Finprom.kz зерттеуіне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтарында елімізде бензин мен дизель бағасы кейінгі бір жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, кең таралған бензин түрлері бойынша тұтыну бағасының индексі 116,8% болған. Ал ең көп қолданылатын АИ-92 бензині бір жыл ішінде 17%-ға қымбаттаған. Дизель отынының бағасы да өсіп, 14,2%-ға артқан.
Бұл өсім автокөлік иелері үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. Өткен жылдың күзінен бастап жанармай бағасының біртіндеп өсіп келе жатқаны байқалған. Статистикаға қарасақ, былтырғы жылдың басынан қыркүйекке дейін бензин бағасының индексі 101%-106% аралығында болған. Алайда тамыз айынан бастап бағаның өсу қарқыны күшейіп, индекс 108%-дан 116,8%-ға дейін жеткен.
Өңірлер бойынша баға өсіміне келсек, бензин бағасының ең жоғары өсімі Павлодар облысында тіркелген. Мұнда индекс 126,3% болған. Одан кейін Астана – 120% көрсеткішімен екінші орында тұр. Ал алғашқы бестікке Абай облысы (117,6%), Алматы облысы (117,1%) және Ұлытау облысы (116,9%) кірген.
Ал баға ең аз өскен өңір – Батыс Қазақстан облысы, мұнда индекс 112% ғана болған. Атырау облысында – 113,1%, Маңғыстау облысында – 113,9%. Орталық және оңтүстік өңірлерде өсім салыстырмалы түрде орташа деңгейде қалыптасқан. Мысалы, Түркістан облысында индекс – 114,5%, Шымкентте – 115%, Қарағанды облысында – 115,1%.
Жанармайдың нақты бағасына келсек, ең қымбат бензин ірі қалаларда тіркелген. Мысалы, ел бойынша АИ-92 бензинінің орташа бағасы 236 теңге болса, Астанада оның литрі 251 теңгеден сатылған. Ал АИ-98 бензинінің орташа бағасы 322 теңге болғанымен, Алматыда ол 355 теңгеге дейін жеткен.
Энергетика министрлігі бензин мен газ бағасына қатысты шағымдарды қабылдайтын желі ашты
Басқа қалаларда жағдай әртүрлі. Жезқазғанда АИ-92 бензині – 242 теңге, Талдықорғанда – 239 теңге. Ал ең арзан баға Түркістанда – 224 теңге, Атырауда – 218 теңге деңгейінде тіркелген.
АИ-95 және АИ-96 бензині бойынша ең жоғары баға Алматыда – 317 теңге, Талдықорғанда – 314 теңге, Петропавлда – 308 теңге болған. Ал Ақтөбе мен Атырауда бұл бензиннің бағасы шамамен 280 теңге, яғни, орташа деңгейден төмен.

Фото: energyprom.kz
Дизель отынының ең жоғары бағасы орталық өңірлерде байқалған. Қыстық дизельдің литрі Қарағандыда – 666 теңге, Көкшетауда – 628 теңге, Астанада – 614 теңге болған. Ал ең арзан дизель Қызылордада – 491 теңге, Ақтауда – 473 теңге деңгейінде сатылған.
Сарапшылардың айтуынша, өткен жылдың соңында жанармай бағасының өсу қарқыны Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдеріне қарағанда жоғары болған.
«Соңғы айларда жанармай бағасының өсуі тек ішкі нарықтағы факторлармен ғана байланысты емес. Қазақстандағы баға динамикасы ЕАЭО елдеріндегі үрдістермен де астасып жатыр. 2025 жылдың желтоқсанында елімізде бензин бағасының индексі 115,7% болды. Бұл ЕАЭО бойынша орташа көрсеткіштен (111,1%) әлдеқайда жоғары. Мұндай айырмашылық жанармай нарығындағы қысымның күшейгенін көрсетеді. Дегенмен соған қарамастан Қазақстанда жанармай бағасы көрші елдермен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Мысалы, Қазақстанда бензиннің литрі орта есеппен 0,5 доллар болса, Ресейде ол 0,8 доллар шамасында, яғни 78,3% қымбат. Дизель отыны да Қазақстанда арзан – шамамен 0,7 доллар, ал Ресейде 1 доллар, бұл 49,2% жоғары», дейді зерттеу авторлары.
Сарапшылар тағы бір маңызды мәселеге назар аударады. Қазіргі салыстырмалы түрде төмен баға ұзаққа созылмауы мүмкін.
«Қазіргі баға айырмашылығы ұзақ мерзімде сақтала бермеуі ықтимал. Себебі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО елдері арасында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру туралы келісім күшіне енеді. Егер бұл жоспар толық жүзеге асса, Қазақстандағы жанармай бағасы біртіндеп одақтағы басқа елдердің деңгейіне жақындауы мүмкін. Сондықтан бүгінгі баға болашақтағы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрінуі ықтимал», деп атап өтеді сарапшылар.