Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мереке театрландырылған көрініспен басталды. Қыдыр ата мен Ұмай ана жиналған жұртқа бата беріп, амандық, бақ-береке мен бақыт тіледі. Одан кейін ұлттық киім киген мыңнан астам адам бір мезетте ежелгі Көрісу күні дәстүрін орындап, бір-бірімен құшақтасып көрісіп, жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиын барысында көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруын бейнелейтін қойылымдар сахналанып, ұлттық салт-жоралғылар мен интерактивті мәдени бағдарламалар ұсынылды. Сондай-ақ сахнада Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, бұқара мерекелік концертті тамашалады.
Белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлымен әңгімелескенімізде: «Қазір халық Наурыз мерекесінің мән-маңызын терең түсініп, еліміздің әр өңірінде ұлттық дәстүрді ұлықтау жанданып келеді. Көріп отырсыз, бүгінгі мерекелік көңіл күй керемет. Мұндай мерекелердің басты мақсаты халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасын, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін дәріптеу, ел бірлігі мен ұлттық бірегейлікті насихаттау болуға тиіс», деді ол.
«Көрісу күні – Амал мерекесі» атты іс-шараны ұйымдастырушылар ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырып, жасанды интеллект арқылы мәдени құндылықтарды танытуды да көздепті. Елорданың цифрлық дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтар арнайы киіз үй тігіп, AI-аймақ та ұйымдастырған. Бұл киіз үйге келген қонақтар экрандағы қыздан Наурыз мерекесіне қатысты сұрақ сұрап, электронды садақ атып, құлтемірмен би билеп, сән-салтанат құрды. «Astana innovations» ұйымының қызметкері Айдын Есбек ел бірлігі мен ұлттық болмысты заманға сай технологиямен насихаттау керектігіне тоқталып, жасанды интеллект арқылы дәстүрді насихаттау алда да жалғасын табатынын айтты.
Сонымен қатар саябақ аумағында ұлттық музыкалық аспаптар мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді. Жұрт өнерпаздардың концертін тамашалаудан бөлек, кір тасын көтеріп, алтыбақан теуіп, асық, тоғызқұмалақ ойнап, көңіл көтерді.