– Аталған жиынның сол кездегі маңызы мен тұтас түркі жұртына әсері қалай болды?

Надир Мамедли:
– Бұл съезд тарихи оқиға болумен қатар, үздіксіз үдерістің бастамасы болды. Оның ықпалы қабылданған шешімдерде ғана емес, жауапсыз қалған сұрақтарда да өмір сүріп отыр. Осы сұрақтармен бірге дамыған түркологиялық ой өткенінен қашпай, болашағын қайта құруды үйренді. Съезден кейінгі уақыт жай ғана жылдардың тізбегі емес, түркологияны терең ұғынудың ұзақ жолы болды. Осы кезеңде түркологиялық зерттеулерде жаңа тұжырымдамалар қалыптасып, Әзербайжан біртіндеп, осы ғылыми бағыттың беделді орталықтарының бірі ретінде таныла бастады. Алайда бұл дамуды тек ғылыми жетістік ретінде ғана емес, түркі халықтарының мәдени және рухани бірлігін тануға ұмтылыс ретінде де қарастыру қажет. Бұл съезд бастаған үдеріс бөлшектенген, жырақтанған тарихи жадты қайта біріктіруге жасалған талпыныс еді.
Бұл жолдың күрделі тұсы – қол жеткен ғылыми табыстардың ауыр тарихи қасіретпен қатар жүруі. «Түркология – атылған ғалымдардың ғылымы» деген тіркес алғашында метафора секілді көрінгенімен, шын мәнінде ХХ ғасыр трагедиясының қысқа әрі қатал түйіні. Бұл ой бекер туындаған жоқ: 1926 жылғы съезге қатысқан делегаттардың кейінгі ащы тағдырлары оны толық дәлелдеді. I Бүкілодақтық түркологтер съезі тек түркі халықтары үшін ғана маңызды оқиға болып қалған жоқ. Ол академиялық пікірталас шеңберінен шығып, ғылыми нәтижелерімен қатар жалпыадамзаттық, адамгершілік құндылықтарымен, ақталмаған үміттерімен, күйреген тағдырларымен де тарихта қалды. Сырттай ресми ғылыми алаң ретінде көрінгенімен, уақыт өте келе оның қатысушылары саяси күдік пен идеологиялық қуғын-сүргін нысанына айналды.
30-жылдардағы тоталитарлық кеңестік орта ғылымды ең алдымен идеологиялық адалдық тұрғысынан бағалап, жетістікті әлеуетті қауіп ретінде қабылдады. Осы контексте съезге белсене қатысқан көптеген түрколог пен қоғам қайраткерлері буржуазиялық ұлтшылдық, пантүркизм, панисламизм, идеологиялық диверсия, антикеңестік қызмет, шетел барлауымен байланыс секілді негізсіз, бірақ саяси тұрғыдан қатал айыптауға ұшырады. Репрессиялық механизм үшін басты өлшем айыптаулардың логикасы емес, олардың идеологиялық мақсатқа сай болуы еді. Нәтижесінде, ғылыми ой сот хаттамаларында қылмысқа, ал теориялық пікірталас мемлекетке төнген қауіпке айналды. Бұл үдеріс жекелеген адамдардың тағдырын ғана емес, түркологияның дамуын да қатты тұралатып кетті. Ғылыми мектептер күйреді, сабақтастық үзілді, білімнің берілуі тежелді. Алайда соған қарамастан түркологияны толық тұншықтыру мүмкін болмады, физикалық тұрғыда жойылған ғалымдардың идеялары, әдістері мен күн тәртібіне қойған мәселелері уақыт өте әлдеқайда өміршең болып шықты.
Ғылым тоталитарлық зорлық-зомбылықтан жоғары тұрып, өз болашағын сақтай алды. Осы мағынада «түркология – атылған ғалымдардың ғылымы» тіркесі тек қасіреттің рәмізі емес, ғылымның қарсы тұра алу әлеуетінің де көрсеткіші болды. Бұл – өз өмірінің құны арқылы түркологияны сақтап қалған ғалымдардың рухани мұрасы екенін еске салады. Түркология тарихы – осы рухани мұраның қандай ауыр сынақтардан өткенінің, соған қарамастан қалай аман қалғанының жады. Ғылыми әрі зияткерлік әлеуетке ие түркология өз өкілдерінің арқасында тоталитарлық кеңестік қоғамның жүйелі қысымы мен шектеулеріне төтеп беріп, ғылыми дәстүрін сақтап қалды және орнықты тұжырымдамалық ұстанымдар қалыптастырды.
– Ортақ мәміле арқылы жаңа әліпбиге көшу сол заманның талабы болғаны да рас. Сол арқылы сауаттылықты арттыру, білім мен ғылымды жаңғырту, түркі халықтары арасындағы мәдени-интеллектуалдық байланысты күшейту Һәм түркі әлемін халықаралық ғылыми кеңістікке жақындату мәселесі күн тәртібінде болды ма?

Бахром Ирзаев:
– Бұдан жүз жыл бұрын Баку қаласында І Бүкілодақтық Түркологтер құрылтайында латын әліппесіне көшу туралы шешім қабылданған еді. Шын мәнінде, әліпбиді жаңғырту мәселесі Кавказ мұсылмандары, Түркия және татар зиялылары арасында әлдақайда бұрын көтерілген болса да, Түркістанда бұл мәселе кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана нақты күн тәртібіне шықты. 1918 жылы Ташкентте, 1923 жылы Бұхарада, 1924 жылы Хорезмде өткен емле конференцияларында латын жазуының қолайлылығы туралы жекеленген пікірлер айтылғанымен, негізгі назар араб әліпбиін жеңілдету және оңтайландыру мәселелелеріне аударылған еді. 1922 жылы Ташкенттегі «Беҳбуди» клубының ғимаратында профессор Паливанов және Неъмат Хакимнің қатысуымен өткен емле мәселесіндегі үлкен талқылауда Мунаввар қори Абдурашидханов емле реформасында асығыстыққа жол бермеуге шақырып, алдымен тілдің барлық заңдылығын жан-жақты әрі толық үйрену қажеттігін айтты. Бүгін Еуропа ғалымдары Шығыстың рухани мұрасын, кітаптарын пайдалану және зерттеу мақсатында бүкіл өмірін арнап жатқан бір кезеңде біз өз қолымызбен, өз балаларымызды, өз қазынамыздан айыруға тырысамыз. Әкелер жазуын балалар, балалар жазуын әкелер түсінбейтін болашағы айқын емес әліпбилерге қарсы шығады. 1922 жылы кеңестік республикалар аумағында алғашқы болып Әзербайжан латын емлесіне ауысып, 1923 жылы латын әліпбиі мемлекеттік әліпбиі ретінде жарияланды. 1924 жылы 18 ақпанда Мәскеуде өткен татар, башқұрт ағарту қызметкерлерінің құрылтайында Олимжон Ибрахимов араб жазуынан бас тарту және барлық түркі халықтарына ортақ латын әліпбиін енгізу туралы ұсыныс жасады. 1926 жылдың басынан бастап, кеңес өкіметінің қатаң талабымен Өзбекстан Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы Й.Охунбобоевтың басшылығымен беделді мемлекет қайраткерлері, тілші-ғалымдар мен мамандардан құралған 44 адамдық «Жаңа әліпби комитеті» құрылды. Дәл осы 1926 жылғы Баку құрылтайынан соң ауқымды жұмыстар басталып, бұл саяси шара ұлт зиялылары үшін тек жаңа әліпбиі мәселесі ғана емес, халықты сауатсыздықтан құтқару жолындағы олардың арманын әрі түркі елдері арасында ғылыми және мәдени байланыстарды орнату мен дамытуға мүмкіндік ретінде қабылданды. Бүгінде қайтадан өзекті болып отырған біртұтас әліпби жасау ісінде олардың ұсыныстары, тәжірибелері мен идеялары әлі де аса маңызды деп есептеймін.
– Түркология туралы ойлар ой уақытша тұншықтырылғанымен, толық жойылған жоқ. Аталған съезге қатысқан тұлғалы ғалымдардың кейінгі тағдыры қалай болды?

Нурдин Усеев:
– Бакуде өткен I Бүкілодақтық түркологиялық құрылтайға Қырғызстан атынан Қасым Тыныстанов пен Базарқұл Данияров қатысты. Құрылтайына Қырғызстан атынан қатысу мәселесі Қара-қырғыз автономиялық облысының Халық ағарту бөліміне қарасты Ғылыми комиссияның 1925 жылғы бір отырысында қаралған. Осы отырыстың №26 хаттамасында Қ.Тыныстановтың құрылтайды ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндама жасағаны, құрылтайға Қ.Тыныстанов, Б.Данияров және И.Арабаевты жіберу жөнінде шешім қабылданғаны жазылған. Алайда белгісіз себептермен И.Арабаев құрылтайға қатыспаған. 1926 жылы Қара-қырғыз автономиялық облысының Халық ағарту бөліміне қарасты ғылыми комиссияның мүшесі болумен қатар, «Эркин-Тоо» газетінің редакторы қызметін атқарған Қ.Тыныстанов құрылтайға ұйымдастыру комиссиясы мен Президиумның мүшесі ретінде қатысып, қырғыз тілінің латын негізіндегі әліпбиі туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде жаңа латын әліпбиіне көшудің қажеттігін ерекше атап өтті. Құрылтайдың қызметі мен қорытындылары туралы «Бакудегі түркологиялық құрылтай және оның маңызы» атты мақала жазып, оны 1926 жылғы 8 сәуірде жарық көрген «Эркин-Тоо» газетінде жариялады.
1926 жылы Орталық педагогикалық техникумда қызмет еткен Б.Данияров құрылтайға Қара-қырғыз автономиялық облысының Халық ағарту бөлімі атынан қатысты. Белгілі болғандай, I Бүкілодақтық түркологиялық құрылтайдың басты мақсаттарының бірі — түркі тілдері үшін латын әліпбиіне негізделген жаңа жазуды қабылдау болды. Құрылтайда түркі тілдері үшін латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің қабылдануы Қырғызстанда латын әліпбиіне көшу үдерісін жеделдетті. Бұл туралы Қ.Тыныстанов былай деп жазды:
«Қабылданған жаңа қырғыз әліпбиі де көздеген мақсатына толық жете алмады, себебі 1926 жылдың 1 шілдесінде Фрунзе қаласында өткен қырғыз мәдени-ағарту және жауапты қызметкерлерінің кеңесінде КСРО-дағы басқа түркі халықтарының әліпбилерімен қырғыз әліпбиін унификациялау мәселесі талқыланды. 1926 жылдың маусым айында Баку қаласында жаңа түркі әліпбилерін унификациялау жөніндегі комиссияның жұмысынан кейін біріздендірілген әліпбиді енгізу туралы қайтадан түсіндіру шаралары кеңінен жүргізіліп, кадрларды қайта даярлау басталды…» Қ.Тыныстанов 1938 жылдың 5 қарашасында КСРО Жоғарғы Әскери сотының жабық көшпелі сессиясында 1921 жылдан бастап ұлтшыл «Алаш-Орда» ұйымына, кейін буржуазиялық-ұлтшыл, диверсиялық-зиянкестік сипаттағы «Социал-Туран» партиясының жетекші тобына қатысы бар деген айып тағылып, ату жазасына кесілді. Үкім жедел орындалып, 7 қараша күні атылды. Б.Данияров та саяси айыптармен тұтқындалып, 1942 жылы Ресейдің Свердлов облысындағы саяси тұтқындар түрмесінде қайтыс болды.
– Осы құрылтайға қазақ елінен қатысқан делегаттардың ұстанымы қандай еді?

Ермұхамет Маралбек:
– Баку құрылтайына еліміз атынан Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Азиз Байсейдулин қатысты. Құрылтайда ғылыми терминология қалыптастыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Бұлардың ішіндегі ортақ терминологиялық база құру, әр республикада терминологиялық комиссия құру, түркі халықтарына ортақ ғылыми терминдер сөздігін жасау сияқты өзекті мәселелер бастамасы көтерілді. Құрылтайда Ахмет Байтұрсынұлының негізгі баяндамасының бірі терминология тақырыбында болды. Ғалым баяндамасында екі тақырыпқа баса назар аударды: оның бірі – терминологияны қалай халық тіліне жақындату; екіншісі – терминжасамда ұстанатын қағидаттар. Қазақ терминологиясы туралы ұстанымдары мен тұжырымдарын А.Байтұрсынұлы 1911 жылдан бастап жүзеге асырып, қазақ, татар басылымдарында айтып келе жатқандықтан болса керек, құрылтай делегаттарына өзінің бұл тақырыптағы ұстанымдарының таныс екенін алға тарта келіп, бұған тоқталмай, жоғарыдағы аталған екі мәселе бойынша тұжырымдарына назар аударуларын сұрайды.
Құрылтайда Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы тілтанушы ғалымдар латын әліпбиіне көшуге түбегейлі қарсы болып, қазақ тілі мен жазуының бүгінге дейін жеткен жетістігін, қорғау жолында күресті. Латын әліпбиіне көшу тек саяси астары бар мәселе ғана емес, оның тілтанымдық та негізі бар еді. Сондықтан да Нәзір Төреқұлов, Телжан Шонанұлы бастаған беделді қазақ зиялылары мұны қолдады. Он ғасырдан астам уақыт түркі халықтары қолданып келе жатқан, дауысты дыбыстар жазылмайтын және шарттылығы көп араб жазу жүйесі түркі тілдерінің табиғатына сәйкес келмеді, әсіресе заманның даму деңгейіне сәйкес техника мен адамдар арасындағы тілдік коммуникацияның сұранысын өтей алмады. Сондықтан түркі ғалымдары бұл қиындықтан құтылудың жалғыз жолын әліпби ауыстыру деп түсінді. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуындағы бұл түйткілдерді әуелден-ақ байқап, 1912 жылдан бастап қазақ жазуын жаңа бағытқа, ұлттық арнаға бұрды. Сондықтан да қазақ әліпбиін ауыстырудың қажеті болмады. Бұл қадам, керісінше, ұлттық жазумен сауаттанып келе жатқан қазақ қоғамын жаппай сауатсыздыққа душар етіп, ұзақ мерзімдік тәуелсіздік күресі жолында қазақ халқын ояту мақсатымен жүргізген саяси-рухани ағарту қозғалысының жемісін жоғалтумен бірдей еді. Кеңес өкіметінің көздегені халықты жаппай сауатсыздандыру арқылы көзі ашылып, оянып келе жатқан түркі халықтарының рухани тұтастығына балта шауып, тамыры терең тарихы мен мәдениетін жас ұрпақ жадынан ұмыттыру, кеңес идеологиясына адал жаңа буын тәрбиелеу еді. Мұны түркі зиялыларының ешбірі Ахмет Байтұрсынұлындай терең түсіне алмады. Араб жазу жүйесінің қиындығы тудырған тарихи қажеттілікті отаршыл билік өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Нәтижесінде, латын әліпбиіне көшу туралы қаулы қабылданып, латынграфикалы ортақ түркі әліпбиі қабылданды. Дегенмен қазіргі латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиіне көшу – бұдан мүлде бөлек құбылыс: нысана бір болғанымен, оған апаратын жолдың бастауы екі бөлек.
Өзге республикаларға қарағанда, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының қатты қарсылығына ұшырағандықтан, латын әліпбиіне көшу Қазақстанда кешеуілдеп жүзеге асты. Түркологиялық құрылтайдан кейін елімізде латын әліпбиін жақтаушылар мен арабграфикалы қазақ әліпбиін жақтаушылар арасында айтыс-тартыс басталды. 1926–1928 жылдар аралығын қамтитын бұл кезеңде әлі де «Байтұрсынұлы әліпбиі» қолданыста болып, мерзімді басылымдар мен кітаптар жарық көріп жатты. 1927 жылы маусымның 3–7 күндері Бакуде «Бүтінресейлік Жаңа әліпбишілер Кіндік комитетінің жиналысы» өтіп, жаңа призидиум сайланды. Комитет төрағасы болып әзербайжандық Сәмет Ағамалыұлы сайланды. Мүшелікке Қазақстаннан төрт адам: Төреқұлұлы, Көлбашарұлы, Аспандиарұлы, Диманштейн сайланды. Көп өтпей Қызылордада «Орталық Жаңа әліпби комитеті» құрылды. Комитеттің төрағасы Ораз Жандосов, хатшысы Телжан Шонанұлы болып тағайындалды. Комитет латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиін дайындау, насихаттау және көшіру жұмыстарымен айналысты.
1928 жылы 3 сәуірде Қазақстан Оқу комиссариатының алқасы (кеңесі) мен Қазақстан Кіндік әліпби комитеті латынграфикалы жаңа қазақ әліпби жобасын бекітеді. Бұл республикалық басылымдарда Қазақ жаңа әліпби кіндік комитетінің төрағасы Ораз Жандосұлы, хатшысы Телжан Шонанұлының атымен «Түпкілікті бекітілген қазақ жаңа әліпбиі» атты аңдатпа мақала арқылы жарияланды: Мақалада әліпби нұсқасының енді өзгермейтіні, басқа жобалар қабылданбайтынын ескертіп, осы нұсқамен түрлі кітап шығарылып, көпшілік тегіс қабылдауы міндеттелді. Бұл жоба бас әрпі жоқ, дәйекші жүйелі Байтұрсынұлы емлесімен жазылатын жаңа әліпби еді.
1928–1929 жылдары «Байтұрсынұлы әліпбиі» қолданыстан шығарылып, көпшілік тегіс қабылдауы міндеттелді. Бұл жоба бас әрпі жоқ, дәйекші жүйелі Байтұрсынұлы емлесімен жазылатын жаңа әліпби еді. І Бүкілодақтық түркологиялық құрылтайды түркі халықтары тарихында ғылыми және саяси салмағы бұрын-соңды болмаған өте зор ауқымдағы құрылтай деуге болады.
Түйін. Қорыта айтқанда, 1926 жылғы Бакуде өткен тұңғыш түркологтер құрылтайы – санамызда мәңгі сақталған естелік. Ол – халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан идеялар тізбегі. Бір ғасыр бұрын басталған үн бүгін қайта естіліп отыр. Түркі халықтарының ортақ тілі, ортақ жадты сақтауға ұмтылысы әлі де өзекті. Бұл тарихи жиын – ғылымның, ой еркіндігінің және рухани бірліктің рәмізі. Уақыт қанша өтсе де оның мәні кемімейді.
Дөңгелек үстелді жүргізген –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»