Қоғам • Бүгін, 11:37

Пәтердің техникалық паспорты жойыла ма?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілерде «пәтердің техникалық паспорты енді болмайды» деген мазмұндағы жазбалар тарады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мұны жай қауесет деп атап, құжаттың қолданыста қала беретінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Пәтердің техникалық паспорты жойыла ма?

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Рас, соңғы жылдары техпаспорттың форматы мен атауына қатысты өзгерістер болды. Бірақ бұл меншік иелеріне қосымша міндет жүктемейді.

Бұған дейін техникалық паспорт бірнеше мәрте жаңартылған. Әуелі құжаттан иесінің аты-жөні алынып тасталды. 2007 жылдан бастап балкон мен лоджия пәтердің жалпы аумағына есептеле бастады.

Ал 2023 жылдан бері техникалық паспорт «кадастрлық паспорт» деп аталады. Қазір бұл құжат жаңа салынған нысандарға немесе техпаспорт жаңартылған кезде беріледі. Соған қарамастан, бұрын берілген барлық техникалық паспорттар заңды күшін сақтайды. Оларды міндетті түрде ауыстыру қажет емес.

Атауы өзгергенімен құжаттың мәні сол күйі қалды. Техпаспортта тұрғын үйдің барлық негізгі техникалық деректері көрсетіледі: мекенжайы, тіркеу коды, кадастрлық нөмірі, салынған жылы, қабат саны, жалпы және тұрғын аумағы, бөлмелердің саны мен көлемі мен қабырға материалы. Бұдан бөлек, пәтердің жоспар-схемасы мен барлық үй-жайлар көрсетілген кесте қоса беріледі.

Техпаспорт – кез келген мәміле үшін қажет негізгі құжат. Сатып алу-сату, ипотека рәсімдеу немесе сыйға тарту кезінде онсыз келісім жасалмайды. Сондықтан құжаттағы мәліметтер пәтердің нақты жағдайымен сәйкес болуы шарт.

Құжатты жаңарту мынадай жағдайда керек: егер қайта жоспарлау жасалса, деректерде қате табылса, пәтер бөлінсе немесе біріктірілсе және ипотекалық мәміле алдында банк талап қойса. Ал пәтерге өзгеріс енгізілмесе әрі ипотека жоспарланбаса техпаспортты ауыстырудың қажеті жоқ.

Жаңарту үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе eGov порталы арқылы өтініш беруге болады. Алдымен нысанға техникалық тексеру жүргізіледі. Маманды шақырудың бастапқы құны 4 617 теңге, ал қалған төлем пәтердің көлемі мен күрделілігіне байланысты есептеледі. Дайын құжатты ХҚКО-дан немесе eGov-тағы жеке кабинеттен алуға мүмкіндік бар.

Қысқасы, техпаспорт жойылған жоқ. Бұрын берілген құжаттар жарамды. Ең бастысы – ондағы мәліметтер пәтердің нақты күйіне сай болуы керек. Ал жаңарту тек нақты қажеттілік туған жағдайда ғана жасалады.

Соңғы жаңалықтар