Сурет: kaz.inform.kz
Еліміздегі жалпыхалықтық саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар еркін әрі кедергісіз дауыс береді. Мәселен, көру және есту қабілеті бұзылған жандарға Брайль қарпіндегі трафареттер, аудиобюллетеньдер мен сурдоаудармалы ақпараттық материалдар ұсынылады.
«Барлық сайлауда мүгедектігі бар адамдарға ерекше мүмкіндік жасауды назардан шығармаймыз. Қазіргі таңда трафареттерді дайындау және басып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар барлық референдум учаскесіне жеткізіледі. Сондай-ақ әр учаскеде бюллетеньдерді толтыру туралы арнайы аудио нұсқаулық қарастырылған», деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Жиында Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік учаскелер бірінші қабатта орналасатынын айтты. Сондай-ақ олар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, кіреберістегі шақыру батырмалары, автокөліктерге арналған арнайы тұрақ орындары, тактильді жолақтар мен арнайы бейімделген кабиналармен жабдықталады. Яғни сайлау учаскелері үлкейткіш, құлаққап, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтардың қолжетімділігі ескерілген дауыс беру бұрыштарымен қамтамасыз етіледі.
«Барлық дауыс беру учаскесінде Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемелдеумен орналастыру мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсіл саналады. Оған қоса барлық деңгейдегі референдум комиссияларының мүшелеріне мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша бейнекурс ұйымдастырылған. Бүгінде 85 пайызы курстан өтті. Ақпан айының аяғына қарай бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіледі», деді Л.Сүйіндік.
Отырыста 17 облыс пен 3 республикалық мәні бар қалалардағы ахуал да тыңдалды. Мәселен, Ақмола облысында дауыс беретін 2 752 мүгедектігі бар азамат анықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауға облыс орталығында 5 арнайы көлік, аудандар мен ауылдық округтерде 11 көлік бөлінген.
«737 учаске тексерілді. 642 учаске пандустармен жабдықталған, 561 учаскеде бағыттаушы және тактильді көрсеткіштер орнатылған, барлық учаскеде кресло-арбамен қозғалатын азаматтарға қолжетімді арнайы кабиналар қарастырылған, 700 учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Сондай-ақ 85 учаскеде 16 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді. Дауыс беру күні әлеуметтік қызметкерлерді тарту мәселесі де толық пысықталған», деді Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Ержан Жұмабеков.
Жалпы референдум республика аумағындағы 10 411 учаскеде өткізіледі. Оның ішінде еліміздің шет мемлекеттеріндегі өкілдіктері жанында құрылған 62 учаске бар. Дауыс беру уақыты сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жүреді.
«Денсаулық жағдайына немесе өзге де дәлелді себептерге байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар 15 наурыз күні сағат 12.00-ге дейін жазбаша өтініш бере алады. Бұл жағдайда учаскелік комиссия кемінде екі мүшесін және тасымалданатын жәшікті жіберу арқылы азаматтың тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастырады. Дауыс беру құпиясы толық сақталуға тиіс», деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов.
Айта кетейік, тұрақты тіркелген жерінен алынып тасталған немесе еш жерде тіркеуде болмаған азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру мақсатында азаматтарға дауыс беру күні учаске орналасқан үй-жайда уақытша тіркелу мүмкіндігі беріледі.