Қазақстанда әлеуметтік желілерді қолдану деңгейі жоғары. 2025 жылдың басындағы деректерге сәйкес, елдегі интернет пайдаланушылар саны 19,2 миллион адамға жетіп, бұл халықтың 92,9 пайызын құрады. Оның ішінде 15,7 миллион адам, яғни 75,7 пайызы әлеуметтік желілерді тұрақты қолданады. Ең танымал платформалар қатарында WhatsApp, Instagram және TikTok бар. Әсіресе, жастар аудиториясы белсенді: олардың 66,2 пайызы әлеуметтік желілерде уақыт өткізіп, әртүрлі контентті тұтынады. Бұл көрсеткіштер желідегі белсенділіктің жоғары екенін аңғартқанымен, қазақ тіліндегі контенттің трендке ықпалы әлі де төмен деңгейде қалып отыр. TikTok бүгінде Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желілердің біріне айналды. Meta деректері бойынша 2025 жылы Instagram қолданушыларының саны 12,4 миллионға жетсе, TikTok аудиториясы одан да кең − платформаны ел тұрғындарының едәуір бөлігі пайдаланады. Соңғы жылдары TikTok қолданушыларының саны 14,1 миллионнан асқаны айтылып жүр, бұл оны Қазақстандағы ең ірі әлеуметтік желі пайдаланушы базасына ие платформаға айналдырды. Соған қарамастан, қазақ тіліндегі контенттің бұл алаңдардағы үлесі мен танымалдық көрсеткіші ағылшын және орыс тілдеріндегі мазмұнмен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мұндай жағдайға әсер ететін негізгі себептердің бірі − тілдік фактор. Қазақ тіліндегі контентті дайындау күрделірек әрі көп уақытты талап етеді. Медиа саласында қазақ тілінің лексикалық қоры әлі толық қалыптаспаған, ал автоматтандырылған аударма құралдарының сапасы жеткіліксіз. Бұл контент жасаушылар үшін қосымша қиындық туғызады.
Сонымен қатар формат мәселесі де айрықша рөл атқарады. TikTok пен Instagram Reels сияқты платформалар қысқа әрі динамикалық бейнеформатты алға шығарады. Аудитория көбіне интерактивті және эмоцияға құрылған контентке басымдық береді. Ал тілдік ерекшелігі бар, аудиториясы шектеулі қазақ тіліндегі видеолар үшін трендке шығу мүмкіндігі одан әрі азая түседі, әсіресе мұндай контенттің жалпы саны төмен болған жағдайда кездеседі.
TikTok дәуіріндегі журналистика: Қысқа видео қоғамға не беріп жатыр?
Тағы бір маңызды фактор − аудиторияның қызығушылық профилі. Зерттеулерге сәйкес, жас пайдаланушылар арасында ойын-сауық және вирустық контентке сұраныс жоғары. Мәселен, интерактивті мазмұнға қызығушылық 33,3 пайызды, жарнамалық контентке 25,7 пайызды, ал вирустық видеоларға 14,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер қазақ тіліндегі білім беру, аналитикалық немесе мәдени контенттің кең көлемде трендке шығуын шектейтінін аңғартады.
Әлеуметтік желілердің алгоритмдік жүйесі де контенттің таралуына тікелей әсер етеді. TikTok пен Instagram алгоритмдері көбіне ағылшын және орыс тілдеріндегі мазмұнды халықаралық аудиторияға кеңінен ұсынса, қазақ тіліндегі видеолар негізінен жергілікті қолданушылар шеңберінде қалады. Бұл фактор қазақ контентінің жаһандық трендтер қатарына қосылуына айтарлықтай кедергі келтіреді.
TikTok жұлдызы Хаби Лейм өзінің ЖИ-сыңарын 975 миллион долларға сатты
Сонымен бірге қоғамдық медиа тұтыну мәдениеті де маңызды рөл атқарады. Қазақтілді аудитория интернетте белсенді болғанымен, қазақша трендтерді іздеу мен қолдау деңгейі әлі де төмен. Соның салдарынан көп жағдайда танымал трендтер ағылшын немесе орыс тіліндегі контент негізінде қалыптасады.
Meta Қазақстан бойынша салынатын контентпен жұмыс істейтін қызметкер іздеп жатыр
Осы жағдайды өзгерту үшін қазақ тіліндегі контентті дамытуда тек тілдік ресурстарды жетілдіру жеткіліксіз. Қысқа бейнеформаттарды, визуалды мазмұнды және эмоционалды, трендке бейім элементтерді тиімді пайдалану қажет. Қазақ тілді контент жасаушылар мен медиа ұйымдар ұлттық мәдениет пен тілді халықаралық аудиторияға таныстыру үшін инновациялық форматтар мен креативті тәсілдерді кеңінен қолдануы тиіс. Қорытындылай келе, қазақтілді контенттің сирек трендке шығуы − әлеуметтік және технологиялық факторлардың тоғысуынан туындайтын күрделі құбылыс. Бұл мәселені шешу тілдік дамумен қатар, заманауи медиа форматтарды тиімді игеру арқылы ғана мүмкін.
Алуа МҰРАТХАНҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті