Сурет: gov.kz
Еліміз қазір ауыл тұрғындарының табысын арттыруды ауыл кооперациясын дамыту арқылы шешуді қолға алды. Соған сәйкес субсидиялау тәсілдері де қайта қаралып, тұрақтандырыла түспек.
Кооперация тиімділігін ел іштей сезіп отыр. Белгілі бизнесмен Еркін Тәтішов елдің әрбір азаматы фермер болуы керек дейді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер елдің бағаланбаған активі секілді, олардың жеке бизнесі тиісті деңгейде бағаланбайды. Бұл көзқарас ауыл бизнесінің де мүмкіндігін шектейді. «Ауылдағы шағын шаруашылықтардың қала бизнесімен интеграциялануы кооперацияның деңгейін көтеріп, экономикалық, географиялық сипатын әртараптандырады. Сол кезде ғана ауыл шаруашылығы өркендей түседі», дейді Е.Тәтішов
Бірақ шағын шаруашылықтар іріленбей, ауыл көркеймейтінін сарапшылар жиі айтады. Біздегі кедергі – ірі шаруашылықтар мен шағын шаруашылықтар арасын жалғастырып тұратын орта тап әлсіз. Кооперцияның жеке сегмент ретінде дамуына да – осы бөгет. Мемлекет басшысының айтуынша, біздегі барлық ауылда табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Фермерлер жазда малын бағып, сүт, ет, тері жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіруі керек. «Кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру мен ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», деп атап көрсетті Президент.
Елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы айтыла бастағанына біраз жыл болды. Бірақ түсініксіз тұстары көп. Сарапшы Б.Зиябековтің айтуынша, шағын шаруашылықтарды ірілендіруді кезең-кезеңімен жүргізіп, жаңа жағдайға бейімделуіне уақыт беру керек. Ірі шаруашылықтар мен шағын шаруашылықтардың табысын бір-бірімен салыстыруға болмайды. Жері мен малы аздар көп малы барларға жұтылып кетуден сескенеді. Субсидия дамығысы келетін фермерлерге жақсы көмек болғанымен, талаптары ірі шаруашылықтың ыңғайына қарай жазылған. Ал шағын шаруашылықтардың нарықтық-құқықтық мәртебесін нақтылау жағы кешеуілдеп жатыр. Мысалы, кемі 90 бас ірі қара малы, кемі 500 гектар жері барлар бірлестік немесе ірілендірілген шаруашылық ретінде танылады. Жайылымдық жерінің жоқтығынан мал басын көбейте алмай жүргендер баршылық. Олардың субсидиядан шеттеліп қалуына да осы фактор себеп болса керек.
Б.Зиябековтің айтуынша, күні бүгінге дейін шағын шаруашылықтар субсидияға қолы жетпей келеді. Басымдық тек ірілерге беріледі. Сондықтан кооперация бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырылып жүр. «Агросекторды субсидиялау игерілген қаражат көлеміне емес, нәтижеге бағдарланса, ауыл ұлттық инвесторлардың ордасына айналады. Нәтижені бұрмалау қиын, бірақ бақылау оңай. Кезінде Қытайда индустрияландыру агросектордан басталды. Мемлекеттің заңы шағын шаруашылықтардың іріленуіне жағдай жасады. Қазір Қытай агросектордан шыққан олигархтардың көптігі жағынан әлемде алғашқы үштікте тұр», дейді Б.Зиябеков.
Сарапшының айтуынша, ауылда 50 жылқы, 200-дей қой ұстап отырған фермер малын «бесікке бөлеп» бағатындай жағдайда. «Біз шағын шаруашылықтардың жағдайын тек субсидиямен шешетін жағдайдан өтіп кеттік. Жайылымдық жер мәселесі шешілсе, қалған шаруаның 90 пайызын фермердің өзі реттей алады. Қазір жайылымдық жер 20 пайызды ұстап отырған шаруашылықтың немесе ірі жер иеленушілердің иелігінде. Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлердің құқықтық мәртебесі анықтау жағы кешеуілдеп жатыр. Көп көңілінде ол жерлер бұрынғы иелеріне қайтарылып кетеді деген қауіп бар. Бұл – бір-бірінен бөлуге келмейтін күрделі мәселе», дейді Б. Зиябеков.
Оның пікірінше, басты тәуекелдердің бірі – бәсекелестік ортаның бұрмалануы. Мемлекеттік қолдаудың классикалық үлгісі жұмыс істемейді. Президент айтып өткендей, «қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңызды».
Бизнестің мемлекеттік қолдауға тәуелділігін төмендетудің кілті экономикалық реформалардың нәтижесіне байланысты. Демек, мемлекеттік қолдау шағын шаруашылықтардың ірі бірлестіктерге айналуына бағытталуы керек. Сол кезде ірілендіру үдерісі нарықтық жолмен қалыптасады. «Шағын шаруашылықтардың іріленуі немесе бірігуі экономикалық тиімділікті арттыруға көмектеседі. Сол себепті мемлекеттік қолдау жүйесін ғана емес, агросекторды реформалау – жаңа аграрлық саясаттың екінші бағыты», дейді сарапшы.
Бұл пікірді ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рахымбеков те қолдайды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың барлық тетігі ірі өндірісті ынталандыруға арналған. 2003 жылдан 2005 жылға дейін үш жылға ауыл шаруашылығын дамытуға 3,5 миллиард теңге бөлінді. 2018–2019 жылдары субсидияның көлемі 350 млрд теңгеге жетті, яғни жүз есе өсті. Мемлекет шаруаларға көмек қолын созуда ешуақытта тартынған емес. Бірақ сол көмек тиісті жеріне жетпей жатыр. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің жартысын өндіретін 1,7 млн-ға жуық жеке қосалқы шаруашылық мемлекеттік қолдауды алудан үміткерлер қатарынан алынып тасталған.
Оның айтуынша, шағын шаруашылықтар – агросектордың күретамыры. Бірінші кезекте шағын шаруашылықтарды несиелеу мен субсидиялау тетіктерін өзгерту керек.
«Біздің бағалауымызша, 2025 жылы тек әрбір 30 фермердің тек 3 пайызы ғана жеңілдетілген несиеге қолы жетті. Ал қалған 97 пайызының кепілге қоятын ештеңесі жоқ, аудан орталықтарында несиелеумен айналысатын банктік филиалдар да жоқ. Мұндай тұйықталған шеңбермен кооперацияны ұзаққа апара алмаймыз», дейді сарапшы.
АЛМАТЫ