Көрме • Бүгін, 08:00

Димаштың домбырасы

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінде «Димаш: бір дауыс – мың ел» атты көрме ашылды.

Димаштың домбырасы

Көрмеге Қазақстан және Қырғыз Республикасының халық әртісі, композитор, мультиаспапшы, есімі әлемге танылған вокалист Димаш Құдайбергеннің музей қорына сыйға тартқан жәдігерлері қойылды.

Мәдени іс-шараның ашылуына өнер иесінің өзі қа­тысып, экспозицияның лентасын қиды. Музейге әнші жеке мұрағатындағы 70-тен астам музыкалық аспапты сыйға тартты.  Ондай аспаптың бірі Димашқа атасы бала күнінде сыйға берген, шығармашылық жо­лында үнемі жанына алып жүрген қастерлі домбырасы болса, екіншісі – өз қолтаңбасы қойылған музыкалық аспап.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев көрменің мазмұндық ерекшелігін атап өтсе, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова әншіге хакім Абай атамыз ұстаған домбыраның көшірмесін ұсынды. Оның айтуынша, көрме өнері арқылы халықтарды жақындастырып жүрген дарынды тұлғаның шығармашылығын насихаттап, халықаралық деңгейдегі жетістіктерін айшықтай отырып, ұлттық музыкалық аспаптарды дәріптеуді мақсат етеді.

Өз кезегінде Ықылас музейі­мен бірлескен жобаның маңызына тоқталған әншінің әкесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші, сазгер, Қанат Айтбаев іс-шараның рухани-мәдени маңызына тоқталып, ұлттық өнерді ұлықтап, әлем халықтарының музыкалық мұрасын бір кеңістікте тоғыстырған та­ғылымды бастама екенін атап өтті. Ал Димаштың анасы, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Свет­лана Айтбаеваның айтуынша, көрмеге қойылған аспаптар отбасы үшін аса қымбат. Димашқа сыйланған аспаптардың алғашқысы – Беларусь фанклубы берген «Гусли». Көрмеде Куба, Ирландия, Малайзия, тағы басқа елдерден жиналған аспаптар бар. Олардың әр­қайсысы әлемдегі мықты деген шеберлердің қолынан шыққан.

Көрме жәдігерлерінің қатарында саха халқының дәстүрлі аспабы, Майкл Джексонның жеке стилисі Гоко Залди арнайы әзірлеген сахналық костюм, әйгілі румын виртуозы Георге Замфир сыйлаған пан-флейта ерекше қызығушылық туғызады.

Көрмеде алматылық кішкентай өнерпаздар Димаш­тың репертуарындағы бір­қатар әнді орындап, көп­шіліктің ықыласына бөленді.

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Адам құқығы – басты назарда

Ата заң • Бүгін, 15:35