Тұлға • Бүгін, 08:38

Тау тұлғалы азамат

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеңес заманында Көкше өңірі зиялыларының көшін бастаған белгілі қоғам қайраткері, журналист, жазушы Жанайдар Мусиннің жарқын бейнесі әлі жады­мызда. Ауыр дертке шал­ды­ғып, аурухананың ақ төсегіне таңылған күндерінде де қолынан қаламын түсірмей, 55 жасында жарық жұлдыздай жарқ етіп ағып өтіп еді қайран ағамыз.

Тау тұлғалы азамат

Жанайдар Баймырзаұлы басшылық жасаған кездегі «Көкшетау» газетіне абырой-беделі жағынан тең келер облыстық басылым бері салғанда еліміздің солтүстік аймағында бұрын-соңды болған жоқ. Қазағының қатары онша қалың емес бұрынғы Көкшетау облысына ғана таралған «Көкшетау» газетінің таралымы 16 мың данадан асып жығылғандығы – соның айғағы. Себебі басылым редакциясында кілең мүйізі қарағайдай майталман журналистер тоғысқан болатын. Бірінен-бірі асқан қара сөздің хас шеберлері, бір шоғыр ақын-жазушы жиналған нағыз шығармашылық орта бойында титтей дарын дәні бар кімді болсын қанаттандырмай қоймас еді. Сол бір ғажап шығармашылық ортаны бүгінде біз «Мусиннің мектебі» деп қастерлей атап, сағынышпен еске аламыз.

Шынында да, Жанайдар Баймырза­ұлы – қазақ журналистикасын­да өзін­дік мектебін қалыптастырған тәлімгер-ұстаз еді. Оның төгілте жазған мақа­лалары мен очерктерін тамсана оқып, өзімізге үлгі етіп ұстанатынбыз. Редак­тор ретінде, әсіресе, газетке шыға­тын кез келген материалдың тақыры­бы оқырманды «мені оқы» деп шақы­рып тұратындай, тартымды болуы­на айрықша мән беретін. Ал ол редак­ция­ның дәлізінде ілулі тұрған «қызыл тақ­таға» газетке шыққан жақсы мате­риа­­лы­мызды қойғызса, төбеміз көкке тиген­дей болып, шабыттанып-шал­қып жүретінбіз.

Жәкең облыстық деңгейдегі әртүрлі жиналысқа қатыса жүріп, өзіне  ой салған өзекті мәселелерді қойындәп­­те­ріне түртіп алып, кейін бізге жазатын тақырып пен тапсырманы үйіп-төгіп беруші еді. «Көкшетау» газетінің жария­ланымдары облыстық партия коми­тетінің бюросында қаралып, редак­циямыздың ұйтқы болуының арқасында Көкше өңірінде талай тың бастамалар туын­дап жататын. Соның бірі – Көкшетау қаласында қазақ педагогикалық учили­щесі ашыл­ғандығы. Қазір жоғары қазақ педаго­ги­калық колледжі атанған оқу орнына Жанайдар Мусин есімі берілуінің сыры осында.

Біз Жанайдар ағаның қоғам қайрат­кер­лігімен ұштасқан басшылық тәжіри­бе­сін де көріп, жадымызға түйіп өстік. Ол әріптестеріміздің ешқайсысын бөліп-жармай, бәрін тең ұстауға тырысушы еді. Бір жылы редакцияның басшы қызметкерлерінің біреуі халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің алғашқы баламалы сайлауында жеңіліс тапты. Көп ұзамай қаладағы кейбір сайлау округтерінде ешбір кандидат жеңіске жетпегендіктен, оларда қайта сайлау өткізу ұйғарылды. Осыған орай, қалалық партия комитеті маған бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде редакция басшыларымен келісе отырып, «Көкшетау» газеті редакциясының атынан тағы бір кандидатураны ұсынуды тапсырды. Мен редактордың кабинетіне кіріп, кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі Жабал Ерғалиевті ұсынғым келетінін айттым. Жанайдар аға осындай маңызды мәселелерді талқылауға үнемі қатыс­тырып жүретін, өзімен жастары тетелес бірінші орынбасары мен жауапты хатшыны шақырып алып, олардың пікірлерін сұрады. Екеуінің де сөздері бір жерден шығып: «Бәленшекең сайланбай қалып жатқанда Жабалдың жолы болып, депутаттыққа өтіп кетсе, ыңғайсыз емес пе?..», десті. Мен: «Құрметті ағалар, өсіп келе жатқан жастардың жолын бөгеу дұрыстыққа жата қояр ма екен?!.», дедім. Жанайдар аға сәл ойланып қалды, сосын: «Кәрібайдың сөзінің жаны бар. Жабал ініміз қалалық кеңеске депутат болып сайланса, ол да біздің газетімізге абырой емес пе?», деп, бір-ақ кесті. Осылайша, кейін Парламент Сенатының депутаттығына дейін көтерілген Жабал Ерғалиев ағамыздың қайраткерлік жолы Жанайдар Мусиннің батасымен Көкшетау қалалық кеңесінің депутаты болып сайлануынан басталған еді.

Жәкең Көкше өңіріндегі аудандық газеттердің редакцияларында жұмыс істеп жүрген, талаптары таудай жас журналистерді дер кезінде тап басып танып, облыс орталығына қызметке шақырып, қаладан жайлы үй әперіп, үлкен қамқорлық көрсетті. Олардың өзім білетін, толық емес тізімінде Райхан Сейітова, Қорғанбек Аманжол, Ғосман Төлеғұл, Қайырбай Төреқожа бар. Сол тізімге мен де кірдім.

1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін тәмамдаған соң жолдама бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакциясына жұмысқа орналастым. Үш ай қатардағы тілші болып істегеннен кейін Петропавл қаласынан пәтер түгіл, отбасылық жатақханадан орын алудың өзі де қиын болған соң редакция басшылығы мені Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілші қылып жіберуді ұйғарды. Сөйтіп, үш жарым жыл шалғайдағы ауданның орталығы – Благовещенка ауылында тұрып, журналистік еңбек жолымды жалғастырдым. 1985 жылғы шілде айының соңында Жанайдар Баймырзаұлының өзі Көкшетаудан Благовещенкадағы пәтеріме телефон соғып, Щучье қаласының орталы­ғын­дағы бес қабатты үйдің үшін­ші қабатында үш бөлмелі пәтер менің отбасыммен бірге көшіп келуімді күтіп, бос тұрғанын айтты. «Біз «Ленин туын» ұдайы алдырып, оқып тұра­мыз. Мақалаларың республикалық газет­терде де жарияланып жатыр. Жазуың ұнайды. Сондықтан саған әзірге «Көкшетау» газетінің Щучье ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметін ұсы­намын. Бірер жылдан кейін редак­ция­мыздың бір бөлімінің меңгерушісі қылып жоғарылатамын», деді. Мен өз құлағыма өзім сенбегендей күй кешіп, қуана келісім бердім.

Тез арада отбасыммен бірге Щучье қаласына көшіп келіп, курортты шаһардың орталығында орналасқан бес қабатты жайлы тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерге түсіп, үйреншікті меншікті тілшілік қызметімді атқаруға кірістім. Арада бір жарым жыл өткенде редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Сондықтан да көңілімнің түкпірінде: «Жанайдар аға болмаса, мен сол түкпірдегі Благовещен­ка ауылында қатардағы тілші болып қала берер ме едім, кім білсін?», деген күмәнді ой жатады.

Жанайдар Баймырзаұлы Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сай­ланғаннан кейін де өзі 19 жыл бас­шы­лық еткен ұжымда кінәратсыз шығар­­­машылық ахуалдың сақталуын қада­ғалап отырды.

Ұлы Абайдың «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегеніндей, жас кезімде мен Жанайдар ағадай сөздің майын тамызатын шебер журналист болуды армандайтынмын. Оның қарамағында қызмет істеген бес жылдай уақытым шын мәніндегі екінші университетім, бірегей шығармашылық мектебім болды. Жалғыз мен емес, Жәкеңнің тәлім-тәрбиесін көрген талай танымал журналист өздерінің «Мусиннің мектебінен» өткендерін мақтан тұтады.

Пайымдап қарасам, өмірде қол жеткізген азды-көпті жетістігімнің бәріне Жәкеңнің өзім тәнті болып, еліктеуге тырысқан қайраткерлік қыр­ларының, ақыл-парасатының, адамгер­шілік қасиетінің, биік азаматтық ұстанымының ықпалы тиіпті. Ақан сері бабамыз: «Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол!», деп жырына қосқан Жыланды тауының баурайында дүниеге келіп, тауға қарап өсіп, тау тұлғалы азамат болып шыңдалған Жанайдар аға – мен үшін биіктік пен іріліктің, кеңдік пен кемелділіктің өнегесі. 

Соңғы жаңалықтар