Сурет: zakon.kz
Экономиканы көлеңкелі айналымнан арылту, бюджет кірісін ұлғайту, адал бәсекеге жол ашу – мемлекеттің стратегиялық міндеті. Осы мақсатта елде тауарларды міндетті цифрлық таңбалау мен қадағалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бұл бастама алғашында техникалық жаңалық ретінде қабылданғанымен, уақыт өте оның құрылымдық реформа сипатына ие екені айқындалды. Әңгіме жай ғана код жапсыруда емес, бүкіл тауар қозғалысын цифрлық ізге түсіруде.
Қазір міндетті таңбалау алты тауар тобына қолданылады: темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, сыра сусындары, мотор майлары, киік мүйізі.
Алғашқы қадам 2020 жылғы 1 қазанда темекі өнімдерінен басталды. Кейін аяқкиім, дәрілік заттар қамтылды. Жүйе іске қосылғаннан бергі экономикалық әсер нақты көрсеткіштер арқылы көрініс тапты. Темекі нарығында айналымның 95 пайызға жуығы цифрлық форматқа көшкен. Заңсыз өнімді анықтау тиімділігі бірнеше есеге артқан: анықталған көлеңкелі айналым көлемі 2 млрд теңгеден 12,8 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Салық түсімі бір жарым есеге өсіп, бюджетке қосымша ондаған млрд теңге түскен. Аяқкиім сегментінде кіріс үш есеге жуық көбейген.
Tañba бірыңғай операторын басқаратын Бикеш Құрманғалиева әр тауар бірлігіне бірегей Data Matrix коды берілетінін айтты. Сол код арқылы өнімнің өндірістен бастап соңғы сатылымға дейінгі қозғалысы толық бақыланады. Осылайша, нарықта бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптасады. Көлеңкелі арналар қысқарып, адал кәсіп иелеріне тең жағдай жасалады. Сауда тізбегінің әр буыны көрініп тұрған соң, жалған құжат рәсімдеу, контрабандалық жеткізілім секілді тәуекелдер азаяды.
Б.Құрманғалиеваның айтуынша, дәрілік қамтамасыз ету саласында бұл тетік айрықша нәтиже берген. Жүйе денсаулық сақтау инфрақұрылымымен ықпалдастырылып, дәрі-дәрмектің қозғалысы толық бақылауға алынған. Есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына тосқауыл күшейген. Мемлекеттік сатып алуда жоспарлау нақтылығы артып, бюджет қаржысы үнемделген. Мыңдаған заң бұзушылық анықталған. Бұл цифрлық бақылаудың тек фискалдық емес, әлеуметтік маңызы да зор екенін көрсетеді.
Былтыр 1 желтоқсаннан бастап киік мүйізін міндетті таңбалау енгізілді. Мұның халықаралық қыры бар. CITES конвенциясының талаптары сирек кездесетін жануарлар дериваттарының заңды шығу тегін дәлелдеуді міндеттейді. Цифрлық белгі болмаса, экспортқа рұқсат жоқ. Бұл жүйе табиғи байлықты қорғау ісімен ұштасып жатыр. Халықаралық міндеттемелердің орындалуы да осы тетік арқылы айқындалады.
Биылдан бастап мотор майлары мен сыра өнімдері кезең-кезеңімен таңбаланады. Алдымен пластикалық, метал мен шыны бөтелкедегі өнімдер таңбаланып, кейін оған қаңылтыр банкадағы түрлері қосылды.
Үкімет отандық өнім өндірушілерге нақты көңіл бөліп, мемлекеттік қолдауды күшейтіп жатыр. Дегенмен де тауарларды таңбалау кезінде отандық өндірушілерге басымдық беріле ме, әлде олардың да кейбір тауарына шектеу қойыла ма? Осы сауалға жауап берген спикердің жауабынан түйгеніміз, жүйе тауардың шыққан еліне қарай шешім қабылдамайды. Негізгі талап – заңдылық пен ашықтық. Егер өнім кедендік рәсімнен заңды өтіп, құжаттары толық болса, код беріледі. Ал заңсыз арнамен келген, декларацияланбаған тауарға жүйе тосқауыл қояды. Яғни бұл тетік белгілі бір елге қарсы шектеу емес, ортақ ережені сақтауды міндеттейтін құрал.
Шын мәнінде цифрлық таңбалау протекционизмнің жасырын формасы емес. Ол – әділ бәсекенің алғышарты. Көлеңкелі импорт азайған сайын ішкі өндірістің мүмкіндігі кеңейеді. Баға демпингі тежеледі. Нарықтағы ойын ережесі айқындалады. Адал кәсіп иесі ұтады, салық түсімі өседі, тұтынушы сапалы әрі заңды өнім алады, дейді сарапшылар.
Арнайы қосымша арқылы әр адам тауардағы кодты сканерлеп, оның түпнұсқалығын бір сәтте тексере алады. Өнімнің қайда өндірілгені, қандай жеткізу тізбегімен келгені жөніндегі мәлімет ашық көрінеді. Күмән туындаған жағдайда тиісті органға тікелей хабарлама жолдау мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, нарықты қадағалау тек құзырлы құрылымдардың міндеті болып қалмай, тұтынушының өз қолына да көшеді. Әр азамат өзі сатып алған өнімнің заңдылығына көз жеткізе алатын орта қалыптасып, қоғамдық бақылау жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.
«Naqty Onim қосымшасы арқылы әр адам тауар кодын сканерлеп, оның түпнұсқалығын тексере алады. Өндіруші туралы мәлімет ашық көрінеді. Қажет болса, құзырлы органға шағым жолдауға мүмкіндік бар. Бұл – қоғамдық бақылаудың жаңа деңгейі», деді Б.Құрманғалиева.
Қазір медициналық бұйымдар, өсімдік майы, ағаш материалдары, тұрмыстық химия, косметика бағытында қанатқақты жоба жүріп жатыр. Бұрын биологиялық белсенді қоспалар, сұйытылған газ, зергерлік бұйымдар сыннан өткен. Әрбір жаңа қадам экономикалық есепке сүйеніп қабылданады.
Цифрлық таңбалау – салық жинаудың тетігі ғана емес, экономиканың тәртібін қалыптастыратын құрал. Ол көлеңкелі айналымды шектеп, адал еңбекті бағалайтын орта құруға бағытталған. Ең бастысы, нарықтағы сенімді күшейтеді. Сенім бар жерде сапа артады. Ал сапа артқан жерде ұлттық өндірістің еңсесі тіктеледі.