Таным • Бүгін, 08:05

Жыр алыбының әдеби хатшылары

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым», деген жыр алыбының жыршылық өнері зерттеу нысанасына айналғанымен, оның айналасы әлі толық зерделеніп біткен жоқ. Әсіресе ақынның жанында жүріп хатшысы қызметін атқарған ақындар жайында көп айтыла бермейді. Осы орайда жыршының 180 жылдығы қарсаңында оның әдеби хатшысы қызметін атқарған қаламгерлер тақырыбын арнайы қаузадық.

Жыр алыбының әдеби хатшылары

Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін әр кезде Әбділда Тәжі­баев, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, т.б. қаламгерлер атқарды. Олар ақынмен қанаттаса жұмыс істеп, шығармашылығына қолғабыс жасады. Жазушы Сәбит Мұқанов Жамбылдың 1946 жылы шыққан шығармалар жинағына жазған алғысөзінде: «Жәкеңнің аузынан шыққан жырлардың бәрі 1936 жыл­дың бер жағында ғана түгел жазылып отырды. «Туған елімді» ең алғаш жазып алған – қазақтың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаев. Одан кейін, 1936–1938 жылдары үнемі Жәкеңнің қасында болып, жырларын жазып отырған ақынымыз – Қалмақан Әбдіқадыров. 1938–1942 жылдардың арасында Жәкеңнің шығармаларын ақын Тайыр Жаро­ков жазып алып жүрді, 1942 жылдан бастап Жәкең дүниеден көзін жұмғанша үнемі қасында болып, барлық жырын жазып отырған ақынымыз – Ғали Орманов», деп жазған.

Иә, әдеби хатшылар Жамбыл­дың аузынан шыққан жырларды жазып қана қоймай, олардың газет-журналдарда басылуына, кітап болып жарыққа шығуына да ықпал етті. Ақын өлеңдерінің орыс тіліндегі жолма-жол аудармасын да осы хатшылар дайындады. Кейін оны орыс ақындары көркем аудармаға айналдырды. Әр жылдары Жамбыл өлеңдерін орыс тіліне Павел Кузнецов, Марк Тарловский, Николай Титов, Дмитрий Снегин, т.б. ақындар аударды.

д

Жамбыл өлеңдері кеңестік басылымдарда 30-жылдардың со­ңында жариялана бастағаны­мен, төңкеріске дейін де біршама жыры халық аузында жатталды. Сондықтан осы жырларды да жинақтау ісі әдеби хатшыларға жүктелді. Бұл жұмысқа 40-жылдардан бастап КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы да білек сыбана кірісті. Филиал­ға қарасты тіл-әдебиет секторы Жамбыл жырларын жинақтап, ақын­ның алғашқы томын жарыққа шығарды. Кітапқа жыр алыбының төңкеріске дейінгі жырлары, айтыстары мен дастандары, басқа да жарияланбаған өлеңдері енді. Жазушы Сәбит Мұқанов бұл жайында: «1936 жылдан бастап Жәкеңнің революциядан бұрын­соңды шығарған жырларын жиып алу міндеті түгелімен Қазақстан Жазушылар одағына жүктелді. Жәкеңнің жырларын жазып алуға Жазушылар одағының Әбділда, Қалмақан, Тайыр, Ғали сияқты қазақ жазба поэзиясының көр­некті ақындарын бөлуі де осыдан. Жоғарыда айтылған I томға кірген материалдар түгелімен сол төрт ақынымыздың жазып алғандары деуге болады», деген еді.

Жыр алыбының алғашқы хатшысы Әбділда Тәжібаев болды. Бұл кезде Әбділда Халық ағарту комиссариатында қызмет ете­тін. Оқу, мәдениет, өнер секілді салалар осы комиссариатқа қарайтын. Халық ағар­ту комиссары қызметін Темірбек Жүргенов атқаратын. Комис­сариаттың ұйым­дастыруымен 1936 жылы Алматыда қазақ ақын­дарының рес­публикалық бірінші слеті өтеді. Слетке Жамбыл, Нұр­пейіс, Шашу­бай, Орынбай се­кіл­ді қарт өнер­паздар да қатысады.

Ұзамай Мәскеуде қазақ көр­кемөне­рінің онкүн­дігі өтетіні белгілі болады. Осы онкүндікке Левон Мирзоян, Ораз Исаев секіл­ді елдің атқамінерлері Жамбыл­ды да қатыстыруды жоспарлай­ды. Бұл істі олар комиссар Темір­бек­ке, ал Темірбек қарамағындағы Әбділдаға тапсырады. Осылай­ша, Әбділда Жамбылды ауылына барып, із­деп табады. Қарт жыршыны сөз­ге тартып, ақындығына, жауаптасуына риза болады. Әбділда Тәжібаев ақынның әрбір айтқан шумағын қойын дәптеріне жазып алады. Ол жайында өзі: «...Қағазға түсіріп үлгергенім жеті жүз жол өлең болды, үлгермей, ұстай алмай қалғаным қанша? Мен осынша көп өлеңнен әрі кеткенде екі жүз жол ғана алуым керек, ыңылдай оқып көз жүгіртемін. Кілең әндетіп тұрған жанды сөз­дер «Маған тиме!» деп шулап тұрған сияқты», дейді. Осылайша, Әбділда Тәжібаев Жамбылдың алғашқы бейресми хатшысына айналады.

Әбділда ақын 1960 жылы жа­рық көрген «Өмір және поэзия» кіта­бында: «Заманы бір, өнері бір қазақ ақын­дарының бірсыпырасы-ақ ұлы қарияның жас кұрбы, жас дос­тарындай еді. Біз Жамбылдан үй­ренсек, Жамбыл бізден үйрене­тін», дей келіп, жыршының нөсер­лете толғау, терме айтаты­нын тіл­ге тиек етеді. «Талай ырғақтар, талай ұйқастар, отты, өрелі сөздер оның аузынан ұшып, біз­дің кеу­демізге, зердемізге қонатын», деп Жамбылды көтермелей сөйлеп, жанында жүргенін мақтанышпен жеткізеді. Горь­кий, Маяковский сияқты орыс қаламгерлерінің шығармаларын Жамбылға оқып беретінін де алға тартып: «...Біз арқылы танып, біз арқылы қаны­ғатын... Сөйтіп, біз сүйікті қарт­тың көзі де, құлағы да бол­ған­быз», деп жыр алыбына көмекші бол­ғанын байқатады.

ж

Әбділда Тәжібаев Жамбыл­дың өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аударса, Павел Кузнецов оны көркем аудармаға айналдырды. Осылайша, Жамбыл өлең­дері орыс тіліне аударылып, Мәскеуден бір-ақ шықты. 1936 жылы Жамбыл Жабаев Мәскеу­де өткен қазақ көркемөнерінің онкүндігіне қатысып, қазақ өнерін паш етті. КСРО Орталық Атқару комитетінің басшысы Михаил Калининнің қолынан орден алды. Содан бастап Қазақстан үкіметі Жамбылға айрықша көңіл бөле бастады.

1938 жылдан бастап жыр алыбын үкімет толықтай қам­қорлығына алды. Ақынға арнап ауылынан үлкен үй салынды. Сонымен қатар Жамбылға әдеби хатшы, дәрігер мен аспаз тағайындалды. Әбділда Тәжібаев жазғандай, осы кезде хатшылыққа белгілі ақын Қалмақан Әбді­қадыров, дәрігері ретінде Рахым­бай Досымбеков, аспазы болып Фатима Файзырахманова белгіленді. Сәбит Мұқанов жазбаларында Қалмақанның Жамбыл­ға әдеби хатшы болғанын айта кетіп: «Жәкеңмен біраз жұмыс істеген ақын Қалмақанның екі танауы көтеріңкі делдеңдеу кісі. Оған Жәкең: «Шеміршек болған жылқыдай делбеңдеуін қарашы» деп қалжыңдайтын еді», деп жазғаны бар. Жамбыл жиын­дарға барып жырлаған кезде де ­жанында әдеби хатшылары жүрген. Ғали Орманов күнделігінде: «23 апрель, 1939. Жамбыл Алматыға барды. Мұғалімдер жиналысына қатысып, өлең айтты. Оны Қалқаман жазып келді», деген еді.

Жамбылдың өмірінің соңғы кезеңінде әдеби хатшы қызме­тін Ғали Орманов атқарды. Ол Жам­былдың жанында жүріп, аузынан көптеген жыр жазып алды. Әбділда Тәжібаев ақынның әдеби хатшылары ішінде қуанышын да, мұң-сырын да айтатын ең жақыны осы Ғали болғанын жазады. «Ғали өзі дарынды ақын болғандық­тан, қарт ақынның жүрек қылын шерте білді. Оған қозғау салу үшін ең алдымен еріксіз тебіренуіне ақылды әңгіме айтатын, содан соң бірте-біртелеп жыр жолына жетектеп түсіретін. Міне, сол кезде кәрі тарлан домбырасына жабысатын да, қос ішектен үн табатын, табатын да қосылатын. Ал Ғали дүниеге жаңа туған ғажа­йып жырларды қағазға түсіретін», дей келіп, Жамбыл өлендерінің кө­бін Ғали жазып алғанын айтады. Ғали Ормановтың өзі де күнделігін­де: «...Мен Жамбыл ақынға жасы тоқсанды аралап кеткен шағында тап келдім. Бұл жаста қарт ақын­ға хатшы болып, бірдемелерін жапырып жазып тастау да қиын еді. Бірақ қарт ақынды қақылдап қажай бермегенмен, «Жамбыл­дың халық үшін қалған жасы» деген сөзін де естен шығармау керек еді. Жамбыл өз ықтияры болмаса, қақылдағаныңды жақтыр­май, қарсы дәлел айтып, құтылып шыға келетін. Онысы шын сыры сықылды тіпті жарасып та тұра­тын», дейді.

Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін сонымен қатар Қапан Сатыбалдин, Қасым Тоғызақов, Тайыр Жароков, Мәулекеш Қай­балдин де атқарды. Жамбыл Жабаев 1936 жылы Мәскеудегі онкүндік­ке бар­ғанда жанында хатшы қызме­тін Қасым Тоғызақов атқарған. Жыршының Грузия­ға сапарында да қасында Қасым болған екен.

Ал 1938 жылы Мәскеуге сапарында ақынның көмекшісі һәм хатшысы Қапан Сатыбалдин болды. Мәскеуге барғанда Қапан жол бойы ақынның айтқан жырын жазып отырды. Қапан естелігінде бұл жайында: «...Мен Жәкеңнің аузынан шыққан жыр жолдарын қағазға түсірем, содан жолма-жол аударма жасап, орысшалап берем», деп жазды. Ал 1940 жылы Мәскеуге үшінші рет барғанын­да Жамбылдың жанына әдеби хатшы ретінде Тайыр Жароков ерді.

ж

Сапарғали Бегалин «Сахара сандуғаштары» кітабында Жам­был­дың жанында әдеби жәр­дем­ші болып Тайыр Жароковтың жүр­генін тілге тиек етсе, Ғали Орма­нов күнделігінде жыр алы­бы­ның кей өлеңдерін Тайыр жазып алғанын айтады. 1939 жылы ақ­панда Жамбыл Ұзынағашта өт­кен жиынға қатысып өлең айтқанда да жанында Тайыр болған. Бұл жайын­да Ғали: «...Өте көңілді қайтты. Кешкісін Тайыр жақында тойланатын Қызыл Армия күні туралы айтты. Жәкең біраз ойланып отырды да, маған: «Домбырамды әперші», деді. Мен әпердім. Тайыр жаза бас­тады. «Жамбыл Жамбыл болға­лы, Жыр санаға толғалы» деп, ұзақ жырлады», деп жазды.

Тайырдың өзі де жыршы­­­ның хатшысы болған кезін есте­лі­гін­де былайша баяндайды: «...Жам­был өлеңді домбыраға ­қо­сып шығаратын. Кейде жазып үлгере алмағанда жаратпай да қала­тын. Ол жазып алғаныңды оқу­ды өтінеді, тіпті талап етеді. Кейде Жамбылға жазғаның жақ­пай­ды. Ол келіспеген жол­дар­ды қайта айтып кетеді. Ар­тынан жөндел­ген нұсқаны қайта оқуды сұрайды, тағы да жақсарту қажет пе деп ақылдасады». Жамбыл Тайырға: «Мен қараңғы адаммын, ғалым емеспін, сенің жазуыңды да танымаймын. Егер бірдеңесі ке­ліспесе, дәл сол жерін жөндеп жібер! «Жамбыл жырлай білмейді, Жамбыл жаман ақын» деп ер­тең халық айтады. Ал мендей қартқа жалған сөз жараспай­ды», деп үнемі айтып отырған екен.

Ал Мәуле­кеш Қай­балдин­нің Жам­былға әдеби хат­шы болғаны ауыз­ша ай­тылғанымен, осы күнге дейін ол жа­йын­да нақты дерек жоқ еді. «Со­вет­ская Сибирь» газетінің 1939 жыл­ғы №44 саны қолымызға тиді. Газет­тің алғашқы бетінде жа­рия­­лан­ған «Чапай» өлеңін орыс тіліне Мәулекештің аударғаны жазылыпты. Осы хабарды Мәу­ле­кеш тақырыбын жіті зертте­ген әдебиеттанушы ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұратқа жеткіз­ген едік. Ол «Жатыр-мекен – жат мекен» мақаласында осы деректі пайдалана келіп: «...Мәулекеш Қайбалдин де осы қатарда және оны орысша-қазақшаға жетік, биллингвист қаламгер ретінде Жамбыл өлеңдерінің жолма-жол орысша аудармасын жасау­ға, арасында кейбірін көркем тәржімелеуге пайдаланбады ма екен деген ой келеді. Жоғарыдағы «Жамбылдың әдеби хатшысы» болды дейтін сөз осыдан шығуы мүмкін», деп жазды.

Сәбит Мұқанов бір сөзінде: «Ел арасында шашыраған оның (Жамбылдың) өлең-жырлары әлі де көп болуы керек, оларды жинау – әлі аяқталмаған міндет», деп жазыпты. Шынында, жыр алыбының кеңестік басылымдарда жарияланып, кітапқа енбеген өлеңдері көп секілді. Мәселен, «СССР на стройке» журналының 1939 жылғы №8 санында жарияланған Жамбыл­­дың «Қыз туралы жыр» өлеңі еш­­бір кітабына енбегенін байқа­­дық. ­Соған қарағанда Жамбыл­дың осы се­кілді кезінде кеңестік басылым­дарда жарияланған өлеңдері бар­шы­лық-ау.

Жазушы Мұхтар Мағауин жыр алыбының 150 жылдығы тойлан­ған кезде: «...Жамбыл қол­дан жасал­­ған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жыраулары­ның ең соңғы сар­қыты болды, орта ға­сырлық са­қара дүлдүлін жиырмасыншы ға­сырдағы империя төріне шы­ғарды. Сол үшін де біз Жәкең­нің әруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қас­тер­ле­уіміз қажет», деген еді. Шы­нында, қаншама заман өтсе де, Жамбылдың қалдыр­ған мұра­лары біз үшін қашанда құн­ды, қастерлі.

Соңғы жаңалықтар

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45

Бірлікті көрсететін шақ

Пікір • Бүгін, 08:27

Бәйгесіз бесінші күн...

Олимпиада • Бүгін, 08:25