Референдум • Кеше

«Алғашқы референдум» акциясы: Қазақстан жастары ел болашағы үшін таңдау жасады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда республикалық референдум өтіп жатыр. Оның аясында жастарды мемлекет өміріне араластыруға бағытталған бірнеше бастама қолға алынды. Әсіресе, «Алғашқы референдум» акциясы шеңберінде алғаш рет дауыс беріп жатқандарға ерекше көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алғашқы референдум» акциясы: Қазақстан жастары ел болашағы үшін таңдау жасады
Бурабай ауданындағы №314 учаскеде 18 жастағы студент Тимур Бақытбекұлы Мыңжасаров алғаш рет дауыс берді. Тимур референдумға қатысу ел болашағы үшін жеке жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін маңызды тәжірибе болғанын атап өтті. Сондай-ақ астаналық 18 жастағы Жансая Рақым да жаңа Конституция бойынша референдумда алғаш рет дауыс берді.

«Еліміздің болашағына аз да болса өз үлесімді қосып, оған әсер ете алатыныма қуаныштымын», деп бөлісті бойжеткен.

Арыс қаласында Айкүміс Кәрім алғашқы дауысын дәл туған күнінде берді. Жас сайлаушыға сайлау учаскесінің мүшелері символикалық сыйлық пен гүл шоқтарын табыстады. Бұл оның азаматтық белсенділігінің есте қаларлықтай басталуына септігін тигізді.
Маңғыстау облысындағы №203 учаскеде жас жұбайлар – Асқарбек Чоғданбаев пен Наурызгүл Тәжедин бірге таңдау жасады.
«Референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды қадам. Жас отбасы ретінде біз өз таңдауымызды жасадық», деді олар.
Ақтау қаласында Yessenov University-дің 1-курс студенті Бекзат Қадірбай алғаш рет дауыс берді. Ол референдумға қатысу – азаматтық жауапкершілік екенін, ал жастар маңызды мемлекеттік шешімдерге бейжай қарамауы тиіс екенін қадап айтты. Дауыс беру күні тұрғындардың учаскелерге баруын жеңілдету үшін қалада қоғамдық көлік қатынауы тегін ұйымдастырылды.

Акция жастардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және саяси процестерге қызығушылығын оятуға бағытталған. Жас сайлаушылар өз дауыстарының маңызы бар екенін және ел болашағына әсер ете алатынын алғаш рет сезінген.

Сайлау учаскелеріне алғаш рет келген жастар үшін бұл күн – үлкен азаматтық өмірге қадам басудың және ел тағдырына атсалысуға ұмтылудың символы. Алғаш дауыс берушілердің белсенділігі бүкіл ел жастары үшін отансүйгіштіктің үлгісіне айналып отыр.

Соңғы жаңалықтар