Аталған бастама Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов төрағалық еткен отырыстың қорытындысы бойынша құрылған Жалпыұлттық коалиция шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
Қалалық коалиция құрамына мегаполистегі қоғамдық-саяси институттардың шамамен 200 өкілін біріктіру көзделген. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, саяси партиялар өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ғылыми-сарапшылық орта, зиялы қауым, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Ұйымдастыру отырысында коалиция жұмысының құрылымы нақтыланып, дербес құрамы мен басшылығы бекітіледі. Сонымен бірге алдағы кезеңдегі қызметінің басым бағыттары айқындалады.
Қалалық коалицияның негізгі міндеті – кең ауқымды қоғамдық-саяси бірлестік қалыптастырып, алдағы республикалық референдумға қатысты мәселелер бойынша халық арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл бастама азаматтардың конституциялық реформалар жөніндегі хабардарлығын арттыруға және қоғамдық диалогты күшейтуге бағытталған.