Референдумның басты мақсаты – елдің негізгі заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды халықтың тікелей дауыс беруі арқылы қабылдау. Сарапшылардың пікірінше, ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Бахтиёр Худоёрзода: Азаматтардың белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз
Маңызды саяси науқанның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету үшін референдум барысын халықаралық бақылаушылар да қадағалап отыр. Сондай-ақ көрші елдердегі сайлау комиссияларының төрағалары да бірқатар дауыс беру учаскелерін аралап, референдумның ұйымдастырылу барысымен танысты.
Армения Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Мисакович Овакимян Қазақстандағы референдумның ұйымдастырылуына оң баға беріп, азаматтардың өз пікірін еркін білдіруіне мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай маңызды саяси науқандарға халықаралық бақылаушылардың қатысуы референдумның ашықтығы мен сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Біздің мақсатымыз Қазақстандағы референдумның ұйымдастырылу барысымен танысып, тәжірибе алмасу. Бүгін бірнеше референдум учаскесінде болдым. Байқағаным сіздерде барлық учаскелерде мемлекеттік ту мен елтаңба ілініп тұрады екен. Осы үрдіс маған қатты ұнады. Тағы бір айта кетерлік жайт, референдум өте тыныш, бейбіт жағдайда өтіп жатқаны таңғалдырды. Ешкім ұрсып немесе қарсылық танытып жатқан жоқ. Біздің елімізде сайлау немесе референдум тартысты өтеді. Партиялар арасында әжептәуір күрес болады. Сіздерде барлығы басқаша. Қазақстан халқының ауызбіршілігіне тәнті болдым», деді Армения Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
Халықаралық байқаушы: Дауыс беру үдерісінің ашықтық деңгейі өте жоғары
Оның айтуынша азаматтардың референдумға белсенді қатысуы елдің саяси жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді.