Иә, алдымен суреттің шеткі жиектерін ұстараның жүзіндей лыпып тұрған конькидің ұшымен салып шықты. Содан соң ғана суреттің ішкі бөлігіне құтыдағы түрлі түсті аэрозоль сырлармен өзгеше бір өң берді. Түкті кілемнің бетіне салынған тамаша суреттің астына «Осы тарихи сәтті еліміз үшін мәңгілікке бейнелеп қалдырдым!» деп жазба жазды. Оны ол өзінің инстаграм парақшасына жүктеді. Біле білген жанға осының өзі үлкен өнер ғой. Қайбір жылдары бокс қолбағын киіп алып та, тамаша туынды жасап шыққандығын жұртшылық ұмыта қоймаса керек. Ал Геннадий Головкиннің портретін Астанадағы ринг төрінде салып шыққанын көпшілік қауым біле бермес.
2021 жылы Димаштың суретін салып бастаған ол кейіннен Абайдың, Батырхан Шүкеновтің, Жанар Доғалованың, Скриптониттің суреттерін салды. Одан бөлек Эннио Морриконенің, Мессидің де портреттерін жасап шықты. Ал Джеки Чан, Дженнифер Лопестің бейнесін кілемге бедерлеп, оны өздеріне сыйлық ретінде сыйлап та үлгерді. Әрбір суретіне әсер беруге әуес Әселдің бұл күнде Алматы шаһарында жеке сурет студиясы бар. Онда ол соңынан ерген талантты шәкірттерін бейнелеу өнеріне баулу ісімен шындап айналысады.