Жобаны іске асыруға Kazakh Tourism Development компаниясы жауапты. Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев курортта шамамен 5000 жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты. Оның сөзінше, бұл жоба өңірдегі ірі жұмыс берушілердің біріне айналып, Алматы қаласында шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Жоба аясында әртүрлі деңгейдегі жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын шаңғы трассаларын салу, сондай-ақ тәулігіне 10 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 16 жаңа буынды аспалы жол іске қосу көзделген. Бұл инфрақұрылым курорттың қолжетімділігін арттырып, туристік ағымды жыл бойы тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Шымбұлақ пен Еуразияның әйгілі курорттары Жасыл хартияға қол қойды
Тау-шаңғы курортын дамыту барысында экологиялық талаптарға айрықша мән беріледі. ESG қағидаттарының ашық сақталуы қамтамасыз етіліп, көмірқышқыл газының шығарындыларын бақылау жүйесі енгізіледі. Жоба аумағы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жерінің шамамен 1002 гектарын, яғни 0,5 пайыздан кем бөлігін қамтиды. Соның ішінде 20 гектар аумақта курорттық ауыл салу жоспарланып отыр.

Отандық туризмге салынған инвестициялар көлемі 1,2 трлн теңгеден асты
Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жоба ғылыми негізге сүйене отырып жүзеге асады.
«Біз құрылыс жүргізілетін аумақта жергілікті флора мен фаунаға кешенді зерттеу жүргізу үшін отандық ғылыми институттармен тығыз жұмыс істейміз. Басты ұстанымымыз – құрылысты жедел бастау емес, алдымен ғылыми сараптамадан өту. Мақсатымыз Көк-Жайлау шатқалының табиғатын барынша сақтай отырып, оны халыққа қолжетімді ету. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қарттар мен отбасылар балаларымен бірге тұмса табиғатты еш кедергісіз тамашалай алуы тиіс», деді ол.
Компания басшысы Almaty Superski жобасын тек тау-шаңғы курорты ретінде ғана емес, туризм мен бұқаралық спортты дамытуға, экономиканың жаңа тіректерін қалыптастыруға бағытталған кешенді бастама ретінде бағалады.
Жоба Алматы тау кластерінің өзегіне айналып, Қазақстанның тау туризмі саласында халықаралық деңгейде танылатын бренд қалыптастыруға жол ашады. Бұл өз кезегінде елдің жаһандық туристік нарықтағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді.