Саясат • Бүгін, 08:10

Міндет мінсіз орындалса игі

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалу барысын талқылау мақсатында арнайы кеңес өткізді. Жиында Президент тапсырмаларын іске асырудың нақты тетіктері, мерзімдері әрі жауапты органдар айқындалды.

Міндет мінсіз орындалса игі

«Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызына арнайы тоқталды. Ұсынылып отырған өзгерістер­дің ауқымы кең, маңызы зор. Ең бастысы – талқылау үдерісі ашық өтті, мұндай тәжірибе еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. Президент атап өткендей, жаңа Конституцияда «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат айқын көрініс тапты. Конституциялық рефор­ма­ның негізгі мақсаты – саяси жаңғырумен қатар экономика­ның сапалы өсімін қамтамасыз ету. Яғни бірінші кезекте халық­тың табысы мен әл-ауқатын арт­тыруға басымдық берілуі керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», деді отырысты ашқан Үкімет басшысы.

Ал Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, табыстың өсуі, инфля­цияны төмендету мен нақты сек­тор­ды қолдауға басымдық бері­­леді. Ұлттық банкпен бірле­сіп, инф­л­я­ция деңгейін 9–11%-ға де­йін төмендету туралы жос­­пар әзір­ле­нетіні айтылды. 1 ма­мырға де­йін Халық табысын арт­тыру­дың 2026–2029 жыл­дарға арналған бағдарламасы қабыл­данады. Сондай-ақ бизнесті мемлекет­тік қолдау шараларын EGov Business платформасында «бір терезе» қағидаты арқылы дамыту жалғасады.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бірқатар негізгі цифрлық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Keden және Қаржы министрлігінің салықтық әкімшілендіру платформалары, су тасқынын болжауға арнал­­ған Tasqyn жүйесі, автожол сала­сындағы eJoldar, тасымалдау бағы­­тын­дағы Smart Cargo және өзге де салалық цифрлық шешім­дер таныс­­тырылды. Сонымен қатар «Әлеу­меттік әмиян» мен үй шаруа­­шылықтарының цифрлық профиль­дерін дамыту жұмыс­тары жалға­сып жатқаны айтылды. Алдағы кезеңде мемлекеттік ор­ган­­дардың тиімділігін арттыру мақ­сатында ақпараттық жүйе­лерді бірыңғай QazTech платфор­масына көшіру, киберқауіп­сіздікті күшейту, салалық Data Lake жүйе­лері мен жасанды интеллект агенттерін қалыптастыру жоспарланып отыр.

«Самұрық-Қазына» қоры­ның басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сөзіне сүйенсек, 2026–2030 жылдары 27 млрд доллардан астам тікелей шетел­дік инвестиция тарту көз­дел­ген. Сонымен қатар цифр­лан­дырудың нәтиже­лері, оның ішінде 5 жыл ішінде жиынтық экономикалық әсері 1,3 млрд долларды құрай­тын жасанды интеллект жоба­ларын енгізу мәселесі сөз болды. Премьер-министр Қор құры­лы­мын одан әрі жетілдіруді, қажет болған жағ­дайда жекелеген компания­ларды біріктіру арқылы транс­формациялау шараларын қарас­­тыруды тапсырды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бірінші жартыжылдықта Тауарлардың ұлттық каталогін іске қосу жоспарланып отыр. Салықтық, кедендік әкім­шілендіруді цифрлық фор­матқа көшіру жедел жүріп жатыр. Тиімсіз шығыстарды қысқар­ту мақсатында бюджеттік бағдар­ламаларға ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ бюджет қаражатының қадағалануы үшін цифрлық тең­гені қолдану аясы кеңейтіледі.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келтірген дерекке сүйенсек, 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Соны­мен қатар көмір генерациясын дамыту ту­ралы ұлттық жоба дайын­­да­лып, қоғамдық талқы­лау­ға шыға­рылды, еліміздің энер­ге­тика­лық негі­зін нығайту бағы­тын­да жұмыстар жүргізіледі. Мұнай өңдеу және мұнай-газ хи­мия­сы саласы бо­йынша Прези­дент тапсырмасына сәйкес, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыт­тары­ның қуатын кеңейту жобалары белгіленіп, жаңа МӨЗ салу мәсе­лесіне де назар аударылды. 2029 жыл­ға дейін ірі мұнай-газ химия­сы бойынша бірқатар жобаны іске қосу жоспарланып отыр, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі ту­ра­лы» заң жобасы әзірленіп жатыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, отандық тауар өн­ді­ру­шілердің тізілімінде 5,6 мың компания тіркелген. АЭА қызметін кезең-кезеңмен трансформациялау жоспарланған. Бүгінде АЭА-да өңдеу өнеркә­сібі бойынша 4,4 трлн теңгеге 555 жоба жүзеге асырылды, 33 мың­нан астам тұрақ­ты жұмыс орны ашылды. Өнер­кәсіп саласында терең өңдеуге басымдық беріледі. Шикізатты сыртқа шығаруды реттеу және жоғары қайта бөлінген өнім өндіруді ынталандыру тетік­тері қарастырылып отыр. Соны­мен қатар маңызды минералдар саласын дамыту стратегия­сы әзірленіп жатыр. Геологиялық барлау бағытында алдағы 3 жыл ішінде қаржыландыру көлемін кейінгі 30 жылда тартылған инвестиция деңгейіне жеткізу жос­парда бар.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаров 2026–2030 жыл­дарға арналған мал ша­руа­шылығын дамыту тура­лы кешенді жоспарды іске асыруға әрі саланы жеңілдетіл­ген қар­жыландыру аясын ке­ңей­туге басымдық бері­ле­тіні ту­ралы баяндады. Ветери­нар­­лық қауіпсіздікті күшей­ту мен бақылаудың цифр­лық құрал­дарын енгізу міндет­тері бөлек айқындалған. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсі­бінде 2026 жылдан бастап инвес­ти­циялық субсидия­лар ұлғайты­лып, қосылған құн салығы төмен­детіледі. Сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеуге бағытталған жаңа жобаларды іске қосу үшін қосымша ынталандыру шаралары енгізіледі.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласын қаржыландыру тетік­терін жетілдіру туралы ұсыныс­тарын таныстырды. Президент тапсырмаларын орындау шең­берін­де жекеменшік мектеп­терді қаржыландыру өңір­лік қажеттілікке сәйкес басым жоба­ларға бағытталады. Олардың мемлекеттік стандарттарға сәй­кестігін бақылау күшейтіледі. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру тетігінің нәтижелері де ұсынылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл жүйе 25,7 млрд теңге үнем­деуге мүмкіндік берген. Ал­дағы кезеңде аталған тетік кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, қазір Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасы негізінде әлеумет­тік қызметтерді толық цифр­ландыру мен қолдау тетік­терін проактивті форматқа көші­ру үшін деректерді дайындау жұмыс­тары жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар еңбек нарығын жаңарту міндеті қойылды. Мем­ле­кеттік-жекешелік әріптестік аясында Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бірыңғай мем­лекеттік медициналық ақпа­рат­тық жүйенің құрылғанын хабар­лады. Бұл жүйе денсаулық сақтау са­ласындағы барлық ІТ шешім­дерді біріктіріп, қызмет көрсету үдерістерінің ашықты­ғына бағытталған. Аталған жүйе мен денсаулық сақтау порталы 2026 жылғы 1 желтоқсанда іске қосы­лады. Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сала­сында «Әлеуметтік әмиян» тетігі кеңі­нен қолданылып келеді. 2025 жылы осы жүйе арқылы 13,8 млн-нан астам рецепт берілген, бұл жалпы көлемнің 82%-ын құрайды.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, 2026 жылы транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген, бұл 65%-дық өсімді білдіреді. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жоспарланған. Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен шекара­­лық инфрақұрылымды үйлес­тіру жұмыстары жалғасып жатыр. «ҚТЖ» жол картасы мен жаңа тарифтік саясат бекітіл­ді. Автожол саласында Қызыл­орда, Сарыағаш және Рудный қала­ларында 3 айналма жолдың құры­лысы басталады, 33 өткізу пункті жаңғырты­лып жатыр. Жасанды интел­лект шешімдерін енгізу аясында Smart Cargo платформасын мемле­кет­тік және салалық сервис­тер­мен ықпалдастыру жалғасады. 2027 жылға дейін Біртұтас ин­тел­лек­туалды көлік экожү­йе­сін қалыптастыру жоспарланған.

Жиын қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент белгілеген бар­­лық міндеттер халық пен бизнеске нақты нәтиже беруге тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, қабылданған шешімдер қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет. Осыған байланысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.

«Көріп отырғанымыздай, алды­мызда тұрған мақсат-міндет­тердің ауқымы өте үлкен. Мем­лекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», деп қорытындылады Үкімет басшысы. 

Соңғы жаңалықтар

«Ақылды» транзиттің мүмкіндігі

Экономика • Бүгін, 08:55

Иманқара үңгірінің құпиясы

Таным • Бүгін, 08:43

Қос нысанның қадасы қағылды

Аймақтар • Бүгін, 08:40