Іс-шараны ашқан М.Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың стратегиялық маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені терең жаңғыртуға қатысты сұранысының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
«Конституциялық реформа – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең және жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасының негізі заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарына, сондай-ақ табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарау мен орнықты даму бағдарына табан тірейді. Бұл – бекітілген нақты конституциялық нормалар арқылы Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың айқын көрінісі», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы Конституция жобасы мәні жағынан еліміздің даму философиясын жаңғыртып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат екенін айтты. Ол құжатты қоғамдық талқылаудың деңгейі ауқымды екенін және Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.
«Комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатыр. Оған азаматтардан көптеген өтініш-ұсыныс келіп түсті. Іс жүзінде жаңа Конституция кең ауқымды қоғамдық талқылау барысында қалыптаспақ. Бұл дөңгелек үстел – осы ауқымды әрі жауапты диалогтің бір бөлігі. Алдағы кезеңде Конституцияда айқындалған құндылықтар мен идеяларды нақты тетіктерге, болашақ заңдар мен құқық қолдану тәжірибесіне көшірудің маңызы зор», деді Сенат төрағасы.
Іс-шара барысында өзге де қатысушылар сөз алып, реформаға орай ой-пікірлерін ортаға салды. Ғылым және инновация саласы бойынша сарапшы Жанерке Қайратқызының айтуынша, қазір инновация мен ғылым кез келген мемлекеттің дамуы үшін шешуші маңызға ие.
«Инновация – шығармашылық үдеріс, ол ой еркіндігімен тікелей байланысты. Қазіргі әлем табиғи ресурстардан гөрі ғылымға негізделген білім экономикасына бет бұрып жатыр. Осы жаһандық үрдістен қалмау үшін инновация мен ғылыми дамуды жаңа Конституцияда қоғамды бағыттайтын басты құндылықтың бірі ретінде бекіту маңызды», деді ол.
Ал білім саласы бойынша сарапшы Мәдина Тыныбаева жаңа Ата заң жобасының жасалуы еліміздің экономиканың шикізаттық моделінен ғылымға, білім мен инновацияға негізделген экономикаға бет бұруын білдіретінін айтты.
«Конституцияның жаңа жобасы интеллектуалдық әлеует ұғымын экономиканың негізі ретінде айқындайды. Менің ойымша, бұл ғылыми жаңалықты жеке меншік секілді қатаң түрде қорғайтын құқықтық режімді қалыптастыруға негіз қалайды. Еліміз мұны Конституцияда бекіте отырып, әлемге біз үшін интеллект ең жоғары құндылық екені жайында үн тастап отыр», деді ол.
Сонымен қатар сарапшы ұсынылып отырған өзгерістер ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға негіз қалап, интеллектуалдық меншіктің қорғалуын күшейтетінін, сондай-ақ технологиялық даму қарқынын арттыруға берік құқықтық база қалыптастыратынын атап өтті.
Дөңгелек үстел басында «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева бұл реформалар еліміздің жинақталған тәжірибесіне негізделіп отырғанын, сондай-ақ институционалды даму жолымыздың заңды жалғасы саналатынын айтты.
«Қолданыстағы Конституция тәуелсіздік алған уақытта қабылданғандықтан, енді ғана құрылған дербес мемлекеттің бағдары мен құндылықтарын көрсететін. Ал жаңа жоба қалыптасқан, кемелденген мемлекеттің тәжірибесі негізінде дайындалды», деп атап өтті ол.
М.Нұрғалиев өз сөзінде Конституцияда бекітілген Халық кеңесі институтына да тоқталып, оның әділ қоғам құру жолындағы қоғамдық диалогтің жаңа формасы болатынын айтты.
«Халықаралық бағдарламалар» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсмановтың айтуынша, Ата заң жобасында білім мен адам капиталының мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілуі мемлекеттік органдар үшін білім беру саласын әлеуметтік сектор ғана емес, дамуға серпін беретін экономиканың дербес саласы ретінде қарауға негіз болады.
«Бүгінде білім мен инновациялар – ІЖӨ-нің 5-6%-ын құрайды. Бұл өз алдына дербес сала бола отырып, коммерциялануы керек. Мұны тек трансферттер мен мемлекеттік қаржыландыру емес, бизнес тарапынан болатын қайтарым ретінде де қараған дұрыс», деді ол.
Еңбек қатынастары, стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар жөніндегі сарапшы, «Qarmet» басқарушы директоры Ербол Исмаилов өз сөзінде негізгі заңның жаңа жобасы адамға бағытталған қағидатымен ерекшеленетінін, онсыз экономиканың да, мемлекеттің де тұрақты дамуы мүмкін емес екенін тілге тиек етті.
«Конституция – бір саяси циклге арналған құжат емес. Ең алдымен ол – біздің келешегіміз, балаларымыз алдындағы міндеттемеміз: оларға түсінікті ережелері, тұрақты институттары мен адамға деген құрметі бар елді қалдыруымыз керек. Жаңа Ата заңды қолдау – эмоция да, канъюнктура да емес, бұл – адами құндылық, қоғамдық келісім мен болашақ үшін жауапкершілікті таңдау», деді сарапшы.
«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақованың айтуынша, жаңа жоба ұзақмерзімді сарапшылық жұмыстың нәтижесі әрі бұл фрагменттік түзетулерден тұтас конституциялық мәтінге бет бұрғанымызды көрсетеді.
«Жаңа Конституцияны жасау идеясы бұған дейін де сарапшылар ортасында, соның ішінде Сенат жанындағы Сарапшылар клубы өкілдерінің қатысуымен бірге көтерілген. Оған себеп болған жайттың бірі – фрагменттік түзету тәжірибесінің ескіруі. Сондықтан біз тұтастай конституциялық мәтінге өту жайында әңгіме қылып отырмыз. Бұл ел дамуына жаңа серпін береді», деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, негізгі заңда бірлік, әділдік, заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік пен білімге деген құрмет қағидаттарының бекітілуі мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін берік негіз қалайды.
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығының» басқарма төрағасы Елдос Абақанов өз сөзінде жаңа Конституция экологияға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетінін атап өтті.
«Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде орнықты дамуды қамтамасыз етуге тиіс. Пайдалы қазбалар экономикалық өсімнің маңызды факторы болып отыр, алайда басым міндет – оларды қайта өңдеу арқылы қосылған құнды арттыру. Қазір жаңа Конституция аясында бұл қағидаттар кеңейтіліп жатыр. Мемлекет экологиялық және экономикалық қауіпсіздікті қатар қамтамасыз етеді, ал азаматтар табиғатты қорғау ісіне белсенді қатыса алады», деді сарапшы.
Оның пікірінше, жаңа Конституцияда бекітілген экологиялық нормалар табиғи ресурстарды болашақ ұрпаққа аманат етуге және елдің орнықты дамуына бағытталған.
Бұған қоса жиында Сенат төрағасының орынбасарлары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшелері Жақып Асанов пен Ольга Перепечина, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызды екенін айтып, алдағы уақытта сындарлы диалогті жалғастыруға дайын екенін білдірді.