Ата заң • Бүгін, 16:04

ЕҰУ академиялық қауымдастығы жаңа Конституция жобасын қолдады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алаңында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған сараптамалық тыңдалым өтті. Референдумға шығарылған Ата заң жобасын жан-жақты талқылаған жиынға Мәжіліс депутаттары, академиялық қауымдастық өкілдері мен жетекші заңгер-ғалымдар қатысты, деп жазады Egemen.kz.

ЕҰУ академиялық қауымдастығы жаңа Конституция жобасын қолдады

Іс-шара барысында ұсынылған Конституцияның негізгі ережелері, тұжырымдамалық өзегі мен институционалдық жаңашылдықтары кеңінен сөз болды. Сарапшылар жаңа Ата заң азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға басымдық беретінін, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Құжат ел бірлігі мен тыныштығын, жер тұтастығын және адам құқықтарын сақтаудың маңызды кепілі ретінде бағаланды.

Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

Сараптамалық тыңдалымға  Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Еркебұлан Жұмашев, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, заң факультетінің деканы Бауыржан Сматлаев қатысты.

Дөңгелек үстелге университеттің басқарма мүшесі, сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина модераторлық етті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін бұл кезең тарихи маңызға ие.

«Бүгін БАҚ беттерінде референдумға шығарылған жаңа Конституция – ел болашағын айқындайтын құжат. Ата заңның алғашқы бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқын жазылған. Сондықтан Конституциялық реформаға қоғам бейжай қараған жоқ. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы түбегейлі өзгерістер енгізілетінін жариялап, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Ұсынылып отырған жаңа Конституцияда ғылым мен білімге, мәдениет пен инновацияға айрықша мән берілген», деді проректор.

Жиында мемлекеттік биліктің конституциялық негіздерін нығайту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, басқару жүйесін жетілдіру, құқық үстемдігін күшейту және демократиялық институттарды дамыту мәселелері талқыланды. Адам құқықтары мен азаматтық жауапкершілікке қатысты нормалар да назарда болды.

Ата заң жобасы мақұлданған жағдайда Парламент өкілеттігі қашан тоқтатылады?

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Конституциялық реформаның ұзақ уақыт бойы кең қоғамдық талқылаудан өткенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өз ұсыныстарын еркін білдіріп, олардың барлығы Конституциялық комиссия деңгейінде қарастырылған.

«Жаңа Ата заңның басты ерекшеліктерінің бірі – ашықтық қағидатына негізделуі. Қоғамдық талқылаулар барысында азаматтардың ұсыныстары ескерілді. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейтетін маңызды қадам. Сондықтан жаңа Конституция – әділетті, ашық және халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған тарихи құжат», деді депутат.

Сараптамалық баяндамалар, пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында өткен жиында жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде бағаланды.

«Жаңа Конституцияны Egemen Qazaqstan газетінде мұқият оқып шықтым. Конституциялық комиссия мүшесі ретінде халық ұсынған пікірлердің жаңа заңда көрініс тапқаны қуантады. Бұл – демократиялық өрлеудің нақты белгісі», деді Айгүл Сәдуақасова.

Вице-Президентті кім тағайындайды?

Осылайша, ЕҰУ-де өткен сараптамалық тыңдалым жаңа Конституция жобасын қоғамдық деңгейде қолдап-қуаттаудың айқын көрінісіне айналды.

Соңғы жаңалықтар