Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
1920 және 1926 жылдары Баку қаласында екі ауқымды съез өткені белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы соның екеуіне де қатысқан. Оның бірі 1920 жылғы 1-8 қыркүйек аралығындағы Шығыс халықтарының І съезі болса, екіншісі – 1926 жылғы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында өткен Бүкілодақтық І түркітанушылар съезі.
Бакудегі Шығыс халықтарының жиынына аттанар алдында Ахмет Орынбордан алдымен Астраханға барған. Себебі 1920 жылғы 1 қыркүйек күні Астрахан қаласында Еділ-Каспий бойын жайлаған халықтардың ІІ съезі өткен. Мәскеу қаласынан жарыққа шыққан «Коммунистический труд» газетінің 1920 жылғы №139 санында жарияланған «Съезд делегатов Волжско-Каспийской Киргизии» деген хабардағы мәліметтерге қарағанда осы алқалы жиынға Ахмет Байтұрсынұлы да қатысқан.
Бұл жайында газетте: «Астрахан, 2-ІХ. Кеше Еділ-Каспий қырғыздары (қазақтары) делегаттарының II съезі ашылды. Съездің құрметті төрағалары ретінде Ленин, Троцкий, Сталин, сондай-ақ Зиновьев, Нариманов, Сұлтанғалиев және Ахмет Байтұрсынов жолдастар сайланды. Съезд Бакудегі Шығыс халықтарының I конференциясының төралқасына жеделхат жолдап, конференция шешімдерін іс жүзінде жүзеге асыруға көмек көрсететінін мәлімдеді. Осы мақсатта съезд жер-жердегі барлық қырғыз (қазақ) халқын Баку конференциясының Шығыс халықтарын империалистік Еуропаның тағылық езгісінен тезірек азат ету үдерісіндегі маңызы жөнінде хабардар ету туралы қаулы қабылдады.
Шығыстағы азаттық қозғалысының табысы оңтүстікте Врангельге және ақ Польшаға қарсы кеңестік Ресейдің толық жеңісімен тығыз байланысты екенін мойындай отырып, съезд Врангель мен Польша майдандарын толық жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыруға барынша белсенді қатысуға уәде берді. Съезде қырғыз (қазақ) халқына арнап ана тілінде үндеу жарияланып, онда қазіргі болып жатқан оқиғалардың жай-жапсары түсіндірілді», деп жазылған. Осы қысқа ғана хабардан бірнеше мәлімет алуға болады.
Біріншіден, Астрахан қаласында қазақтар да қатысқан Еділ-Каспий халықтарының II съезі болғанын біліп отырмыз. Демек бұған дейін өңір жұртының I съезі өткен. Ол уақытта «киргиз» атауы қазақтарға қатысты қолданылғаны айтпаса да түсінікті. Съезд саяси сипат алған, яғни кеңестік билікке адал аймақтық элитаны ұйымдастыру мақсаты көзделген.
Екіншіден, съездің құрметті төрағалары ретінде Ленин, Троцкий, Сталин сайланғаны туралы мәлімет алдық. Ол уақытта мұндай съездердің құрметті төрағалары рәміздік түрде сайланатын. Құрметті төрағалар жиынға арнаулы қатысып, жұмысына жетекшілік етпесе де, оларға осындай ерекше сый-құрмет көрсетілетін.
Үшіншіден, хабарда съезд мәжілістерінің төрағасы болып Зиновьев, Нариманов, Сұлтанғалиев, Байтұрсынұлы сайланғаны жазылған. Яғни төртеуі аталған съезге жетекшілік еткен. Мәлімет ретінде айта кетейік, бұл кезде Григорий Зиновьев – Коминтерн Атқару комитетінің төрағасы, Мирсаид Сұлтанғалиев Шығыс халықтары коммунистік ұйымдары Орталық бюросының төрағасы қызметін атқаратын. Ал Нариман Нариманов – Әзербайжан КСР-і Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ АКСР-інің Халық ағарту комиссары еді.
Төртіншіден, Астрахандағы съезде Бакуде өтетін Шығыс халықтарының І съезі төралқасына жеделхат жолданып, Шығыс халықтарын «империалистік Еуропаның тағылығынан» азат ету идеясы көтерілген. Бұл уақытта Ресейде азаматтық соғыс әлі де өршіп тұрған болатын. Ресейдің өз ішінде Врангель бас көтеріп билікке таласса, екінші жағынан Польшамен текетірес тоқтай қоймады. Міне, осындай қиын шақта большевиктер билігі Шығыс халықтарының соларды қолдап кетуінен қатты қауіптенді.
Астрахандағы съезден кейін Григорий Зиновьев, Нариман Нариманов, Мирсаид Сұлтанғалиев, Ахмет Байтұрсынұлы Бакудегі Шығыс халықтарының съезіне аттанды. Онда Шығыс халықтарының съезінде бас көтеріп жатқан буржуазиялық топтардың бұғауына түспеу, сондай-ақ Ислам дінін коммунистік идеямен қабыстыру мәселелері көтерілді. Соған қарағанда Астрахандағы жиын Баку құрылтайының бастауы болғанға ұқсайды.