Саясат • Бүгін, 08:07

Жаңа Ата заң – сын-қатерлерге берілген жауап

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңір жұрт­шылығымен және кәсіп­орын жұмыс­шылары­мен кездесіп, жаңа Конс­ти­­туция жобасының не­гіз­гі ережелерін тал­қылады.

Жаңа Ата заң – сын-қатерлерге берілген жауап

Кездесулерде конституция­лық нормаларды іске асыру тетіктері, Мемлекет басшысы­ның тапсырмаларын орындау мә­селелері және аймақтың әлеу­­меттік-экономикалық да­му бағдары сөз болды. «Жаңа Конс­титуция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбына арналған диалогке мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкіл­дері, белсенді жастар және жер­гілікті кәсіпорындардың ең­бек ұжымдары қатысты. Сенат төр­ағасы еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін азаматтық қоғам институттарының бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев қазір Қазақ­стан ауқымды саяси жаң­ғыру кезеңін бастан өт­керіп жатқанын айтты. Палата спи­кері осыған бай­ланысты өңір тұрғындарымен қоғам­дағы өзекті мәселелер бойын­ша тікелей кері байланыс орнату үшін ашық диалог жүр­гізу­дің және Мемлекет басшысы ұсын­ған реформаларды тиімді жү­зеге асыру жолында бірлесіп жұм­ыс істеудің маңызы зор екенін жеткізді.

«Қазір еліміз, ешбір әсірелеу­сіз, өзінің даму жолындағы нағыз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Кейінгі жылдары біз тәуелсіз мемлекет қалыптастырып, тұрақты дамудың берік негізін қаладық. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының арқа­сында экономикамызды, өн­діріс пен кәсіпкерлікті жүйелі түр­де дамытып келеміз. Адам ка­пи­талын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп, ғылым мен білімге ауқым­ды инвестиция салынып жатыр. Осы тұрғыда құқықтық және институционалдық жүйе­міз­ді жаңарту қажеттігі айрық­ша мәнге ие болып отыр. Біз оны жаңа міндеттерге, ал­дағы он­жыл­дықтарда әлемдік дамуды айқындайтын үдерістерге бейімдеуіміз керек. Сондықтан жаңа Конституция жобасы – ең алдымен, жаңа сын-қатерлерге берілген жауап. Бұл – жаһандық тұрақсыздық жағдайында еліміз­дің әрі қарай серпінді, тұрақты да­муын қамтамасыз етуге арналған және алдын ала жасалған маңызды қадам», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы жаңа Конституция жобасының не­гізгі бағыттарына тоқталып, бұл құ­жатты мемлекетті дамытудың ұзақмерзімді бағдары және саяси жүйені кешенді жаңғыртуды көздейтін маңызды тетік деп атады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік инс­титуттарды жан-жақты жаң­ғыртып, заман талаптарына жедел бейімделетін икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Жаңа Ата заң жобасы күшті әрі құзыретті Парламент, тиімді әрі нәтижелі Үкімет және тәуелсіз әрі ашық сот жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Саяси партиялардың рөлі күшейіп, консультативтік инс­ти­туттар дамиды. Сондай-ақ мәс­ли­хаттардың ықпалы артып, орта­лық пен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді жүйесі құрылады. Мұның бәрі әртүрлі әлеуметтік және этностық топтар­дың пікірін ескере отырып, мемлекетке уақтылы әрі салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді», дей келе Сенат төрағасы өңір тұрғындарымен кездесуде алдағы кезеңде бірлесіп атқаратын жұмыстың негізгі бағыттарына назар аударды.

Облыстың белсенді жастарымен кездесуде Мәулен Әшімбаев конституциялық өзгерістер жас буынға өз әлеуеттерін жүзеге асыруға мол мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол мем­лекеттік бастамалардың табысты жүзеге асырылуы, ең алдымен, азаматтық жауапкершілікке және жастардың елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция жастарға үлкен мүмкіндіктер кеңістігін ұсынады. Оның негізінде әділеттілік, заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер қағидаттары жатыр. Бұл – әрбір жас азамат өзінің білімінің, еңбегінің және бастамашылдығының арқасында әлеуетін толық жүзеге асыра алатын жағдай деген сөз. Ата заң жобасында білім, ғылым, мәдениет және инновацияны дамытуға арналған басымдықтар бекітіліп, шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктері қарастырылған. Яғни дарынды, білімді әрі бастамашыл жастарды қолдау ел дамуының стратегиялық басымдығына айналады. Бұл ретте жастардың өз жауапкершілігін терең сезініп, қазіргі тарихи өзгерістердің ауқымын түсініп, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуы аса маңызды», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар сапар барысында Мәулен Әшімбаев «ЗИКСТО» ЖШС вагон жасау зауытының және қағаз өнімдерін шығаратын «Рим-ҚазАгро» фабрикасының еңбек ұжымдарымен кездесті. Бұдан бөлек Парламент депутаттары «Мағжан орталығының» және Петропавл қаласындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған №2 коррекциялық мектебінің қызметімен танысты. Сондай-ақ аталған оқу орны­ның ұстаздарымен, «Sensitive» есту қабілеті төмен бишілер ансамблімен және өңірдің басшыларымен кездесті.

Соңғы жаңалықтар