Фото: Ашық дереккөз
Медиация – бұл дау-жанжалды сотқа жеткізбей, бейтарап үшінші тараптың (медиатордың) көмегімен өзара келісім арқылы шешу тәсілі. Оның басты қағидаты – тараптардың еріктілігі, теңдігі және құпиялылықты сақтау. Медиация барысында әр тарап өз ұстанымын ашық айтып, ортақ шешімге келуге мүмкіндік алады. Бұл әдіс тек дауды шешіп қана қоймай, қатысушылар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, болашақтағы жанжалдардың алдын алуға ықпал етеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа қызмет балалар, студенттер, педагогтер мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді реттеуге көмектеседі. Балабақшаларда медиация тәрбиешілер мен ата-аналарға балалар арасындағы даулы жағдайларды бірлесіп талдауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде бүлдіршіндер ерте жастан қарым-қатынас мәдениетін меңгеріп, бөлісе білу, келісу және жанжалды ушықтырмай шешу дағдыларын қалыптастырады.
Медиация мәдениеті: қоғамдағы татулықты нығайтатын тетікке айналды
Ал колледждерде медиация қызметі студенттер арасындағы келіспеушіліктерді реттеп, қорқыту мен қысым көрсету жағдайларын болдырмауға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде білім алушылар арасындағы жанжал санын азайтып, оқу орнындағы психологиялық ахуалды жақсартуға жол ашады.
Жұмыстың бірізділігін қамтамасыз ету үшін Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен арнайы ереже қолданылады. Құжаттарда дауларды шешу мен агрессияның алдын алуға арналған нақты практикалық тетіктер қамтылған.
Медиация қызметінің құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагогтер, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, ата-аналар, қоғам өкілдері және жас ерекшелігіне қарай балалардың өздері де кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін мұндай қызмет мектептерде «100 медиативті мектеп» жобасы аясында енгізілген еді. Жоба тәжірибесі жанжалдардың алдын алуда және оқушылар арасындағы психологиялық ахуалды жақсартуда тиімділігін көрсеткен.