Фото:anatili.kazgazeta.kz
Бүгінде еліміз даму жолындағы өте жауапты кезеңді өткеріп жатыр. Отандастарымыз тарапынан жолданған 10 мыңнан аса ұсыныс негізінде 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылып, жаңа Ата заңның жобасы ұсынылды. 12 отырыс, одан бөлек, секциялық топтардың, БАҚ өкілдері, заңгерлер мен лингвистер, филологтер мен саясаттанушылардың сүзгісінен өткен маңызды құжат референдумға шығарылды. Кейін Жалпыұлттық коалиция мүшелері жаңа Конституцияны алыс-жақын орналасқан отандастарымызға егжей-тегжейлі түсіндірді. Өзім де өңірлерде болып, жергілікті тұрғындармен өткен талқылауларға қатыстым. Сол кездесулер барысында халықтың қызығушылық танытып, қызу қолдап отырғанына көз жеткіздім.
Ата заң – заңдық қадам ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің нығаюының айқын көрінісі. Қабылданған Конституцияға сәйкес, ҚХА жұмысы жаңа форматта жалғасады. Ассамблея мен Ұлттық құрылтай негізінде Қазақстан Халық кеңесі құрылады. Бұл жаңа институт құрамында этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдері бірлесе жұмыс істеп, қоғамдағы тұрақтылықты, келісім мен ынтымақты нығайтуға қызмет етеді.
Ендігі басты мақсат – Конституцияны халыққа түсіндіру, насихаттау және қоғамның нақты өміріне енгізу. Бұл үшін кез келген бағыттағы ұйымдар мен ғалымдардың рөлі ерекше маңызды. Себебі олар жаңа заңдардың мәнін тереңінен түсіндіріп, жұртшылықтың сұранысын заң жобаларына дұрыс енгізуге көмектеседі.
Жаңа Конституцияны қабылдау – жауапкершіліктің бастамасы. Ендігі міндет – оны қоғамға жеткізу, сол арқылы ғана біз тұрақты, әділетті және сапалы қоғам құра аламыз.
Әлішер САТВАЛДИЕВ,
Сенат депутаты