Туризм • Бүгін, 08:25

Алматы тау кластерінің әлеуеті жоғары: Халықаралық мамандар пікірі бір арнада тоғысты

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Алматыда Еуразиялық тау курорттары альянсының (ЕТКА) III фес­ти­валі салтанатты түрде ашылып, апта соңына дейін жалғасатын халық­аралық жиында «Almaty superski» тау-шаңғы курортының жобасы таныстырылды.

Алматы тау кластерінің әлеуеті жоғары: Халықаралық мамандар пікірі бір арнада тоғысты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Осымен үшінші рет Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінің таудағы курорттарын тоғыстырып отырған отандық ЕТКА жобасы табыссыз да емес. Фестивальдың алғашқы күнінде-ақ Шымбұлақ пен Еура­зияның әйгілі курорттары Жасыл хар­тияға қол қойып үлгерді. Фестиваль бұған дейін Әзербайжандағы «Шахдаг» тау ку­рор­тында өткізілсе, келесі басқосу Ташкент маңындағы «Амирсойда» жоспарланған.

«Oi-Qaragai» тау курортының Ақтас базасынан бастау алған фестивальдың басты оқиғасы – «Kazakh tourism development» (KTD) компаниясы қолға алып отырған «Almaty superski» тау-шаңғы курорты жобасының таныстырылуы.

Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев халықаралық деңгейдегі жаңа тау-шаңғы курорты 5 мыңға жуық адамға жұмыс тауып беріп, Шымбұлақ пен оның айналасындағы кішігірім демалыс орындарына түсетін салмақты да бөлісетінін атап өтті. Бір жағынан бұл жоба аймақтағы ең ірі жұмыс берушіге айнала отырып, шаһардағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек.

«Almaty superski» жобасының аясында әртүрлі деңгейдегі 60 шақырымдық шаңғы трассасын, күніне 10 мыңдай адамды тасымалдай алатын озық техно­логиялы 16 аспалы жол салу қарас­тырылған.

Ең бастысы, кезекті тау-шаңғы курортының экологияға, қоршаған ортаға кесірі тимегені де керек. Сондықтан ESG-қағидаттарының ашықтығы мен сақталуын қамтамасыз ету, CO₂ шы­ғын­дарын қадағалау жүйесі енгізіліп отыр.

Жалпы алғанда, жоба Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шамамен 1002 гектарын немесе 0,5%-дай аумағын алады. Осы аумақтың 20 гектарында курорттық ауыл, яғни демалыс орнын салу жоспарланған.

KTD бас атқарушы директоры Е.Еркінбаев «Almaty superski» жай ғана тау-шаңғы курорты емес, экономиканы әртараптандыруға, туризм мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастама екендігіне тоқталды.

Жаңа жоба Алматы тау кластерінің өзегіне айналып, еліміздің әлеуеті зор тау туризмі саласында өзіндік халықаралық брендін қалыптастырып, елдің жаһандық туристік нарықтағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.

сум

Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР

Бұл жобадан бөлек, фес­тивальда «Shymbulak» пен Еуразияның әйгілі курорттары Жасыл хартияға қол қойды. Еуразия кеңістігіндегі тау туризмі индустриясының тұрақты дамуының ортақ қағидаттарын айқындайтын стратегиялық құжат тау эко­жүйелерін сақтау, климатқа кері әсерін азайту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану сынды экологиялық талаптарға сай басқару тәжірибелерін дамыту бағытында курорттардың ортақ жауапкершілігін қуаттайды. Хартия ерікті түрде қабылданады әрі оған өзге де тау курорттары қосыла алады.

Құжаттың арнайы бөлі­мінде ашықтық, әріптестік пен ұтымдылық қағидаттары қамтылған. Бұл бизнес, мемлекет, жер­гілікті қауымдастықтар мен ғылыми ұйым­дар арасын­дағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Қол қоюшы тараптардың бірлескен бастамаларын ЕТКА-ның тұрақты даму жөніндегі сараптамалық платформасы үйлестіріп отырады.

Осы орайда «Shymbulak» ку­рортының бас директоры Ринат Абдрахманов: «Шымбұлақ үшін Жасыл хартияны қабылдау – кейінгі жылдары жүйелі түрде атқарып келе жатқан жұмысы­мыздың заңды жалғасы. Тау курорты экологиялық тепе-теңдікті сақ­тамай дами алмайды. Табиғи ландшафтарды қорғау, ресурстарды жауапкершілікпен басқару, климатқа әсерді азайту – саланың ұзақмерзімді тұрақтылығының негізі», деп атап өтті.

Жасыл хартияға ЕТКА құра­мындағы «Shymbulak Mountain Resort» (Қазақстан), «Oi-Qaragai Mountain Resort» (Қазақстан), «Amirsoy Mountain Resort» (Өзбекстан), «Rosa Khutor» (Ресей), «Shahdag Mountain Resort» (Әзер­байжан), «Grandvalira An­dorra» (Андорра, ЕО) сияқты әйгілі курорт­тар қол қойып отыр. Мұндай мәміле, келісімдердің пайдалы тұстары көп. Альянс­қа мүше елдер курорттарының клиент­тері түрлі жеңілдіктері бар ЕТКА-ның Бі­регей ски-пас карталарын қолдана алады. Заманауи маркетинг дегеніміз де осы.

Еуразиялық тау курорттары альянсы 2023 жылы Еуразиядағы жетекші тау курорттарының бас­тамасымен құрылған. Альянстың мақсаты – тау туризмі басқару саласындағы күш-жігерді бірік­тіру, туристік қызмет сапасын арттыру, спорттық әлеуетті дамыта отырып, тұрақты тау туризмінің үздік тәжірибелерін ілгерілету. Альянстың штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан. ЕТКА құрамына еліміздің «Shymbulak», «Oi-Qaragai», Әзербайжанның «Shahdag», Өзбекстанның «Amirsoy», Ресейдің «Rosa Khutor», сондай-ақ Оңтүстік Кореяның «Mona Yong Pyong» курорттары кіреді. 24 ақпанда «Grandvalira Resorts Andorra» курорты Альянсқа қосылуға ниеттті екені туралы меморандумға қол қойды.

Сол сияқты Алматыда Еура­зиялық тау курорттары альянсы (ЕТКА) мен Андоррадағы ең ірі тау курорттары желісі – «Grandvalira Resorts Andorra» арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл мәміле де Grandvalira-ның Альянс құрамына қосылуға ниетті екендігін, оған қоса тау туризмі саласында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға дайы­н екенін айғақтайды. ЕТКА атынан меморандумға Альянстың бас хатшысы Андрей Кукушкин, «Grandvalira Resorts Andorra» атынан Тау бизнесін дамыту директоры Роман Серра қол қойды.

Алматыдағы Еуразиялық тау курорттары альянсының III фестивалі жұмаға дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40