Фото: Үкімет
Олжас Бектенов Көкшетау қаласының жеке секторын су басу мәселесін Қылшақты өзенін тереңдету және кеңейту жолымен шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде үйлерді су басуына байланысты әкімдік «ҚазЦинк» компаниясының көмегімен жағалауды және өзен түбін нығайту жұмыстарын жүргізді, бұл каналдың өткізу қабілетін секундына 136 текше метрге жеткізуге мүмкіндік берді. Осыған ұқсас жұмыстар Шағалалы өзенінде де жүргізілді. 2025 жылғы су тасқыны сол кезде қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті. Ақмола облысында биыл су тасқынына қарсы іс-шаралармен барлығы 163 елді мекен және 32 жол учаскесі қамтылды. Жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын Қалқұтан, Нұра, Есіл, Чаглинка және Жабай өзендерінің арналарын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары аяқталды, 17 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, нығайтылды.
Республикалық жедел штаб отырысында Премьер-министр су тасқыны жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін бірқатар факторға назар аударды. Олар – қалың қар, күздегі жаңбырдан соң жер бетінің мұз болып қатып қалуы, топырақ қабатындағы терең тоң. Бұл ретте кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық шаралары толық жүзеге асырылмаған. Оның ішінде өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалған, сондай-ақ елді мекендерден қарды шығару да тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген.
«Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елді мекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Сол себепті бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек», деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов: Жаңа Конституция – болашақтың стратегиялық таңдауы
2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, ТЖ министрлері, сондай-ақ Көлік, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері баяндады. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, бұл өңірлерде болжамдарға сәйкес су басу қаупі сақталып отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылғы көктемге арналған болжамдар туралы айтты. «Қазгидрометтің» мәліметінше, Қазақстанда наурыз және сәуір айлары жылы болады, ауа температурасы нормадан 1°С жоғары, жауын-шашын еліміздің басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп күтіледі.
Жоғарыда аталған үш өңірден басқа, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау мен Жетісу облыстарында да қауіп бары атап өтілді. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су тасқыны қаупі төмен.
Су нысандарындағы жағдай туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады. Республикада 1395 гидротехникалық құрылыс бар. Оңтүстік өңірлердің су қоймалары бүгінде су жинау режиміне көшті, ал солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлердің объектілері жоспарлы режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде 166 шақырымнан астам өзен арналарын қамтыған іс-шаралар жүзеге асырылды.
Штаб отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖМ жедел штабы 1 наурыздан бастап гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізе отырып, тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын баяндады. Еліміз бойынша су тасқыны болуы мүмкін 1242 елді мекен анықталды. Су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы саны 39 мың адамнан асатын азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының республикалық және өңірлік топтары құрылды, сондай-ақ 18 мыңнан астам техника мен арнайы құралдар дайындалды. Сондай-ақ министр барлық қызмет жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтіріліп, ахуал күрделенген жағдайда қажетті шешімдер дереу қабылданатынын жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы ТЖМ-ның материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды, 842 бірлік арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 ұшақ және тағы да басқалар сатып алынды. 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен бөгендер тұрғызылды, 1128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделді және жаңадан салынды, автомобиль мен теміржол бойларында 934 су өткізу нысандары жаңадан орнатылды және ескісі ауыстырылды. Су тасқыны қаупі бар өзендердің телімдерінде шамамен 166 шақырым жерін тереңдету, 255 шақырым жағалауын нығайту, 221 шақырым жерін тегістеу және 172 шақырым арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Премьер-министр мемлекеттік органдар басшыларының назарын Щучинск және Семей қалаларында болған оқиғаларды ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды. ТЖ министрі аталған екі факт бойынша қылмыстық істер қозғалғанын, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын баяндады. Щучинск қаласында қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілді. Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеуде, оның қорытындысы бойынша осыған ұқсас оқиғалардың орын алуына жол бермеу жөнінде кешенді шаралар әзірленеді. Жарылыстың себебі – тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің бұзылуы. Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында болған өртке келетін болсақ, ТЖМ күштері өртті тез арада тоқтатты, бұл адам шығынының болмауына мүмкіндік берді. Олжас Бектенов ТЖМ-ге әкімдіктермен бірлесіп өрт қауіпсіздігін күшейтуді, профилактикалық рейдтер жүргізуді және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков Tasqyn жүйесінде тәуекелдерді модельдеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Платформа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, өндірістік пайдалануға берілді. Министрліктің мәліметі бойынша, өткен жылы Tasqyn жүйесінің болжамдық деректерінің сәйкес келу көрсеткіші орташа есеппен 75%-ды құрады. Биыл Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, сондай-ақ Абай облыстарының 31 елді мекенінде су тасқыны қаупі байқалады. Премьер-министр алдын алу шараларын қабылдау үшін деректерді өңірдегі әкімдіктерге беруді тапсырды.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ұзындығы 160 шақырым автожолдардың 229 су тасқыны қаупі бар учаскелері бақылауға алынғанын, оларға күнделікті тексеріс жүргізіліп, 2,5 мыңнан астам техника бекітілгенін баяндады. Алдын алу шараларын қабылдау үшін инертті материалдар дайындалды, оның ішінде 40 мың м3 ірі кесек тастар, 15 мың м3 құм, 5 мың м3 қиыршық тас және тағы басқалар бар. Тасқын суларды өткізу үшін 45 мың су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 580-нен астам жаңа су өткізу құбырлары орнатылды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 5 апатты көпір жөнделді.