Қоғам • Бүгін, 08:15

Парапланды тізгіндеген

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көк жүзінен ағараңдаған параплан ағындатқан күйі Шешек асуындағы жазыққа қонды. Әскери ардагер ұшқыш Николай Петинцев референдум учаскесіне дауыс беруге келе жатқан беті екен. Дереу парапланын жинастырды да, өзіне тиесілі учаскеге қарай асықты.

Парапланды тізгіндеген

Суретті түсірген – автор

Әскери оқуды тәмамдай сала ұшақ тізгіндеген ол әлі күнге дейін зеңгір көктен түскен жоқ. Қолы қалт етсе, өзі құрастырған парапланын оталдырып, аспан әлемінде қалықтап жүруді ұнатады. Саяси науқанда да елдің арманы биік болсын деген ниетте биіктен келіп дауыс берген. Жолай әңгімелесіп келе жатқанымызда көк аспанда қандай жауапкершілікті сезінсең, ел ертеңі үшін де солай жауаптысың дейді Қазақстан қарулы күштерінің зейнеттегі полковнигі Николай Петинцев. Бала жастан зеңгір көкте қалықтауды армандаған ол зейнетке дейін әскери ұшақ тізгінінен түспеген. Парапланмен ғана емес, парашютпен секірудің де әккі шебері. Өскемендегі парашюттен секіру клубының негізін қалаушы. Айта берсек, атқарған еңбегі ерен.

«Өмір бойы мемлекетке қызмет еттім. Алпыс үшке келсем де, саяси науқандардан қалмаймын», дейді Николай Петинцев.

пара

Николайдың аспанға деген қы­зығушылығы бала кезінен басталған. Тіпті бес жасында-ақ болашақта ұшқыш боламын деп нық сеніммен айтып жүріпті.

Катонқарағай ауданы Белқа­рағай ауылында туған ол 16 жасында парашют спортымен айналыса бастайды. 1978 жылы авиациялық-спорт клубының базасында алғаш рет парашюттен секірген. Кейін Барнаулдағы әскери ұшқыштар училищесіне түсіп, кәсіби ұшқыш атанады. Оқуын аяқтаған соң, «СУ-24» ұшағымен Ауғанстанда жауынгерлік тапсырмалар орындаған. Әскери ұшақпен ел шекарасын күзеткен.

Бертінде Н.Петинцев парапланмен ұшуға қызығып, жаңа бағытқа бет бұрады. Кейінгі он жылда ол жерден гөрі аспанда көбірек уақыт өткізетінін айтады.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

«Балуан тас сапары» басталды

Аймақтар • Бүгін, 10:22

Мәдени кодтың тамыры терең

Сұхбат • Бүгін, 08:50