Платформаны мектеп ұстаздарынан бөлек, колледж оқытушылары мен балабақша тәрбиешілері де қолданады. Жобаның негізін қалаушы – кәсіпкер Еламан Бауыржанұлы мен оның серіктесі Мадияр Серікбайұлы. Платформа командасында қазір 50-ге жуық қызметкер жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ІТ мамандары, әдіскер, кураторлар бар. Жүйе қазақ, орыс, ағылшын, өзбек тілдерінде қызмет көрсетеді.
Ұстаздар қауымы күнделікті сабақ өткізу үдерісіне, семинар сабақтарына осы платформаны белсенді қолданады. ҚМЖ, ғылыми жоба, авторлық бағдарлама, әдістемелік құрал жазып алудан бөлек, көрнекіліктер мен ойындар генерациясы, кері байланыс, презентацияны жасау мүмкіндігі де қолжетімді.
«Қазір осы платформаға елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстаннан сұраныстар түсіп жатыр. Мұғалімдерге сайттан шығып жаңа дүние іздеудің қажеті жоқ. Барлығы Оқу-ағарту министрлігі талабына сай, бір жерде шоғырланған. Оның да өз себебі бар. Біріншіден, мұғалімдердің қажеттілігін толықтай платформа жаба алуына жұмыс істедік. Шетелден шыққан платформаларда ондай мүмкіндік әзірге жоқ. Екіншіден, қаржылық мәселе. Қазір мұғалімдер ашық сабақта жасанды интеллектіні қолданып жатыр. Бірақ оны ұстаздардың бәрі жасай алмайды. Сондықтан оны біреуге жасатып, сатып алады. Одан бөлек, ҚМЖ, көрнекіліктерге тағы шығынданады. Алаяқтың аузына жем болып қалатын ұстаздар да баршылық. Осылайша, мұғалімдердің қалтасы қағылады. Сол үшін де біздің платформаға мұғалімге керектінің бәрін жинақтадық. Мұндағы жасанды интеллект бар болғаны 1-5 минутта екі сағаттан бір аптаға дейінгі жазатын материалды дайындап береді. Ішінде сөйлейтін жасанды интеллект, ұлттық, топтық бағыттағы ойындар генерациясы да бар. Оқытушы тақырып пен сыныпты көрсетсе жеткілікті», дейді жоба жетекшісі Мадияр Серікбайұлы.

Платформаның пайдасын оны күн сайын қолданып жүрген мұғалімдер жақсы біледі. Себебі кез келген цифрлы құралдың құны – жарнамасында емес, сабақ барысындағы нақты нәтижесінде өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Shyraq AI»-ды тәжірибе жүзінде сынап, тиімділігін көрген ұстаздардың пікірі маңызды.
«Shyraq AI» платформасын өткен жылдың қазан айынан бастап қолданып келемін. Әуелде қысқамерзімді жоспарды дайындау үшін алғанмын. Одан кейін басқа да ресурстар қосылды. Қазір «Тапқыр», «Ұшқыр», «Білгір» бөлімдері арқылы тапсырмалар құрастырып күнделікті сабағымда пайдаланып жүрмін. ҚМЖ, БЖБ жұмысын едәуір жеңілдетті. Нәтижесін көрген соң басқа да мұғалімдер қызығушылық танытып, Shyraq AI-мен балалар шырағын жағып жүр», дейді Жетісу облысы, Достық орта мектебінің биология пәні мұғалімі Гүлмира Омарова.
«Shyraq AI»-дың басты артықшылығы тек материалды жылдам жасатумен шектелмейді. Жоба командасы ЖИ-ді дұрыс қолдануға бағыттайтын қолдау жүйесін де қатар ұсынған.
«Көпшілік мұғалім жасанды зердені қолдану барысында дұрыс тапсырма бере алмай немесе қалай қолдану керектігін білмей тығырыққа тіреліп жатады. Сол себепті де кураторлар қызметі қосылған. Таңғы 9-дан 23-00-ге дейін кураторларымыз тынбай еңбектеніп жүр. Көп платформада жасанды бот жауап береді, ал бізде кураторлар аудио, бейнежазба арқылы байланысқа шығып ұстаздарға көмек көрсетеді. Жалпы, Президент бастамасымен қазір жасанды зердені мектеп жұмысына кіріктіруге көп көңіл бөлініп жатыр. Мұғалімдер баяндама, педагогикалық идеяларын да осы ЖИ төңірегінде жазып жатыр. Бұл бастамаға «Shyraq АІ» арқылы біз де өз үлесімізді қоса алдық деп ойлаймыз», дейді жоба жетекшісі Еламан Бауыржанұлы.