білім беру жүйесіне ортақ табыс саналады.

Жалпы алғанда, QS World University Rankings by Subject 2026 нәтижелері Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіндегі орнын айқындай түседі. Пәндік рейтингтердегі қатысушы университеттер санының артуы, жаңа бағыттардың қосылуы және жекелеген пәндердегі жетістіктер елдің академиялық әлеуетінің күшейгенін және Орталық Азиядағы жетекші білім орталығы ретіндегі рөлінің нығайғанын көрсетеді.

Президент: Елімізде шетелдік ЖОО-лардың 33 филиалы ашылды

Соңғы жаңалықтар