Бүгін полиция қызметкерлері еліміз бойынша республикалық референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Ішкі істер министрлігі дауыс беру аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастырады. Бұл туралы «Референдум – 2026» онлайн-марафоны аясында ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ресми өкіл Шыңғыс Әлекешев айтты.
Оның айтуынша, сайлау комиссияларының, байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне және азаматтардың өз таңдауын еркін түрде жасауына барлық жағдай жасалды.
«Еліміздегі 10 мыңнан астам референдум учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілмеді. Қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай тұрақты және полицияның толық бақылауында. Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері бюллетеньдер мен хаттамаларды өңірлік комиссияларға қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді», деді спикер.
Айта кетейік, Қазақстанда 15 наурыз күні кешкі сағат 20:00-де барлық референдум учаскелері жабылды. Референдумда дауыс бергендер саны 9 126 850 азаматты құрады.