Қатысушылар мемлекеттік билік жүйесіндегі институционалдық өзгерістерді, адам құқықтары мен бостандықтарын кеңейту мәселелерін сөз етті. Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев жаңа Конституция ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, заң үстемдігін, аумақтық тұтастықты берік ететінін атап өтті.
«Ең маңыздысы, адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән беріліп, оларды қорғау тетіктері күшейтілді, бұл өз кезегінде қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырады. Конституцияда экономикалық және әлеуметтік бағыттар да айқын. Жекеменшікті қорғау, бизнеске тең жағдай жасау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру көзделген. Бұл – өткен тарихи тәжірибені, ұлттық құндылықтарды және заманауи жаһандық үрдістерді үйлестірген, елдің болашағына бағытталған маңызды қадам», деді сенатор.
Ал Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жаңа Ата заң 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан саяси реформалардың жалғасы екеніне тоқталып, алдағы міндеттерді нақтылап өтті.
«Бұл – көп жылдар, айлар мен күндер бойы атқарылған ортақ еңбектің нақты жемісі. Иә, бастапқыда халық арасында күдік болғаны жасырын емес. Бірақ кең көлемде жүргізілген түсіндіру жұмыстары, халықпен ашық кездесулер арқылы азаматтарымыз реформалардың мәнін терең түсініп, жаңа Конституцияны кеңінен қолдап отыр. Ендігі басты міндет – осы нормалардың толық әрі сапалы жүзеге асуы. Заң қабылдау жеткіліксіз, оны жұртшылықтың дұрыс түсініп, өз құқықтарын тиімді пайдалана алуы шешуші рөл атқарады. Конституция тек мемлекеттік органдар үшін емес, әрбір азаматтың өз құқығын қорғауына мүмкіндік беретін басты құрал болуға тиіс. Сондықтан алда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Яғни заңдардың сапасын арттыру, оларды қоғаммен бірлесе талқылау және нақты өмірде тиімді іске асыру. Жаңа қоғамдық институттар мен цифрлық мүмкіндіктер осы үдерісті жеделдетіп, заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», деді Б.Жексенбай.
Референдум елдегі саяси реформаларға халықтың жоғары деңгейде қолдау білдіретінін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Салыстырсақ, 15 наурыздағы дауыс беруде халықтың қатысу деңгейі бұрынғы саяси науқандармен салыстырғанда едәуір жоғары.
«Мәселен, 2022 жылғы Конституцияға өзгерістер енгізу референдумында қатысу 68,44% болса, сол жылғы Президент сайлауында – 69,43, 2023 жылғы Парламент сайлауында – 54,19, ал 2024 жылғы атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі бойын-ша жалпыхалықтық референдумда 63,87 пайыз болған. Ал соңғы референдумдағы көрсеткіштің өсуі азаматтардың мемлекет тағдырын айқындайтын шешімдерге деген қызығушылығы мен жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Бұл үрдіс референдумның жай ғана дауыс беру рәсімі емес, халықтың саяси реформаларға деген сенімін тікелей білдіретін маңызды құралға айналғанын айғақтайды. Халықаралық тәжірибеде де дәл осындай жоғары қатысу деңгейі демократиялық легитимділіктің маңызды көрсеткіші ретінде бағаланады», деді Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат.
Жалпыхалықтық науқанға дейін жүргізілген сауалнама нәтижесінде де ел азаматтарының 89,2%-ы жаңа Конституция жобасын қолдаған еді. Дөңгелек үстел барысында Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова зерттеулер көрсеткендей, азаматтардың басым бөлігі жаңа Конституция туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алғанын айтты. Сондай-ақ ол Ата заңның нормаларын түсіндіру жұмысын жалғастыра беру керек екенін жеткізді.
«Көп жағдайда адамдар өзгерістердің мәнін үстірт қабылдап, толық түсінбей жатады. Сондықтан конституциялық реформа жөнінен құқықтық ағартушылықты күшейту керек. Әсіресе жастар арасында Ата заңды кеңінен насихаттап, оны әр азаматтың күнделікті өміріне қатысты маңызды құжат ретінде түсіндіру маңызды», деді сарапшы.